Ұлы Отан соғысы ардагерлері 1 миллион теңгеден алды
Ұлы Отан соғысы ардагерлері 1 миллион теңгеден алды
797
оқылды
Қарағанды облысында Ұлы Отан соғысының арда­гер­леріне мате­риалдық көмек беру үшін бюджеттен 757 миллион теңге бөлінді. Мереке қарсаңында Екінші дүниежүзілік соғысқа қа­тыс­қандар мен мүгедек­терге 1 миллион теңгеден берілді. Сондай-ақ тыл ең­беккерлері, Ленинград­та қоршауда болғандар, конц­­лагерь тұтқындары және Ұлы Отан соғысы ар­да­­­герлеріне теңес­тіріл­ген азаматтардың басқа да са­нат­­тарына ақшалай кө­мек берілді. Ұлы Отан соғысының 75 жыл­дығына арналған бір жолғы мате­риалдық көмек тағайын­дау­ды Қарағанды облысы Қазақ­стан­­ның басқа өңірлерімен са­­лыс­­тырғанда ерте бастады. Қа­зір аймақта 67 ардагер болса, оның 55-і – Ұлы Отан соғы­сы­на қатысқандар, 12-сі – со­ғыс мүгедектері. Жеңістің 75 жыл­­дығы қарсаңында Ұлы Отан со­ғы­сы ардагерлеріне 1 млн теңге көле­мінде бір реттік материалдық көмек беріліп, есеп шоттарына ау­дарылды, кейбірінің үйлеріне жеткізілді. Бұл көмектің жалпы сомасы – 67 млн теңге. Сондай-ақ концлагерь тұт­қындары, Ленинград қор­шауын­да болғандар, тыл еңбеккерлері, майданнан қайтпағандардың от­ба­сылары, Ауғанстан жерін­дегі әскери іс-қимылға және Черно­быль АЭС апатының салдарын жоюға қатысқандар да назардан тыс қалмады. Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілгендер – концлагерь тұтқындары, Ленин­град қоршауында болғандар, май­данға өз еркімен барған арда­гер­лер 200 мың теңгеден алды. Бұл санаттағы ардагерлер саны – 101 адам. Бұдан бөлек, тыл ең­бек­керлері мен майданнан қайт­­па­ған­дардың отбасыларына 50 мың теңге көлемінде мате­риал­дық көмек көрсетілді. Ауғанстанда әскери борышын өтегендер мен Чернобыль апа­ты салдарын жоюға қатыс­қан тұл­ғаларға да сый-құрмет жасалды. Бұл орайда, олардың әрқай­сы­сына 100 мың теңгеден берілді. Мұның сыртында, биыл­ғы ақпан айында Кеңес әске­рінің Ауған жерінен шыға­рыл­ғанына 31 жыл толғанына орай, облыстың қала, аудандарындағы 902 ауғандық арда­герге материалдық көмек ре­тінде 100 мың теңгеден тапсы­рылған-ды. Ұлы Отан соғысының 75 жыл­ды­ғын мерекелеу барысында ард­а­герлерге жасалған төлемнің жал­пы сомасы – 757,4 млн теңге. Аймақ басшысы Жеңіс Қа­сым­­бек жыл өткен сайын ар­да­гер­лер қатары сиреп бара жат­қанын, Жеңісті жақын­дат­қан­дарды ұмытуға хақымыз жоқ екенін айрықша атады. Өкінішке қарай, жыл сайын елді фашистік басқыншылардан азат еткен ардагерлердің қатары сиреп барады. Сонымен бірге, ел игілігі үшін бел жазбай еңбек ет­кен­дерді, өзінің интерна­цио­нал­дық парызын өтеген жер­лес­терімізді де ұмытуға тиіс емес­­піз. Осы ардагерлердің бар­ша­сы қамқорлық пен риясыз ықы­ла­сы­мызды толықтай сезінуі үшін бар мүмкіндікті жасау – біздің міндетіміз, – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек. Сонымен қатар Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында қара­ған­дылық солдаттың сүйегі еліне оралады. Екінші дүниежүзілік соғыс қаншама отбасын қара жа­мыл­тып, жалғызы мен