Маңғыстау облысында коронавирус індетінен бір науқас көз жұмды. Марқұм өңір бойынша алғашқы коронавирус құрбаны болды.
Маңғыстау облысының бас санитарлық дәрігері Ерғали Садыманов брифингте хабарлағандай, ер адам 1980-ші жылы туған, Мұнайлы ауданының Батыр ауылының тұрғыны. 20 сәуірде дене қызуы мен тамақ ауруына шағымданып, жедел жәрдем шақырған. Рентген өкпе қабынуы бар екенін көрсетті.
Жедел жәрдем шақырғанға дейін ер адам бір апта ауырған. Коронавирусқа екі рет тест тапсырыпты. Бірінші тест теріс, екіншісі - оң нәтиже көрсетіпті.
Ер адам өңірдегі әскери бөлімшелердің бірінде әскери қызметте болған. ТЖ режимінде дезинфекторлар тобына жұмысқа тартылып, Ақтау қаласында зарарсыздандыру жұмыстарына қатысқан. Артында әйелі, бес баласы қалды.
Қазір онымен байланыста болған барлық адамдар карантинге жатқызылды.
Маңғыстау облысында КВИ-дің 20 жағдайы тіркелген. Жұқпалы аурулар стационарында 15 адам емделуде.
Олардың ішінде бір адам өкпені желдету аппаратына қосылған. Жұқтырғандар арасында 1 - медициналық қызметкер, 3 - полицей, 1 - әскери, 2 - зейнеткер, 9 - жұмыссыз азамат. Науқаспен байланыста 683 адам болған, 161 адам жақын байланыста. 522 адам байланыста болуы мүмкін деп танылды.