Жамбылда өндірілген етті арабтар ұшақ жалдап алдыруда
Жамбылда өндірілген етті арабтар ұшақ жалдап алдыруда
Фото ашық дереккөзден алынды
389
оқылды
Жамбыл облысы өндірістік өлке екені байырдан белгілі. Әсіресе ет кластері бойынша кейінгі жылдары көш ілгері дамуда. Оған дәлел өткен жылы аймақ қозы етінің экспорты бойынша республика көлемінде бірінші орынға шықты. Карантин кезінде де жамбылдық шаруалар шалқасынан түсіп жатқан жоқ. Әр қожалық тірі адамның тіршілігін жасауда. Мәселен, Меркі ауданындағы «Меркі ет» ЖШС-і күні кеше ғана Біріккен Араб Әмірлігіндегі Дубай қаласына 60 тонна қой етін экспорттаған. Арабтар ұшақтарын жолаушыларсыз жөнелтіп, барып-келу құнын өз қалталарынан төлеген. Олардың жамбылдық етке деген қызығушылығы осыншалық болып отыр. Серіктестік басшысы Берік Егембердиевтің айтуынша, олар карантинге қарамастан ет экспортын сан есе көбейтуге қауқарлары бар екен. Тек шикізат қол байлау болуда. – Кәсіпорында қазір 4 мың қой мен 800 бас ірі қара бар. Алайда шұғыл түрде кемінде 50 мың қойдан тұратын мал қорын жасақтау керек болып тұр. Оны қайдан алатындығымызды білмей отырмыз. Кеше ауданға жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа бұл мәселені айттық. Енді ол кісі көмек қолын созады деген үміт басым. Егер мал басын көбейте алсақ, өздері қызығушылық танытып отырған арабтарға еш қиналмай өткере беретін едік, – дейді серіктестік басшысы. Қазіргідей қиын экономикалық жағдайда бұл қос қолдап қолдауға тұрарлық дүние. Арабтар ұшақ жалдап, барлық қауіпсіздік шараларын сақтанып отырса, ет экспорттауға не кедергі? Бұған аймақ басшысы жіті көңіл аударады деп сенеміз.

Саятхан Сатылғанов, Жамбыл облысы.