Англияның Жоғары соты Қазақстанға пайдалы шешім шығарды
Англияның Жоғары соты Қазақстанға пайдалы шешім шығарды
Фото: Интернеттен алынды
370
оқылды
Англияның Жоғары соты Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің және Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі атынан Қазақстан Республикасының қатысуымен сот ісі бойынша шешім шығарды. Ұлттық банкі баспасөз қызметінің хабарлауынша, сотта Нью-Йорк Банкі Меллон (BNYM), Анатол мен Габриел Стати және олармен байланысты компаниялардың ісі қаралды. Бұл Англияның Жоғары сотының тарихында Қазақстан тарапының бастамасымен және күш-жігерімен коронавирустың жаһандық пандемиясына байланысты қашықтан өткен бірінші процесс болды. Заңгерлер, сарапшылар мен куәгерлер Ұлыбританияда, Қазақстан, Бельгия және АҚШ-та отырып, сот отырыстарына қатысты. Сот талқылауы 2018 жылғы мамырдан бері жүргізіліп келе жатыр. Англияның Жоғары сотындағы процеске қатысу үшін Ұлттық Банк Stewarts және 3 Verulam Buildings сияқты белгілі заң фирмаларын тартты. Сотта істі қарау барысында Ұлттық банк Стати дәлелдерінің негізсіздігін және кастодиан ретінде BNYM-де Ұлттық қордың активтеріне қатысты Ұлттық банк алдында ғана міндеттемелері бар екендігін дәлелдеді. Бұл шешім Статидің төрелік шешімді Қазақстан Республикасына қарсы орындауға әкелу әрекеттеріне байланысты ұзаққа созылған сот талқылаулары тізбегіндегі маңызды бір бөлігі еді. Бұрын ағылшын соты қолда бар дәлелдерге сүйене отырып, осы төрелік шешімді алу кезінде Стати тарапынан алаяқтық фактілерін анықтады. Осыған қарамастан, 2017 жылғы қазанда Стати Бельгиядағы Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының 22 миллиард АҚШ долларынан астам мөлшердегі активтеріне сот тарапынан тыйым салуға қол жеткізді. Ұлттық банктің қатысуымен бұдан былайғы сот талқылауы барысында активтердің көп бөлігінен (BNYM кастодиандық сақтаудағы 530 миллион долларды қоспағанда) тыйым салу алып тасталды. Бельгия соты Ұлттық қордың активтерін кастодиандық сақтауға байланысты өзара қарым-қатынастардың сипаты туралы мәселені де Англия сотына қайта жіберді. Англия Жоғары сотының шешімі Ұлттық қордың активтері тыйым салуға жатпайтынын, сол себепті, Ұлттық банк Бельгия соттарында Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерінен тыйым салуды біржолата алдыруға құқылы екендігін білдіреді.