Тәжікстан Сыртқы істер министрлігі 27 сәуірде қазақстандық әріптестеріне әлеуметтік желілерде «Патруль» телетоптамасынан алынған видеоға байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізуді талап етіп, наразылық нотасын жолдады. Ведомство телетоптаманы түсірген «BAS production» продюсерлік орталығы мен оның тапсырыс берушісі "Тәуелсіз телевизиялық арнаның" (НТК) жала жабу және ұлтаралық араздықты қоздыруға бағытталған әс-әрекетіне "құқықтық баға беруді" талап етті. Бұл туралы Тәжікстан СІМ ақпарат және баспасөз басқармасы хабарлады.
«Патруль» фильмінің бір көрінісінде милиционерлер орыс және қазақ тілдерін білмейтін мигрантты ұстап алады. Ұсталған адам өзбекше сөйлейді, алайда милиционерлер оны тәжік екен деп, бөлімге апарады. Оны дәліз сырлатып, машина жуғызып қояды. Соңында оның елшілікке келе жатып адасқан Тәжікстан елшісі екені анықталады.
Бұл ролик әлеуметтік желілерде бірнеше күн бұрын таралып, тәжіктердің наразылығын тудырды. BAS production компаниясының SMM-маманы Бауыржан Жұбантиров бұған жауап ретінде тәжік халқынан кешірім сұрап, телетоптама НТК телеарнасынан 2012 жылы көрсетілгенін айтты. Оның айтуынша, кейін фильмнің бұл эпизоды барлық ресурстардан алынып тасталған.