Палата cпикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары қаржы нарығына қатысты жаңа заң жобасын I оқылымда мақұлдады. Құжат көптеген басқа да жаңалықтары сыртында, елімізде жаңа мемлекеттік органның құрылуын заңдастырады.
«Кейбір заңнамалық актілерге қаржы нарығын реттеу мен дамыту және микроқаржылық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаржы нарығын реттеу және дамыту, қаржылық ұйымдарды бақылау және қадағалау функциялары мен өкілеттіктерін Ұлттық банктен алып, жеке мемлекеттік органға беруді заңнамалық бекітеді.
Түңлігін жаңадан түретін меморганның бюджетке қаншаға түсетіні де мәлім болды: қаржылық реттеушінің дерегінше, заң жобасын іске асыру республикалық бюджеттен жыл сайын қаржы секторын реттеудің тәуелсіз органын ұстап тұруға шамамен 10 миллиард теңге мөлшерінде шығыс шығаруға әкеп соғады.
Бұл құжатты қабылдау мультипликативті тиімділік әкелетінін атап өткен Мәжіліс төрағасы Н.Нығматулин Елбасының тапсырмасына сәйкес, қаржы секторын реттейтін дербес орган құрылғалы отырғанын және бұл банк секторында тәртіп орнатуға септесетінін мәлім етті. Жаңа құрылым микроқаржы қызметі саласында азаматтардың құқықтарын қорғауды арттыруға, тұтынушылық несиелендіру нарығында қордаланған жүйелі проблемаларды жоюға тиіс.
– Заң жобасының елеулі бөлігі қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Әсіресе, бұл тұтынушылық несиелендіру саласына қатысты. Халықтың мүддесі үшін ломбардтардың, кредиттік ұйымдардың, онлайн несиелендіру ұйымдарының қызметін реттеу енгізілуде. Кредиттеу шарттарының бұзылуы және сыйақылар ставкасы мен комиссиялардың шектен тыс жоғары болуы жөніндегі халықтың арыз-шағымдарының үлкен көлемі дәл осы ұйымдар еншісінде, – деді Нұрлан Нығматулин.
Спикер Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпаратына сілтеме жасай отырып, Қазақстанда корпоративтік табыс салығы, қосылған құн салығы, әлеуметтік салық, яғни тек заңды тұлғалар ғана төлейтін салықтар бойынша жеке тұлғаларға шамамен 700 миллион теңге салықтық берешек есептелгенін хабарлады.
– Және осы азаматтардың осынша сомадағы салықтық берешектері 15 жылдан бері есепте тұр. Тиісінше, оған жыл сайын өсімақы қосыла береді. Оның үстіне, бұл азаматтардың тіпті жеке кәсіпкер ретінде тіркелмегені де анықталуда. Сіздер еліміз бойынша өздеріңіздің 7 миллиард теңге өсімақыларыңызды осылай көбейтесіздер, – деді Н.Нығматулин.
Қалаулылар автокөлік, жел телімі, жылжымайтын мүлік салықтарын есептеумен байланысты салықшылардың қателіктерін де қаперге салды. Бұл ретте уәкілетті меморгандардың ақпараттық жүйелерінің жұмыстары да тілге тиек етілді. Мәселен, автокөліктер бойынша деректер базасын ІІМ-нің «Сервис орталығы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі жүргізеді. Жер телімдері бойынша ақпарат Ауыл шаруашылығы министрлігінің Мемлекеттік жер кадастрында жинақталады. Жеке тұлғалардың мүлкі туралы мәліметтер Әділет министрлігінің жылжымайтын мүлік регистрінде түзіледі. Оларға мәліметтердің ескіріп қалуы және өзара лайықты ықпалдаспауы тән.
Бұдан бөлек, талқыға салу кезінде депутаттар банктік заңнаманы қайталай бұзған банктерге салынатын айыппұлдың ұсынылып отырған көлемінің тым мардымсыздығын айтты. Заң жобасында бұл жағдайда банктерге 15 АЕК көлемінде, яғни бар-жоғы 37 875 теңге айыппұл салу қарастырылған. Сондықтан Мәжіліс Ұлттық банктің жаңа басшысы Ерболат Досаевты айыпты банкті жазалауда батылырақ болуға шақырды. Ол Ұлттық банк екінші оқылымға дейін заңнаманы орындамайтын, қайта-қайта талапты бұза беретін банктер үшін сайма-сай айыппұл енгізуі керегін нықтады.
Осы күні депуттаттар «Кейбір заңнамалық актілерге атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да бірінші оқылымда мақұлдады.
Отырыс соңында қалаулылар орталық мемлекеттік органдар басшылары атына депутаттық сауал жолдады.
Елдос СЕНБАЙ