Әлемдік пандемияға байналысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бірқатар мемлекеттік маңызы бар шаралар тоқтатылғаны белгілі. Биылғы айтулы даталарды өңірлерде онлайн форматта атап өту кең көрініс табуда. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев та бүгінгідей қиын кезеңде бұқараны барынша жігерлендіру мақсатында шаралардың онлайн түрінде өтуін тапсырған болатын. Осыған орай жауапты сала мамандары карантинде көпшіліктің көңілін көтеріп, мерекелік көңіл күй сыйлауға барын салуда.
Облыс әкімдігі Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаевтың айтуынша, мекеме тарапынан төтенше жағдай кезінде атқарылып жатқан жұмыстар аз емес екен.
– Елімізде төтенше жағдай енгізілуіне байланысты ағымдағы жылдың 16 наурызынан бастап көпшілік іс-шаралар тоқтатылып, басқармаға қарасты мәдениет, өнер және архив мекемелері онлайн режимде жұмыс істеуге көшті. Алайда бұл сақтық шарасы еліміздегі айтулы күндерге арналған шараларды өткізуге тосқауыл болып отырған жоқ. Мәселен, бүгінге дейін әлеуметтік желілерде 544 онлайн түріндегі шаралар өткізілді. Оның ішінде онлайн шығармашылық жұмыстар – 28 болса, онлайн концерттер – 79, онлайн кітапхана – 3, онлайн айтыс – 4, онлайн экскурсиялар – 19, виртуалды тур мен көрмелер – 26, челлендждер – 80, әдеби оқулар – 14, онлайн байқаулар – 28, онлайн спектакльдер – 23, видео-монологтар – 3, онлайн ақпараттар – 90, әдістемелік көмек көрсетулер – 3, аудио ертегілер – 7, онлайн сабақтар – 3, онлайн форум – 1, акция – 1, онлайн кездесу – 1, онлайн ойын мен викториналық сұрақтар – 16, ролик, деректі фильм, видеоайдарлар – 65, құнды жәдігерлер туралы онлайн ақпараттар – 12, онлайн үйірме жұмыстары – 27, онлайн библиодайвинг – 1, онлайн бейнеаннотация – 3, онлайн аудиокітап – 1, онлайн мониторинг жұмыстары – 5 және онлайн коучингтен 1 шара ұйымдастырылды. Аталған онлайн форматтағы шараларды барлығы 357 088 көрермен тамашалап, оң пікірлерін білдірді.
Өнер – мәдениеттің алтын қазынасы. Сондықтан көрермен қауым өнер туындыларын тамашалап, ләззат алуы үшін біз өнер ұжымдарының репертуарындағы таңдаулы деген шығармаларын онлайн форматқа шығарып келеміз. Атап айтсақ, Ә.Әбдікерімов, О.Азаматова, М.Сағынбекова, Г.Тинасилова, Ж.Омаров және тағы басқа бірқатар әншілердің жеке концерттері YouTube каналдарына тіркелді. Жамбыл облыстық филармониясы «Бір әннің тарихы»,«Бір күйдің тарихы», «Бірге билейік!», «Менің репертуарымдағы бір ән», «Бірге акробатикалық жаттығулар жасайық!»челлендждерін бастап,«Өз елім»,«Келіндер келбеті» конкурстарын ұйымдастырды.
Бұдан бөлек, басқарма 26 сәуірден бастап «Жеңістің жаңғырығы» атты байқау өткізбек. Ал облыстық қазақ және орыс драма театрлары карантин кезінде 23 қойылымын әлеуметтік желілер арқылы көрерменге жолдаған. Оның ішінде Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры ересек және жас көрермендер назарына 10-нан аса қойылым ұсынса, орыс драма театры Абай Құнанбайұлы 175 жылдығына орай әлеуметтік желілерге «45 мудрых изречений великого Абая» атты видео жүктеген. Ақынның қара сөздерін ҚР мәдениет саласының үздігі, театр артисі Надежда Антимонова және театр әкімшісі Надежда Волкова оқып, көп көрермен жинаған.Театр қазір Жеңістің 75 жылдығы шеңберінде «Герои былых времен» айдарын жүргізіп, көпшілікке спектакльдер мен әдеби оқулар ұсынуда.
Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ұйымдастырылған онлайн айтыс көптің көңілінен шықты. Бұрын-соңды болмаған мұндай жобаны жұртшылық қызыға тамашалап, ақындардың өнеріне тәнті болды.
Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейін қазір 3D виртуалды форматта тамашалауға болады. Сонымен қатар әлеуметтік желідегі парақшаларында музей экспозициясындағы жәдігерлер туралы түсірілген видеороликтер жүктелген. Жеңіс мерекесі қарсаңында «Архивтегі тарих» хэштегімен әлеуметтік желілерде соғыс тақырыбында ақпарат берілуде.
– Біз қазіргі қиын жағдайдан ұйымшылдықпен шыға алатынымызды түсініп отырмыз. Сондықтан әр мекеме өзіне міндеттелген жұмысты жүйелі атқарса болғаны. Алдағы уақытта Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы тағы 304 онлайн шара өткізуді жоспарлап отыр.
Бұл да ел басына келген бір сынақ шығар. Мұндай сын сағатта елдің бірлігі керек. Бірлескен ел кез келген қиындықты жеңіп шығатыны сөзсіз. Тарихқа қарасақ та халқымыз небір қилы замандарды бастан кешкенін көреміз. Алайда елдің бірлігі, жұмыла күресуі қай кезде де жеңіп шығып отырады. Сабыр керек, тәртіп керек. Бәрі де артта қалады, – дейді басқарма басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев.
Бүгінгідей қиын кезеңде халыққа қандай қолдау да артық етпейді. Ал рухани демеу – бұл сөз жоқ, үлкен қазына.