Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік пандемия кезінде шағын және орта бизнес өкілдеріне барынша қолдау білдіруді тапсырғаны белгілі. Осыған орай Жамбыл облысында жүйелі жұмыстар жоспары сызылып, аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев кәсіпорындардың барысын барлауды бастады.
Облыс әкімі өткен аптада «Тараз-Холод»,«Запчасть», «Керамик инвест», «Полиэтилен Агро», «Good Look Сауда үйі» сынды жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде болса, осы аптада Тараз қаласындағы бірқатар өндіріс орындарының тынысымен танысты.
Аймақ басшысы ең алдымен «Энерджи Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне ат басын бұрды. Аталған серіктестік облыс орталығында заманауи қондырғымен жабдықталған кәсіпорынның бірі саналады. Олардың шығарып отырған жарықдиодты шамдарының қуаттылығы төмен болғанымен, сапасы жағынан әлемдік нарықтағы тауарлардан кем емес. Ал бағасы үш есеге дейін арзан.
Алайда серіктестік коронавирус пандемиясына байланысты түрлі қиындықтарға тап болуда. Атап айтсақ, қазір өндіріс орны жиынтық трансформаторлық қосалқы стансаларды өндіру желісі бойынша 30 пайыздық қуаттылыққа ғана шығып отырса, құрылыс-монтаж жұмыстары мүлде тоқтаған. Соның салдарынан 150 жұмысшының 114-і қысқартылған. Бұл мәселеге бей жай қарай алмаған Бердібек Машбекұлы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров пен Тараз қаласының әкімі Атқазы Қарабалаевқа барлық мәселені зерделеп, кәсіпорынды тығырықтан шығару жолын табуды шегелеп тұрып тапсырды.
Келесі кезекте өңір басшысы сүт өндірісімен айналысып отырған «Көкжиек-2030» ЖШС-на аялдады. Серіктестік осыған дейін 64 түрлі өнім шығарып отырған. Алайда әлемдік пандемияға байланысты Ресей мен Қытай мемлекетінен тауарларды орайтын арнайы қаптар келмей қалған.
Сол себепті серіктестік кәсіпорынның жұмысын тоқтатпау үшін қолдан келгенше амалдаған. Зауыт басшысы Әбдіқали Бегімбетовтің айтуынша, ол ең алдымен сүттің бағасын литріне 120 теңгеге дейін көтерген. Бірақ тұрғындарға ауыртпалық түсірмес үшін қолда бар сауын сиырларының бәрін халыққа таратып берген. Алайда зауыт басшысы сауылған сүтті тек соның өндіріс орнына өткізу туралы талап қойған. Сондай-ақ Әбдіқали Бегімбетов егер тұрғындар тығырықтан шығуға жәрдемдесетін болса, сиырларды жарты жылдан кейін жекешелендіріп алу жолын да қарастырған. Байқап тұрсаңыздар, ойлап табылған ақыл. Кәсіпорын сүт бағасын көтерді дегеннің өзінде, шикізатты сол халықтың өзінен сатып алып, екі жаққа да тиімді нәрсе жасап отыр. Оған қоса, қолда бар сиырларын қара халыққа беріп, бұқараның қамын ойлаған бизнесменнің тірлігі қандай мақтауға да лайық. Дегенмен кәсіпкер Әбдіқали Бегімбетов жердің тапшылығынан тауарларын облыс орталығындағы сауда орындарына шығара алмай отырғанын жасырмауда. Бұл мәселені аймақ басшысы да баса айтып, олқылықтың орнын толтыру үшін кәсіпкерлерден нақты ұсыныстар күтетінін жеткізді.
– Қазір Тараз қаласындағы сауда орындарындағы сөрелер сырттан келетін тауарлармен толып тұр. Ал бізде өз қажеттілігімізді өтей алатын өндіріс орындары аз емес. Бұл мәселені біржақты шешу үшін негізгі әлеуметтік маңызы бар тауарларды шығаруды және өткізуді ретке келтіру қажет. Бұл біріншіден бағаны төмендетуге мүмкіндік берсе, екіншіден қара халық пен өңірлік өндіріс орындары үшін де тиімді, – деді Бердібек Машбекұлы. Бұдан бөлек, облыс әкімі балмұздақ өндірісін де қолға алып, сүт тауарларын шығарумен айналысып отырған кәсіпорындар өнімдерін әртараптандыру қажеттілігін ескертті.