жам­позы­нан айырды. Қаншама аза­матқа туған жерден топырақ бұйыр­мады. Жеңістің мерекелік мерейтойы қарағандылық отб­а­сы­ға күтпеген қуаныш сыйлады. Облыс орталығына Ресейден жеткен хабарға қарағанда іздес­ті­ру қызметкерлері Смоленск об­лысында 1942 жылы ұрыс ке­зін­де қаза тапқан сарбаздың сүйегін тауыпты. Мойнындағы медальонда қаза болған жауын­гер­дің аты-жөні жазылған. Сұра­­­пыл соғыста жер жастанған солдат Қарағанды облысы Шет ауданының Жастерек ауылынан майданға шақырылған Медет Аманжолов екені анықталды. Көп ұзамай солдаттың туыстары табыл­ды. Аманжоловтар әулеті ауданында тұрады. Жат жерде көз жұмған сарбаздың сүйегін ұрпақтары елге әкеп жерлемек. – Қызыл әскер қатарында бар­­лаушы болған майдангердің мүр­десін тауып, Қазақстанға іздеу салушы – Ресей жастарының «Тризна» атты іздестіру бірлестігі. Бірлестіктің басшысы Кирилл Долинский майдангердің сүйегін тапқан бойда Мәскеудегі Қазақ диаспорасының жетекшісі Полат Жамаловқа ресми хат жолдаған да, онысы осы Полат Өнерұлынан өтіп, әлеуметтік желілер арқылы күллі Қазақстанды шарлап жү­ріп, екі-үш күн ішінде бізге жет­ті. Ресей іздестіру ұйымы­ның мә­лім­деуінше, Медет Аман­жо­ловтың сүйегін Максим Федоров атты азамат окоптан тауыпты, – дейді Медет Аманжоловтың не­мересі Арман. Мәліметтер майдангердің сүйегімен бірге шыққан. Соғыс кезінде сарбаздар винтовка оғының ішін алып тастап, оған бар­лау­шының аты-жөні, туған жылы мен жері жазылған тіл­дей қағаз салынып, тығынын бұ­рап, киімінің бір жеріне тігіп жібереді. Осы дерек еріктілердің қолы­на түскен. Енді сарбаздың ұрпақтары оның сүйегін туған өлке­сіне әкеліп, жер қойнына тап­сыруды көздеп отыр. Жауынгердің туған-туыс­та­рына қаза медальоны мен құжат­тары берілді. Олар Қазақ­стан­дағы Ресей елшілігі­мен сарбаздың сүйегін қайтару жолдарын талқы­лады. Коронавирус қаупі азайып, карантин мен ТЖ режимі аяқтал­ғаннан кейін осыған кіріс­пек. Медет Аманжолов майданға 24 жасында аттаныпы. Ұлы Отан соғысы басталған бетте ұрысқа кір­ген. Майдан даласынан аға­йын-туысқа үшбұрышты кон­верт­пен хаттар жазып, амандық-саулығын білдіріп оырған. 1942 жылы жақындарына солдаттың ұрыс даласында мерт болғаны туралы қара қағаз келген. Қызыл әскер сарбазы шайқас кезінде 1942 жылдың 4 қазанында Смоленск облысының Алексеевка ауылына жақын жерде қаза тапқан. 80 жыл өткен соң Қазақ сол­даты Отанына оралмақ. Қызыл әскер жауынгерінің сүйегі Шет ауданының Ағадыр кентіндегі зи­ратқа әскери қошеметпен жер­ле­нетін болады. Тарихи деректерге сүйенсек, Екінші дүниежүзілік соғысқа Қарағанды облысынан барлығы 45 мың адам аттанып, соның 18 мыңы майдан даласында шейіт болған. Отан қорғаушылар сапы­на тұрған қарағандылықтар ара­сынан 18 адам Кеңес Одағы­ның Батыры атағын иеленді. 3 адам Даңқ орденінің үш дәрежесіне бірдей тағайындалған. Фашизмге қарсы күресте көрсеткен ба­тыр­­лығы мен ерлігі үшін 6 587 қара­ғандылық Кеңес Одағы­ның ор­ден­дерімен және медаль­дары­мен марапатталды.  

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы