«Қазақстандықтардың сауығу динамикасы жақсы» – Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі көпсалалы медицина орталығының директоры Мұхтар Төлеутаев
«Қазақстандықтардың сауығу динамикасы жақсы» – Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі көпсалалы медицина орталығының директоры Мұхтар Төлеутаев
286
оқылды
Коронавируспен күрес – қару­сыз майдан десек болады. Елі­мізде осы індет пайда бол­ғалы бері алдыңғы шепте дәрі­герлер жүр. Күні-түні нау­қастарды бақылап, емдеп жүрген ақ ха­латты абзал жандар тіп­ті үйлеріне де ба­р-майды. Өз өмі­рін қа­терге тігіп, «тәж та­жалмен» ар­­па­лысып, алы­сып жүр. Еліміз­де күн санап COVID-19 дертін жұқтырғ­ан­дар саны өсіп келеді. Деген­мен қауіп­ті саналғанымен, бұл індетпен күресудің тәсілі бар. Одан жазылып жатқандар да көп. Бүгінгі таңда елімізде 2 000-ға жуық адам вирус жұқтырған болса, олардың 447-і жазылып шықты. Осы орайда, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі көпсалалы медицина орталығының директоры Мұхтар Төлеутаевты еліміздегі коронавирус індетіне қарсы жүргізіліп жатқан жұмысқа қатысты сөзге тартқан едік. – Коронавирустан қалай қор­ғану керек? – COVID-19 ең алдымен ауа арқылы жұғады. Сондықтан қазір елімізде енгізілген төтенше жағдай талабын барынша сақтау керек. Үйден шықпай, туған-туыс, дос-жаранмен араласқанды тоқтату қажет. Азық-түлік алу үшін дүкенге, дәріханаға барғанда, бет­перде киіп жүрген дұрыс. Егер түшкіріп, ауырып тұрған адам көрсеңіз, одан бойыңызды айлақ ұстаңыз. Жеке бастың тазалығын сақтаңыз. Даладан келген бойда қол жуып, антисептик қолдану керек. Үйді дезинфекция құра­лымен тазалап, терезені ашып желдетіп отыру маңызды. Сондай-ақ дұрыс тамақтанып, ұйқыны қандыру қажет. – COVID-19 басты бел­гісі қан­дай, басқа жұқпалы инфек­циядан ерекшелігі неде? – Аурудың алғашқы бел­гілері – мұрынның бітелуі, та­мақ ауыру және құрғақ жөтел. Кейінгі сатысында дене қызуы көтеріліп, тыныс алу қиындайды. Коронавирус пен тұмаудың алғашқы белгілері ұқсас келеді. Тұмау кезінде адам бірнеше күн­нен кейін өзін жақсы сезіне бастайды, ал коронавируста ке­рісінше, күн өткен сайын жағ­дайы нашарлай береді. Бұл екеуін­де де әлсіздік байқалады, ем­делуші көбіне жата бергісі келеді. Бір қарағанда, бұл екі ауру симптомы бірдей және оларды ажырату мүмкін емес сияқты көрінеді. Коронавирус кезінде демікпе байқалады. Дегенмен тұмау мен коронавирустың ал­ғашқы сатыларында олардың еш айырмашылығы жоқ. Корона­вирустың басқа ЖРВИ-лерден айырмашылығы тыныс алуды қиындататын екіжақты вирустық, вирустық-бактериалдық пнев­мония пайда болады. Яғни, вирус өкпені зақымдайды. Науқас өз­дігінен тыныс ала алмай қалуы мүмкін, ондай жағдайда ол жа­сан­ды тыныс алу аппаратына қосылады. – Қазір дәрігерлер күні-түні үйге бармай, науқастарды емдеп жатыр. Нәтижесі қандай? – Коронавирусқа шалдыққан науқастарды Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымының хат­тамасына сәйкес дәрі-дәрмекпен емдеп жатырмыз. Науқастарды жағдайына қарай емдейміз. Бұл ауру жеңіл, орташа, ауыр деңгейде өтеді. Жеңіл өткен жағдайда ем-дом қолданбаймыз. Жағдайын бақылап отырамыз. Тек орташа, ауыр жағдайда емдейміз. Халі ауыр науқастар өзі тыныс ала ал­май қиналатындықтан, жасанды тыныс