Елімізде жарияланған төтенше жағдай режимінен кейін онлайн бизнестің айы оңынан туды. Интернет-маркетингті меңгеруге ниет еткендер көбейген. Шетелде жақсы дамыған инфобизнестің біздің елдегі аяқ алысы қалай? Қазақстандағы алғашқы онлайн университет – Shonbay Online University-тің негізін қалаушылардың бірі, кәсіпкер, маркетолог, ShOU директоры Мейірбек Бердібайұлымен осы туралы әңгімелестік. – Мейірбек, Shonbay Online University мен дәстүрлі жоғары оқу орындарының айырмашылығы не? Онлайн университеттің ең ұзақ курсы бір жыл ғана екен. Студенттерге диплом бересіздер ме? Әңгімені осыдан бастайықшы. – Дәстүрлі университетке барғандар әдетте төрт-бес жыл оқиды. Ал біз қысқа курстарға қабылдаймыз. Иә, біздегі ең ұзақ курс – бір жыл. Шыны керек, мектеп түлектерінің көпшілігі қандай университетке болмасын, осы мамандық маған сай келеді, қабілетім соған жетеді деп бармайды. Қатарынан қалмай оқуға түссем болды деген түсінік басым екенін жасыра алмаймыз. Мұндай жағдай өз басымнан да өтті. Университеттің үшінші курсында оқып жүргенімде түбінде басқа салаға кететінімді түсіндім. Ал мен сияқты қаншама студент болды. Достарыңыз бен таныстарыңыздың арасындағы дипломы бойынша жұмысқа орналасқандары мен басқа салаға кеткендердің қайсысы көп екенін сараласаңыз, осыған көз жеткізесіз. Қазіргі таңда адамдар бизнес ашудың қыр-сырын үйрену үшін дәстүрлі университетке барып, төрт жыл жүргісі келмейді. Төрт жыл, шынында тым ұзақ. Қысқа мерзімде қажет білім алсам деушілер көп. Оларға бизнес ашу үшін жаңа бизнес түрін, жаңа дағдыны, әлеуметтік желі арқылы бизнес жүргізуді, маркетингті үйренсе, жетіп жатыр. Біздің университет сол дағдыны дамытуға бағытталған. Ең ұзақ курсымыз бір жылға ғана созылады. Бір жылдық курсты бітірушілерге диплом емес, арнайы сертификат беріледі. Ал қысқа курс оқығандарға ешқандай құжат берілмейді. Себебі біздің университетке диплом немесе сертификат үшін келмейді, студенттерімізге болашақ табысы маңызды. Жақында бір қызық жағдай болды. Бір студентіміз мұғалімдерге арналған онлайн-педагогика бойынша үлкен жоба ашты. Соған қатысқан мұғалімдер ә дегеннен сертификат сұрады. Олар сертификат білігімді көтергенімді дәлелдеу үшін керек депті. – Соңғы уақытта Shonbay Online University-тің студенті атануға тілек білдірушілер күрт көбейді деп жатыр. Бұл коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдаймен байланысты ма? – Шыны керек, біз карантин кезінде курсқа жазылушылар саны көбейеді деп ойлаған жоқпыз. Бірақ өткен аптаның өзінде курсқа өтініш бергендер саны 12 мыңнан асып кетті. Біз адамдардың карантин кезінде өзін-өзі дамытуға қатты кіріскенін байқап отырмыз. Өтініш берушілердің көбейгені сондай платформамыз бен shou.kz қосымшамызға үлкен салмақ түсті. Салдарынан видео ашылмай қалды. Сондықтан жұмысты жетілдіруге тура келді. Қосымша мамандар жалдап, платформаны күшейтіп, кемшілігін жойып, реттедік. Енді курсқа қанша адам жазылса да, еш кедергісіз жұмыс істей аламыз, жұмыс істеп жатырмыз. Университет ұжымында жиырмаға жуық адам бар – видеограф, дизайнер, менеджерлер және продюсерлер. Қалған қызметтерді аутсорсинг арқылы аламыз.
