Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен карантин кезінде қала көшелеріне шыққан тұрғындардың көбеюіне қатысты пікір білдірді.
«Өздеріңіз білесіздер, қалада көптеген саябақтар мен адамдар көптеп жиналатын орындар жабық тұр. Бүгінде біз карантин үшін арнайы шекараларды қойдық, ол жерлерге баруға болмайды. Сондықтан Полиция департаменті мен еріктілер арнайы рейдтер жүргізуде. Тұрғын үй ауласында арнайы патруль қызмет атқаруда. Себебі, күннің жылынуына байланысты тұрғындар көшеге шығуға тырысуда. Алайда тұрғыдар бұл талаптарға түсіністікпен қарауы керек. Өйткені, карантин режимі сақталуда», - деді Б. Мәкен Орталық коммунациялар қызметінде.
Оның сөзіне қарағанда, кейбір кәсіпкерлік нысандарының жұмысы жанданғаннан кейін, көшедегі адамдар саны біршама артты.
«Рейдтер қаланың барша ауданында жүргізіліп жатыр. Адамдар саны көп көшелерде арнайы профилактикалық жұмыстар атқарылады. Егер тұрғындар жұмысынан бөлек, дүкен немесе дәріханаға бара жатса, бұл жағдайға түсіністікпен қараймыз. Алайда тиісті тәртіпті сақтау мақсатында тұрғындарды негізсіз көшеге шықпауға шақырамыз», - деді әкім орынбасары.