Тараз металлургиялық зауытының ферроқорытпа және электродты масса өндіру бағытындағы жұмысы көз сүйсіндіреді. Олай дейтініміз кәсіпорын әлемдік пандемияға қарамастан, 748 қызметкерінің бірде-біреуін қысқартпаған. Бұл өндіріс орнындағы жұмыстың жүйелілігін көрсетеді.
Зауыт басшысының міндетін атқарушы Аида Жақсылықованың айтуынша, олар осыған дейін өнімдерін Ресей мен Қырғыз мемлекетіне экспорттап келген екен. Сонымен қатар «Қазхром» АҚ-ның Ақсу ферроқорытпа зауытына да жөнелткен. Осының есебінен кәсіпорын коронавирус індетіне қарамастан, жұмыс режимін бұзбай отыр. Мұндағы тірлікке көңілі толған Бердібек Машбекұлы өндірілетін өнім көлемін азайтпау, жұмысшыларды қысқартпау, жалақыларын дер кезінде беріп тұру бүгінгі күннің басты ұстанымы екенін баса айтты. Сонымен бірге зауытқа қолдан келгенінше көмегін аямайтынын жеткізді.
Жамбыл ауданындағы «Оңтүстік халал тағамдары» ет комбинатының жағдайы мүшкіл. Кәсіпорынның ашылуынан жабылуы тез болған. Өндіріс орны өткен жылдың қараша айында жұмысына кірісіп, бар-жоғы 20 тонна етін Иран мемлекетіне экспорттаған. Алайда кейіннен АҚШ мемлекетінің Иран Ислам Республикасына салған санкцияларынан кейін кәсіпорын негізгі тапсырыс берушісімен байланысы үзілген. Міне, осы фактор зауыттың қос бүйірінен қысып, тірлігін алға бастырмауда. Десе де, облыс әкімі бұл қол қусырып қарап отыратын жағдай емес екенін, кәсіпорын ет экспорттаудың өзге де жолдарын қарастыру қажетін айтты. Ал бұл бағытта жергілікті билікке нақты ұсыныстар болса, өз тарапынан қолдау болатынын жеткізді.
Аймақ басшысы сондай-ақ №14 ықшамауданында жаңадан бой көтеріп жатқан облыстық онкологиялық ауруханаға да ат ізін салды. Жобалық құны 4,6 миллиард теңгені құрайтын нысанның құрылысы 2018 жылы басталып, 2021 жылы аяқталады деп болжанып отыр. Қазіргі таңда 3,3 миллиард теңге игеріліп, құрылысшылар аянбай тер төгуде. Мұндағы жұмыспен жіті танысқан Бердібек Машбекұлы бірқатар дүние көңілінен шықпайтынын ашып айтты.
– Бас ғимараттың қас бетінің құрылысы мүлдем көңілімнен шығып отырған жоқ. Бұл үлкен жоба болғандықтан барлық жағынан сапалы болуы қажет. Сондықтан жауапты мамандарға авторлық және техникалық қадағалау жұмысын күшейтуді тапсырамын. Сондай-ақ аурухананы қосалқы генератормен қамту, медициналық құралдарды сатып алып, тездетіп орнату және ауланы көріктендіру мен көгалдандыру жұмыстарына көңіл бөлуді міндеттеймін. Ал Талас өзенінің бойындағы көпір құрылысын келер жылы қолға аламыз. Ол үшін құзырлы мекемелер қажетті құжаттарды қазірден дайындауы қажет. Бұл көпірді жаңғырту арқылы біз жақын маңдағы ауыл тұрғындарын ағын сумен қамту мәселесін де біржақты шешеміз, – деген облыс әкімі құрылысты көзбояушылыққа салмай, жұмысқа жауапкершілікпен қарауды мамандардың есіне тағы бір мәрте салды.
Осылайша, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев коронавирус індетіне қарсы қауіпсіздік шараларынан бөлек, карантиннен кежегесі кейін тартқан кәсіпорындарға қолдау көрсетуді де назардан тыс қалдырмауда. Бұл түсінікті де. Себебі ертең дәл осы өндіріс орындары өңір экономикасының негізгі қозғаушы күші болатыны анық. Сондықтан мұндай барлау мен қолдау жұмыстары бас бармақпен бағалауға тұрарлық.
Саятхан САТЫЛҒАН,Жамбыл облысы