Нұрсұлтан Назарбаев: Қазақстанда жаһандық сын-қатерді еңсеруге қажетті ресурстар бар
Нұрсұлтан Назарбаев: Қазақстанда жаһандық сын-қатерді еңсеруге қажетті ресурстар бар
248
оқылды
Қахақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет пен қоғамның барлық саласында болатын өзгерістерді баяндады, деп хабарлайды elbasy.kz «Ең алдымен, барлық мемлекеттер өзінің экономикалық стратегиясын қайта қарап жатыр. Дербес табысқа, өз ресурсына арқа сүйеуге, өндірістік және қаржылық тізбектің сенімді болуына басымдық беріледі. Екіншіден, жаңа салалық басымдықтар қалыптасады. Тиімсіз секторлар жоғалады. Алайда, өзге салалар көшбасшы атанып, экономиканы дамытады, адамдарды жұмыспен қамтиды. Үшіншіден, барлық ауқымды дағдарыстар әлемнің технологиялық және экономикалық ретінің циклдық ауысымымен байланысты және қазір ескі модельдің қирауы жүріп жатыр», - деді Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында. Елбасы Қазақстанда жаһандық сын-қатерді еңсеруге қажетті барлық ресурстар бар екенін атап өтті. «Өткен жылдары шикізаттық ресурсқа тәуелділікті азайту үшін ауқымды жұмыс жүргіздік. Сондықтан, барлық негізгі даму бағдарламалары - индустрияландыру, шағын және орта бизнес, инфрақұрылымдар, агроөнеркәсіптік кешен, әлеуметтік бағдарламалар әзірленді. Оларға үлкен ресурс бөлінді. Ұлттық қорда ауқымды қаражат көлемін жинадық. Бұл қор кезекті рет елімізді дағдарыстан құтқаруда. Бірақ, оны да шексіз пайдалануға болмайды, үнеммен қажет кезде ғана қолданған жөн», - деді Тұңғыш Президент. Айта кетейік, бүгін Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен бейнеконференция режимінде Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Отырыста коронавирус эпидемиясымен күрестің, экономиканы қалпына келтіру мен мемлекеттің дағдарыстан кейінгі дамуының стратегиялық мәселелері қаралды.