Президенттің Жарлығымен Қазақстандағы төтенше жағдай режимі 1 мамырға дейін ұзартылған еді. Үйге қамалып отырған тұрғындар да төтенше жағдай режимінің тезірек аяқталуын, қайтадан қалыпты өмірге оралуды асыға күтіп жүргені анық. Алдағы аптада Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы телевизиялық үндеу жариялайды. Сол кезде төтенше жағдай режимінің және карантин шараларының ұзартылуына қатысты тиісті шешім қабылданады. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады. – Еліміздегі және әлемдегі эпидемиологиялық ахуал үнемі өзгеріп жатыр. Жуырда түскен ақпараттар негізінде төтенше жағдай режимінің және карантин шараларының ұзартылуына қатысты тиісті шешім қабылданады, – деп жазды ол. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та Қазақстанда мамырда карантин жалғасатынын, ол уақытта да коронавирус тарайтынын мәлімдеді. Министрдің болжамы бойынша, Қазақстанда мамырдың аяғына дейін коронавирус жұқтырғандар саны 3 500-ге жетуі мүмкін. Ол сондай-ақ әлем халқы өзін-өзі қорғап үйренбесе, мемлекеттердің үкіметі де қатаң шаралар қолдана беретінін айтты. Министр коронавирус бәсеңдеген күннің өзінде белгілі бір уақыт ішінде ауруды жұқтыру жағдайы болады деп есептейді. – Бұл біраз уақытты талап еді. Карантин мамырда да созылатын шығар. Мамыр айын өте қауіпті кезең деп санап отырмыз, – деді Е.Біртанов. Аурулардың өсім қарқыны эпидемияның шынайы көрінісінен хабар беретінін айтқан Елжан Біртанов еліміздегі дәрігерлердің арасында коронавирус жұқтыру фактілері жиі тіркеліп жатқанын, олардың бәрі жеке-жеке тексерілетінін жеткізді. – Соңғы деректер бойынша елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырған 579 медициналық қызметкер бар. Жалпы, карантин кезеңінде дәл осы дәрігерлердің вирусты жұқтыру қаупі жоғары, – деді министр. Осы ретте мына бір статистикаға назар аударғанымыз жөн. Еліміздегі әр үшінші науқас, яғни 2 040 науқастың 652-сі (31 пайызы) медқызметкерлер екен. Атап айтқанда, Алматыда – 375, Нұр-Сұлтанда – 131, Атырау облысында – 25, Шымкентте – 24, Алматы облысында – 15, СҚО-да – 15, Қызылорда облысында – 14, Түркістан облысында – 12, Жамбыл облысында – 6, БҚО-да – 5, Ақмола облысында – 3, Қарағанды облысында – 2, Қостанай облысында – 2, Павлодар облысында – 2, Маңғыстау облысында – 1. Бұл сандар әлі де көбеюі мүмкін. Ал Мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова баспасөз мәслихатында Қазақстанда COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны шамамен сәуір айының соңына дейін 2 700 адамға, ал мамыр айының аяғында 4 000-ға жетеді деп болжады. – Қазіргі таңда Қазақстан эпидемияның өршу кезеңінде тұр. Жұқтыру деңгейі 8 пайызды құрап отыр. Әйтсе де, аурудың өршуін, шарықтау шегі мен төмендеуін наурыз, сәуір және мамыр айларында өткереміз. Халықтың назарын мына жайтқа аударғым келеді: инфекцияның таралу өрісіне талдау жүргізе отырып, коронавирус жұқтырған бір адамның 80 адамға дейін жұқтыруы мүмкін екенін біліп отырмыз. Карантин кезінде де көршілер бір-бірімен әңгіме-дүкен құруды доғарар емес. Артынша бір-біріне вирус жұқтырады. Бізде мұндай жағдайлар