алу аппаратына қосылады. Жалпы, қазақстандықтардың сауығу динамикасы жақсы деп айтуға болады. Бүгінгі таңда 447 адам емделіп шықты. Пациенттер емдеу стацио­нарынан шыққан соң 14 күн бойы учаскелік дәрігердің бақылауында болады. Үйінде бетперде киіп, отбасы мүшелерінен оқшауланып, жеке бөлмеде жатады. Жеке та­мақтанады, жеке тазалық тала­бын сақтауға міндеттеледі. Бейне­ба­қылау арқылы дәрігер хабар­ласып, науқастың хал-жағдайын бақылап отырады. Әзірге емдеу мекемесіне қайтып оралған адам жоқ. – Коронавирусты адамның өз иммунитеті жеңе ала ма? – Әрине, адам ағзасының вирусқа қарсы күші рөл ойнайды. Дегенмен қауіпсіздік шарасын сақтамаса, коронавирус кез кел­ген адамға жұғуы мүмкін. Дұ­рысы әр адам уақытылы тамақ­­та­нып, ұйқысын қандыруы керек. Дәруменге бай, толық та­мақ­тану режимін ұстанған жөн. Құрамында ақуызы бар та­мақты көбірек жеу керек. Ақуыз қор­ғаныс антиденелерін түзетін материал. Ол алдымен етте көп болады. Көкөніс, бал, еттен артық иммунитет көтеретін ештеңе жоқ. Адамның ағзасы сыртқы микробқа қарсы тұру үшін қалыптасқан. – Коронавирустан емделіп шыққан адамдарда вирус сақталады деп жатыр ғалымдар. Осы жөнінде не айтасыз... – Иә, ғалымдар әртүрлі бол­жам айтып жатыр. Бірақ нақты дәлел жоқ. Сондықтан ол жөнінде басып айтарлық мәлімет беру қиын. – Қазақстанда коронавирустан бүгінгі таңда 19 адам қайтыс бол­ды. Бұл індет қандай адамдарға көбірек жұғады? – Өкінішке қарай, ондай оқиға орын алды. Десек те, қан­ша қауіпті дегенмен бұл ауру бай­­балам саларлықтай үрейлі емес. 60 жастан асқан адамдарға жұқса, емдеп, жазу қиынырақ. Өйткені ауруға қарсы тұратын қариялардың иммундық жүйесі нашар келеді. Сондықтан елімізде қарияларға далаға шығуға шектеу енгізілген. Жалпы, тыныс алудың созыл­малы ауруына, жүрек-қан тамыры, қант диабетіне, семіздікке шал­дыққан адамдарға жұқса, емдеу қиын болады. Осындай тәуекел тобына жататын адамдар барлық қауіпсіздік талабын сақтап, коро­навирусты жұқтырып алмауға тырысуы қажет. – Ішімдік ішетін адамдар спирт вирустан қорғайды деген пікірде көрінеді. Бұл қаншалықты дұрыс? – Қазір адамдар сенгіш, аңқау. Кім не айтса, соған ереді. Кейбіреулер жалған ақпарат таратып, саудасын жүргізуді көздейді. Иммунитетті арақ-ша­раппен көтеру деген бос сөз. Ішімдіктің инфекциямен күресте еш пайдасы жоқ. Ол керісінше иммунитетті әлсіретеді, шектен тыс ішімдік ішу бауырды зақым­дайды. – Коронавирустан қайтыс болған адамдарды жерлеуге қа­тысты бас санитардың қаулысы шықты. Онда мәйітті туыстарына бермейді, онымен қоштасуға 1 сағаттан артық уақыт берілмейді делінген. Қайтыс болған адамда коронавирус инфекциясы сақтала ма? – Коронавирус марқұмның ағзасында 10 күн сақталады. Сондықтан Қазақстанда коро­навирус инфекциясынан қайтыс болған адамды жерлеу алгоритмі жасалды. Соған сәйкес, марқұммен қоштасуға жақын туыстарына ғана рұқсат етіледі. Оның өзінде марқұм мен туыстарының арасы 3 метрден жақын болмауы керек. Қоштасуға 1 сағат уақыт беріледі. Қаулыға сәйкес, жерлеу рәсімі санитарлық-эпидемиялық қызмет мамандарының бақылауымен және жергілікті атқарушы орган­ның қатысуымен өтеді. Жерлеу кезінде эпидемияға қарсы барлық шара қатаң сақталады. – Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан Рая МІНАП