«Абай әлемі» жобасымен 22 кітап жарыққа шығады
«Абай әлемі» жобасымен 22 кітап жарыққа шығады
327
оқылды
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен жыл соңына дейін «Абай әлемі» жобасының аясында 51 миллион теңгеге 23 000 дана кітап жарық көрмек. Мұндағы мақсат – жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығын насихаттау. «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында 2018 жылдан бастап Абай кітапханасында облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен «Абай әлемі» кітаптар топтамасы жобасы жүзеге асып келеді. Ондағы мақсаты –  қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына үлес қосып, туған өлкемізден түлеп ұшқан қабырғалы қаламгерлердің туындыларын қайта жаңғырту және жас ақын-жазушыларға қолдау көрсету. Жоба бес жыл көлемінде, 2018-2022 жылдар аралығында жүзеге аспақ. Жыл сайын жаңа кітаптар баспадан шығып, оқырман қауым жаңа есімдермен танысады. Мәселен, 2018 жылы 38 миллион теңге жұмсалып, 13 689 дана кітап жарық көрсе, былтыр 20 миллион теңге қаражатқа 6500 тираж кітап басылып шықты. Өңірдегі ақын-жазушылардың шығармаларын бағалау және жариялау жөніндегі кеңеске жазушы КСРО Жазушылар Одағының, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Медеу Сапаұлы Сәрсеке жетекшілік етіп келеді. «Абай әлемі» жобасының аясында биыл 22 кітап 23 мың данамен жарық көреді деп жоспарлануда. Осы мақсатқа 51 миллион теңге жұмсалмақ. ­­­– Биыл Абай шығармашылығын зерттеп жүрген қаламгерлер мен ұлы ақын ізбасарларының жинақтары, Абай шығармаларының ағылшын тіліндегі жинақтары және өзге де жеке авторлардың кітаптарын шығару жоспарда бар, – дейді Абай кітапханасы директорының орынбасары Гүлмира Нұғыманова. Айта кетейік, аталмыш кітапхана төтенше жағдай кезіндегі карантинге қарамастан, өз жұмысын тоқтатқан жоқ. Қызметкерлер виртуалды көрмелер, лекциялар және басқа да қызықты іс-шараларды онлайн режимде әлеуметтік желілерде өткізіп жатыр.

Дәурен Аллабергенұлы, Шығыс Қазақстан облысы