Италияның Премьер-Министрі Джузеппе Конте коронавируспен күрес мақсатында Үкімет енгізген қатал карантин шараларын біртіндеп жеңілдете түсу жөніндегі Жарлыққа қол қойды.
Бұл туралы Италияның ANSA агенттігі хабарлайды.
4 мамыр күні елде өнеркәсіп өндірісі қайта іске қосылады. Сонымен қатар саябақтар, құрылыс алаңдары мен экспортқа тауар шығаратын кәсіпорындар жұмысын бастайды. Алайда жұмыс берушілер жұмыс орнын тұрақты әрі мұқият дезинфекциялап, жұмысшылар өзара қауіпсіз ара қашықтықты сақтауы керек. Сондай-ақ тек маскамен ғана және топталмай туыстардың үйіне баруға рұқсат етіледі. Үлкен отбасылық жиындарға тыйым әлі алынған жоқ.
Конте сонымен қатар 4 мамырдан бастап спортшылардың да жекелеген спорт түрлері бойынша жаттығуға кірісе беруіне болатынын айтты. Дегенмен командалық спорт түрлерінің жаттығуларына 18 мамырға дейін тыйым бар. Дүкендер, музейлер және кітапханалар жұмысын 18 мамырдан бастайды.
Бұған дейін Италияда тек азық-түлік пен өзге де бірінші кезекте қажетті тауарларды саудалайтын дүкендер ғана жұмыс істеп келді. Ал барлар, мейрамханалар, шаштараз бен сұлулық салондары өз қызметін 1 маусымнан бастай алады.
Қоғамдық тамақтану орындары 4 мамырдан бастап, өнімдерін жеткізіп бере алады. Премьер Конте мектептердің биылғы оқу жылының соңына дейін жабық болатынын айтты.
Италияда қазір жерлеу рәсімін жасауға рұқсат етілді. Айта кететін мәселе, үкімет шіркеу мессасын ұйымдастыруды дұрыс емес деп тапты. Өз кезегінде бұл жағдай Италия Епископ Конференциясының діни ұстаным бойынша адам құқығының бұзылғаны жөніне шағым түсіруіне негіз болды. Конте сонымен қатар әлеуметтік қашықтықты ұстану шарасының әлі бірнеше ай бойына жалғасатынын ескертті.
Еске сала кетсек, Италияда коронавирустан қайтыс болғандар саны Еуропадағы ең жоғары көрсеткіш болып отыр. Соңғы мәліметтер бойынша, бұл елде 26,6 мың адам көз жұмып, 197,6 мың адам ауырған. Соған қарамастан инфекцияның таралу қарқыны төмендеп келеді. Сонымен қатар күн сайын қайтыс болып жатқандар саны да азайған.