Мемлекетіміз атаулы әлеуметтік көмек алатын көпбалалы отбасылардың жағдайын әрдайым басты назарда ұстайды. Коронавирусқа қатысты қалыптасып отырған күрделі кезеңде осындай отбасыларға жасалатын қолдаулар мен көмектер еселеп көбейді десек, артық айтқандық бола қоймас.
Мемлекет атынан жасалып отырған қолдауларға қоса, жекелеген ұйымдар, еріктілер, жомарт жандар да мүмкіндігінше көмек қолын созуда. Бүгінде көпбалалы жанұяларға ай сайынға атаулы әлеуметтік көмектен бөлек заттай, азық-түлік себеттері де берілуде.
Алыстағы Кеген ауылы бойынша атаулы әлеуметтік көмек алатын 46 отбасында тәрбиеленіп жатқан 1 жас пен 3 жас аралығындағы 31 балаға және 3 жас пен 6 жас аралығындағы 30 балаға қаңтар айындағы кепілді әлеуметтік себеттер таратылды. Жас ерекшеліктеріне қарай берілетін азық-түлік, өзге де қажетті заттарға толы себеттер тарату алдағы кезде де ай сайын жалғасады. Сондай көмек алған көпбалалы ана Жұмагүл Нақысбекқызының қиын кезде жалғыз қалдырмай, қолдан келген барлық қолдауды жасап отырған мемлекет пен оның жергілікті жерлердегі өкілдеріне алғысы шексіз.
Мұндай қайырымдылық қадамдар облыстың барлық өңірінде жалғасуда. Текелі қаласында да атаулы әлеуметтік көмек (АСП) тағайындалған 281 отбасындағы 309 балаға қазір қаңтар айының кепілдендірілген әлеуметтік азық-түлік себеттері берілуде. Республикалық бюджеттен бөлінген 28,6 млн теңгенің мақсатты жұмсалуы қатаң қадағалауға алынған. Кеншілер шаһарында осындай әлеуметтік көмек алып отырған көпбалалы ана Әсел Ерденбекова да қиналған шақта қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да, жақсылық жасап отырған мемлекетке және тағы да басқа қайырымды жандарға алғысын жаудырады. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген. Бала-шағаның нәпақасын күнделікті тірлік арқылы тауып отырғанда, карантин қиын тигені рас. Бірақ ел басына түскен ауыртпалықты тәртіп пен талапты орындағанда ғана жеңе аламыз. Сындарлы шақта жалғыз қалдырмай, көмекесіп отырғандарға Алланың нұры жаусын! Мемлекет бастап, жергілікті билік қостап, әзірге тарыға қойғанымыз жоқ», – дейді көпбалалы ана.
Атаулы әлеуметтік көмек және кепілдендірілген азық-түлік себетін алған Кербұлақ ауданының тұрғыны, көпбалалы ана Бағдат Ахмадиева да мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларға алғысын жаудырды.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы
\