Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған #BizBirgemiz республикалық акциясы нақ қызған шағында. Павлодарлықтар да бұл акцияға белсенді түрде атсалысып, өз үлесін қосып жатыр.
Қазіргі кезде өңір жастарынан құрылған еріктілер жасағы, филиал жұмыскерлері Еуропа елдерінің тәжірибесіне сүйеніп, қайырымдылық шарасын байланыссыз таратуды бастады. Олар іс-шара барысында азық-түлік кәрзеңкесі мен бетпердені жедел әрі ұйымдасқан түрде есіктен-есікке жеткізуде.
Әлеуметтік көмекке Павлодар қаласының тұрғыны, зейнеткер Марғуаш Әбдіғалимова да ие болды. 5 баланың анасы бүгінде отбасындағы мүмкіндігі шектеулі 3 адамға қамқорлық танытып отыр. Ол сөз арасында елімізде жасалып жатқан қайырымды іс-шарадан хабардар екенін айтты.
– Теледидардан жаңалықтарды үзбей көремін. Соның арқасында барлық ақпараттан хабардар болып отырамын. Ауру балаларым бар, сондықтан далаға көп шыға алмаймын. Карантин кезінде осынау акцияны қолға алып, қайырымдылық шарасына ұйытқы болып жүрген партиялықтарға ризамын. Халыққа үнемі қолдау білдіреді. Ерікті жастарға да тәнтімін. Еңбектеріне жеміс тілеймін, – деп ризашылығын білдірді ақжаулықты ана.
Айта кетейік, қайырымдылық науқаны 20 наурызда басталған болатын. Осы уақыт аралығында барлығы 4 576 адамға қолдау көрсетілген.