Астаналықтар сән-салтанатымен тойлайтын 6 шілде қала күні мерекесіне Мәдениет және спорт министрлігі арнайы жоспарын жасаған болатын. Бірақ ол эпидемиологиялық жағдайға байланысты өзгеретін болды.
Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова бұл туралы:
– Астана күніне арналған мерекелерге қатысты айтарым, біз көптеген концерт, тамаша іс-шаралар өткізуді жоспарлағанбыз. Карантин бойынша қандай шаралар қабылданатынына байланысты жоспарларды өзгертеміз, – дейді.
Министрлік рухани, мәдени және моральдық өркендеу, сондай-ақ әртүрлі жастағы адамдардың дене белсенділігін қолдау қажеттігін ескере отырып, онлайн іс-шаралар кестесін ойластырып жатыр.
– Елорда тұрғындары мен қонақтарын офлайн жобалармен қуанта аламыз деген үміттеміз. Әрине, көптеген жоба онлайн режимге ауысты. Сондықтан елорда күніне жоспарланған мәдени өнімдерімізді және іс-шараларымызды үлкен ықыласпен таныстырамыз, – дейді А.Райымқұлова.
Мәдениет және спорт қоғамдық мекемелерінің әлеуметтік желілерінде күн белгілі атлеттермен жаттығудан басталса, дәрістер, вебинар, концерт, виртуалды экскурсиялар өтеді, балаларға арналған ертегілер оқылады, қашықтан және онлайн спектакль мен фильмдер көрсетілетін болады.
– Қазақстандықтардың жақсы пікірін ескере отырып, біз осы жұмыстарды карантиннен кейін де жалғастыруды жоспарлап отырмыз, – деп толықтырды министр.