– Бәріңізге мәлім, әлемде коронавирус пандемиясының таралуына байланысты Елбасы – Nur Otan партиясы Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен мұқтаж адамдарды қолдау үшін бірқатар кешенді шаралар ұйымдастырылды. Республикада #BizBirgemiz қоры, сондай-ақ аймақтарда да өңірлік қорлар құрылды. Біздің өңірлік қорымыз «Алматы біргеміз» деп аталады. Соңғы екі аптаның ішінде 5 санат бойынша азаматтарға көмек көрсеттік. Әрбір тиісті азаматтың есепшотына автоматты түрде 50 мың теңгеден аударылды. Кейбір азаматтардың жеке есепшоттары болмағандықтан, «Қазпошта» арқылы курьерлермен көмек жеткізіледі. Осы күнге дейін барлығы 23 472 адам көмек алды, – деді Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуров.Тікелей эфир барысында тұрғындардан көптеген сұрақ келіп түсті. Олардың бірі «BizBirgemiz қорынан неше рет көмек беріледі?» деп сұрады. Бұл сұраққа бір санат бойынша бір адамға бір-ақ рет көмек бірілетіні, келесі кезеңде басқа санаттағы азаматтарға көмек көрсетілетіні айтылды. Сондай-ақ тұрғындар тарапынан азық-түлік себеттері туралы да сауалдар жолданды. Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары азық-түлік себеттері негізінен демеушілер көмегі есебінен көрсетілетінін, ұйымдастырушылар мүмкіндігінше нағыз мұқтаж жандарды барынша қамтуға тырысып жатқанын айтты. Әңгіме арасында карантин жарияланғалы бері 6 000 азаматқа азық-түлік себеттері таратылғаны хабарланды. Эфир кезінде тұрғындардан түскен сұрақтардың бірқатарына жауап берілді. Азаматтардың көпшілігі қиын шақта қандай көмек алуға болатынын сұраса, көмек алып, қолдауды сезінген тұрғындар жағы партиялықтарға алғысын айтып, ризашылығын білдірді.
Гүлнар ТӘЖИЕВА