Қазақстанда COVID-19 індетін жұқтыру көрсеткіші тұрақталып келеді. Бұл туралы ҚР ДСМ Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев айтып берді.
«Қазіргі уақытта елімізде COVID-19 індетін жұқтырудың 2791 жағдайы тіркелді. Оның 70 пайызы немесе 1957 адам - жақын байланыста болғандар. Жергілікті жағдайлар - 17 пайыз немесе 473 жағдай. Басқа мемлекеттен келгендер - 11 пайыз немесе 302 жағдай», - деп атап өтті Т. Сұлтанғазиев facebook желісінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, өткен тәулікте 116 жаңа оқиға тіркеліп, 4,5 пайыз өсім байқалған.
«Өткен аптада індет өсімі 4,5-8 пайыз аралығында болған еді. Алайда кейбір облыстар мен аумақтарда бұл өсім өткен аптада 50 пайыздан жоғары болған. Жалпы айтқанда, наурыз айымен салыстырғанда өсім көрсеткіштері біртіндеп тұрақталып келеді деп айтуға болады. Қазіргі уақытта 682 сырқат жазылып, ауруханадан шықты. Жалпы мониторингте жақын немесе ықтимал байланысқандар ретінде 47 мың 839 адам аталған еді. Оның 98,5 пайызы дәрігерлермен хабарласып, үй карантиніне жатқызылды», - деді спикер.