Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев 42 500 теңге төлеу барысында неліктен іркіліс болатындығын түсіндірді.
«Өтінімнің кезеңдердің бірінде тұрып қалуы мәселесі толықтай шешілді. Бұған қатысты сауалдың мүлдем аз екендігін көріп отырмын. Әрбір жағдайды қайта тексеріп шығамыз», - деп жазды вице-министр Instagram парақшасында.
Осы ретте ол бірнеше мәселеге жеке-жеке тоқталды. Біріншісі - төлем тағайындалғанына бір аптадан астам уақыт өткенімен, қаражат көмек алушының есепшотына түспеуі.
«Бұған дейін айтқанымдай, ақша іс жүзінде бір күннің ішінде жіберіледі. Бірақ, есепшот қате көрсетілген жайттар болып тұрады. Көпшілігі: «мен бәрін дұрыс көрсеттім» дейді. Алайда ақша жіберілгеннен кейін банк кері қайтарып жіберген немесе өзіміз байқап қалған шамамен 930 мың өтінім есепшоты қате (20 символдан аз және т.б.) көрсетілген. Сонымен, неліктен іркіліс орын алады? Процесс келесідей:
1) Біз ақшаны сіздің банктегі есепшотыңызға (1 күн) аударамыз.
2) Банк тексеріп, есепшот қате болғанда ақшаны кері қайтарады (1 күн).
3) Біз өзіміздің базамыздан ақшаны аудару үшін өтінім берушінің басқа қолданыстағы есепшотын іздейміз. Мәселен, сіз басқа төлем алуыңыз мүмкін. Мұны сізді барынша мазаламау үшін жасаймыз. Шамамен 900 мыңын таптық (1 күн).
4) Егер тапсақ, ақшаны қайта жібереміз (1 күн). Кейде адамдардың басқа есепшотқа түсті деуінің себебі осында. Ақша жоқ деп айтпастан бұрын барлық есепшоттарыңызды тексеріп алуды өтінемін.
5) Егер таппасақ, СМС жібереміз (кеше мұндай 28 мың СМС жібердік). Оған жауап ретінде есепшот нөмірін жіберу қажет (1 күн).
Мұнан ары сіздің есепшотты қашан бергеніңізге байланысты. Өздеріңіз көріп отырғандай, процесс бір күннен көп уақытты алады. Бірақ, бұл төлем аударуда проблема орын алған жайттарда ғана», - деді ол.
Осы ретте вице-министр кез келген қызметтегідей бір нәрсе анықтау қажет болса, онда ол қосымша уақытты алатындығын баса айтады.
«Бүгінгі күні төлем жасауға 4 197 336 өтінім қойылды. Оның ішінде 4 126 155 азаматқа төлем жіберілді. Қалған 71 181 өтініш бойынша азаматтардың есепшотына қаражатты дер уақытында аудару мақсатында жұмыс жүргізіліп жатыр.Бұған дейін төленген төлемдер бойынша банктермен қосымша тексеру жүргізілуде. Біз бұл жағдайды күнделікті мониторингілеп отырмыз және қажет болғанда банктермен және процесске жұмылдырылған өзге де ұйымдармен бірден жұмыс істейміз», - деді Нариман Мұқышев.
Сондай-ақ вице министр егер ақша түспесе, қай жаққа хат жазу керектігін айтып кетті.
"42500@enbek.kz және 42500@gfss.kz сайттарына күніне мыңдаған хат жолданады. Мамандар қолдарынан келгенше хаттарға жауап беруде, бірақ кейде жауаптар кешіктіріліп жатыр. Хаттар күні-түні қаралады. Кейбір азаматтар "маған ақша неге түспеді" деген сияқты хабарлама жібереді. Онда ол азаматтың не аты, не шоты, не ЖСН нөмірі жоқ. Мұндай хаттарды біз тексере алмаймыз. Сол себепті хат жіберетін кезде өзіңіз жайлы толық ақпаратты жазуыңызды сұраймыз", - деп қосты ол.
Хат мәтінін мысалы:
Мен, аты-жөніңіз, ЖСН нөмірі, мына күні өтініш білдірген едім. Сайтта жәрдемақы табысталады деп айтылған (скриншот суретті міндетті түрде қосу керек). Бірақ ақша әлі келіп түспеді. Менің өтінішімді тексеріп, жауап жіберулеріңізді сұраймын.