да кездесті. Орташа есеппен бізде коронавирус жұқтырған 1 адамға байланыста болған 30 адамнан келеді. Қазіргі таңда жұқтырған адамдардың 70 пайызы ауру белгісін байқамай өтіп кететінін көріп отырмыз. Демек, аурудың қылдай белгісі жоқ сап-сау адамның өзі басқа адамдар үшін инфекция таратуы мүмкін, – деп жағдайдың әлі де жақсара қоймайтынын тілге тиек етті. Қазіргі кезде елімізде індетке шалдыққандар саны 2 200-ден асты. Жазылып шыққандар 500-дің үстіне шықса, қайтыс болғандар саны 20-ға жетті. Бұл дегеніміз Қазақстандағы төтенше жағдай режимінің тұйықталмайтынын, керісінше жалғасатынын аңғартып тұрғандай. Біз осы орайда Қазақстаннан бөлек әлем елдерінде карантин мерзімі қай уақытқа дейін жалғасатынына зерттеу жүргізіп көрдік. Көршілес Ресейге коронавирус келгеннен бері ел үкіметі бірден халыққа оқшаулану режимін енгізді. Бұл режим елде сәуірдің аяғына дейін созылған. Бірақ ол тағы да ұзартылатынын айтып отыр мамандар. РБК басылымының мәліметінше, Ресейде оқшаулану режимі мамырдағы демалыстардан кейін аяқталады. Елде 1-5 мамыр, 9-11 мамыр арасында мерекелік демалыс болады. Сондықтан ел билігі оқшаулану мерзімін сол мейрам күндерінен кейін аяқтауы мүмкін. Әзірше екі нұсқа бар – оқшаулану мерзімін мамырдың ортасына дейін немесе 1 маусымға дейін созу. Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьев оқшаулану мерзімінің созылатынын хабарлады. Басқа да облыстардың губернаторлары оқшаулану мерзімі ұзаратынын айтуда. Ал Башқұртстан басшысы Радий Хабиров республикада оқшаулану мерзімі жазға дейін ұзаратынын жеткізген. Украинада карантин режимі 24 сәуірде аяқталады. Бірақ мамандар да, биліктегілер де карантиннің ұзартылатынына сенімді. Денсаулық сақтау министрі Максим Степанов карантинді 12 мамырға дейін ұзартуды ұсынды. Дәл осындай ұсынысты Украинаның бас санитар дәрігері Виктор Ляшко да ортаға тастады. Француздардың карантин режимі сәуірде аяқталуы тиіс болатын. Бірақ жуырда Франция президенті Эммануэль Макрон режимді ұзартып тастады. Енді француз халқы 11 мамырға дейін карантинде отырады. Осылайша, Франция мамырдың басын карантинде өткізеді. Германияда да карантин 19 сәуірде бітуі керек еді. Бірақ бір апта бұрын канцлер Ангела Меркель баспасөз мәслихатын өткізіп, елдегі жаңа мерзім туралы баяндады. Германияда карантин мерзімі екі аптаға созылды, яғни ол 3 мамырға дейін жалғасады. 14 наурыздан бастап карантин режимі енгізілген Испанияда вирустан қайтыс болғандардың саны 22 мыңға таяды. Бұл жағдайды ескерген Испания премьер-министрі Педро Санчес төтенше жағдайды ұзартуға өтініш беретінін хабарлады. Сәрсенбі күні оның ұсынысы парламент талқылауына шығарылады. Егер мақұлданса, елде карантин осы жылдың 9 мамырына дейін ұзартылады. Көріп отырғандарыңыздай, әлем елдерінде де, елімізде де індетке қатысты жағдай әлі де ушығып тұр. Сондықтан әзірге карантин режимін сақтаудан, оқшауланудан басқа жол жоқ. Қиын кезеңде ел болып ұйысып, бірлігімізді көрсетіп, тиісті ережелерді ескеріп, тәртіпке бағынсақ, бөрікті аспанға атып қуанатын күн де жақындай түсер. Солай дейік, солай боларына сенейік.
Абылайхан ЖҰМАШ