Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарына қауіпсіздік шараларын қатаң сақтай отырып, аулаларда серуендеуге рұқсат берілді, - деп хабарлады елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Мемлекеттік комиссия тұрғындарға аула және балалар алаңдарында серуендеуге рұқсат беру мәселесін талқылады. Елорда тұрғындарына 27 сәуірден бастап аулаға шығуға рұқсат етілді. Созылмалы ауруы бар және егде адамдар ерекше сақ болуы керек. Оларға аса қажеттілік туындамаған жағдайда далаға шығудан бас тарту ұсынылады, себебі бұл санаттағы азаматтар Covid-19 инфекциясын жұқтыруға аса бейім.
Тұрғындар сақтық шараларын қатаң сақтап, қорғаныс құралдарын пайдалануы қажет. Балалар алаңдарында қашықтықтың сақталуы шарт.
Қала бойынша күн сайын дезинфекция жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аула аумақтары, алаңдар және т.б. қамтылды. Дезинфекция жұмыстары күшейтіледі.
27 сәуірден бастап қатаң санитарлық нормаларды сақтай отырып, тұрмыстық электр техникасын сататын дүкендерге (ауданы 2 мың шаршы метрден астам), банк қызметі мен микроқаржы ұйымдарына, сақтандыру қызметіне; риэлтерлік компанияларға, агенттіктерге, жылжымайтын мүлікті бағалау жөніндегі консалтингтік қызметтерге, тұқым сататын дүкендерге, зоомагазиндерге жұмысын қайта бастауға рұқсат етіледі.
Инфекцияны жұқтыру қаупі жойылмағандықтан ойын-сауық және сауда орталықтары, кинотеатрлар, ресторандар, саябақтар мен адам көп жиналатын басқа да орындар әзірге жабық болады. Қоғамдық көліктің жұмысы карантин соңына дейін тоқтатылды.
Балабақшалар, үйірмелер мен секциялар жұмыс жасамайды. Ал жоғары оқу орындары, колледждер, мектептер қашықтан оқытуды жалғастыра береді.
Естеріңізге сала кетейік, Президент Төтенше жағдай режимін биылғы 11 мамырға дейін ұзартты.