«Хабар» агенттігінің 25 жылдығы және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің 10 жылдығына арналған онлайн шеберлік сыныбы өз жұмысын бастады.
Онлайн формада өткізілетін шеберлік декадасының басты мақсатын веб-конференцияда «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ринат Кертаев пен Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ баяндап берді. Р.Кертаев агенттік командасы өз тәжірибелерін болашақ журналистермен бөлісуді қуана қабылдағанын, осындай шаралар арқылы жаңа дәуір журналистерін жаңашылдыққа бағыттап, олардың кәсіби әлеуеттерінің қалыптасуына үлес қосуға дайын екендерін жеткізді.
Үлкен шеберлік мектебінің өкілдері «Хабардың» жетекші журналистерімен бірге, режиссерлер мен продюсерлер журналист мамандығы бойынша білім алатын магистранттар мен студенттерге шығармашылық, менеджмент және технологиялық басқару тақырыптарында танымдық сабақтар өткізеді.
Журналистика факультетінің деканы Қайрат Сақ ақпараттық дәуірдің мамандары үшін теориялық негіздерді меңгерумен қатар оны өндірістік тәжірибеде бекіту арқылы медиа-нарықтың сұранысына жауап бере алатын мамандар дайындауға болатынын айтты.
«Хабар» агенттігінің 10 танымал журналисі он күн бойы әртүрлі тақырыпта болашақ ізбасарларымен онлайн кездесуге шығады. Декаданың арнайы жоспары бекітілген. Жоспарланған тақырыптар мен жауапты тұлғаларды «Телерадио және қоғаммен байланыс» кафедрасының меңгерушісі Серікзат Дүйсенғазы таныстырды. «Тележүргізуші мен тележурналистика мамандығы» атты алғашқы кездесуге онлайн тіркелгендерге танымал тележурналист Арман Сейітмамыт өзі басқаратын «Еларна» телеарнасының қызметі мен редакциялық саясаты туралы әңгімелеп берді.
Алдағы күндері студенттер «Хабардың» бас редакторы З.Хаджиметов, спорт комментаторлары А.Жақаев, Е.Мәулен, журналистік зерттеулер бөлімінің жетекшісі А.Әділова сияқты мамандардың шеберлік сабағына қатысады.
Ару БҰХАРБАЙ,
«Телерадио және қоғаммен байланыс»
кафедрасының магистранты