Бизнесте ең қиыны – сату
– Қазақстандағы инфобизнес туралы сөз қозғалса, міндетті түрде сіздің есіміңіз аталады екен. Инфобизнес біздің елде қалай дамып жатыр деп ойлайсыз? – Инфобизнеске келгенге дейін басқа кәсіппен айналысқанмын. Мамандығымның бизнеске үш қайнаса сорпасы қосылмайтын. Бірақ өз мамандығым бойынша жұмыс табылмаған соң бизнесте бақ сынап көргім келді. Сөйтсем, бизнес ашу оңай болғанымен, оны дамытудың машақаты көп екен. 2012 жылы Алматыда бокс клубын аштым. Залды жалға алдым, бірақ не жаттықтырушым жоқ, не өзімде бизнес жүргізетін білім жоқ. Ол кезде тренингтің не екенін білмеймін. Алдымда жөн сілтер адам да, ағам да жоқ. Содан бизнеспен айналысу үшін білім алу керегін түсіндім. Іздене келе Ресейдегі бизнес жүргізуді үйрететін тренингке аттандым. Қалтамдағы ақшаның өзін қарызға алғам. Тренингтің бірінші күні-ақ көп нәрсені түсіндім, клиент жинау, бизнес-сайт жасау, әлеуметтік желіні бизнес үшін пайдаланудың жолы, клиентпен шарт жасаудың тәртібін үйрендім. Екі айлық тренингте төрт жылда алмаған білімді алып шықтым. Әдетте бокс клубын бұрынғы тренерлер ашады. Олар интернет-маркетингтен бейхабар. Менің артықшылығым сол Ресейден маркетингті меңгеріп келдім, сөйтіп бір жылдың ішінде бір қалада төрт бокс клубын аштым. Табыс түсе бастады, ақшамның бір бөлігін тренингке салып жүрдім. Бірнеше тренингке қатыстым, өзім үшін өте пайдалы болды. Досыма бизнес ашуды үйреттім, інілерім де кәсібін дөңгелетіп әкетті. Енді ары қарай не істесем болады, қандай бизнес ашсам екен деп ойлана бастадым. Себебі бокс клубының жұмысы жолға қойылды. Менің қолымды байлап тұрған ештеңе жоқ. Сонда байқағаным, қазақы аудиторияға арналған тренингтер жоқ екен. Мен тек орысша тренингтерге барып жүрмін ғой. Маған шеберлік сағатын өткізуге ұсыныс түсе бастады. Осылайша, аптасына бір рет, сәрсенбі күні, кешкі 6-8 арасында, тегін тренинг өткізуді бастадым. 2016 жылы наурызда өткізген ең алғашқы тренингке 17 адам ғана жиналды, ал төртінші тренингке келушілер 50 адамдық залға сыймай қалды. Осылайша, «Алғашқы миллион» деген курсымды аштым, содан бері инфобизнес саласындамын. 2016 жылдың соңына қарай «Руми» мейрамхана желісінің иесі Қуаныш Шонбаймен таныстым, ол онлайн бизнесті бірге дамыту туралы ұсыныс айтты. Сөйтіп, өзімнің кішігірім мектебімді жауып, Versus академиясын құрдық. 2018 жылдың соңында ребрендинг жасап, Shonbay Online University деп атадық. – Инфобизнес қалай дамып жатыр деген сұраққа оралсақ… – Маған негізінен көп идеяны әлеуметтік желідегі оқырмандарым береді. Біз де бизнес-тренер болсақ, білгенімізді бөліссек деп жазатындар көбейді. Негізі, бізде қазақ тілінде сауатты сөйлейтін, білімді сарапшылар көп, бірақ олар өз жұмысымен ғана шектеліп қалған, өзінің білімі мен тәжірибесімен бөлісетін мүмкіндігі барын білмейді. Біз соларды курсқа тартып, жұмыс істедік. Яғни, мықты сарапшыларға продюсерлік еттік. Үздіктерін университетке спикер ретінде қабылдадық. Нәтижесінде, Youtube-та қазақша контент көбейіп келеді. Кітаптар да көбейе бастады. «Екінші болма» кітабы шыққанда қазақша кітап өтпейді дегендер болды. Біз маркетингтің арқасында ол кітапты бестселлерге айналдыра алдық. 145 мың данасын саттық.Кезінде инфобизнеске көңіл бөлмегендер қазір үйде отырған соң курс жасауға кірісіп жатыр. Қарантин инфобизнестің дамуына ықпал етіп жатыр. Бұл – жақсы құбылыс. – Инфобизнестегі негізгі өнім – ақпарат, білім. Шешендік өнерді қажет етеді, сауатты сөйлеу де маңызды. Көрерменді жалықтырып алмау үшін қалай дайындаласыз? – Инфобизнесте біліміңді таратудың түрлі жолы бар. Егер марафон жүргізетін болсаңыз, әлеуметтік желіге арнайы суреттердің астына мәтін жазып, баннер жасап, тапсырма беруге болады. Ол жерде сөйлеудің қажеті жоқ. Кітап шығару да инфобизнестің бір түрі. Айтарыңызды тасқа басасыз. Сосын аудиоподкастар бар, сөйлеу проблема болса, арнайы тренермен жаттығуға болады. «Сөйлей-сөйлей шешен боласың...» демекші, адам уақыт өте келе жаттығады. Өзімнің алғашқы видеомды көрсем, ұялатындай, тәжірибе аз. Бірақ оны Youtube-тан өшірмеймін, себебі тыңдаушыларым бұрынғы Мейірбек пен қазіргі Мейірбектің айырмасын көруі керек. Әрине, эфирге шығуға жүрексінетін, білімін сатқысы келмейтіндер дәстүрлі оқу орнында сабақ беріп, жалақы үшін жұмыс істей береді. Ол өз таңдауы. Ал ақша тапқысы келетіндерге білімін қалай сатуды біз үйретеміз. Бизнесте ең қиыны – сату. Бұрын көп ақша тапқан, ірі дүкені бар, көтерме саудамен айналысқандардың өзі қазір қиналып жүр, олар сатушылардың қолына қарап қалды. Қазір кім жақсы сата алады, сол сұраныста. Сондықтан бірінші кезекте сатуды, клиентке әсер ететіндей видео түсіруді үйретеміз. Видеоның ұзақтығы қанша минут болуы керек, ол жерде қандай ақпарат, қандай мөлшерде айтылуы керек екенін түсіндіреміз. Егер клиентке білімді мөлшерден артық берсеңіз, тақырыппен жаңа танысып жатқан адам шошып, қашып кетеді. Видеоны қайда және қалай салуды да үйретеміз. Себебі адамдар видеоны жасап, Youtube-қа сатуға қояды, ертең сатайын десе, оны басқалар көшіріп шығарып жіберген. Ал біздің платформамыз бен қосымшамыздан видеоңызды ешкім жүктей алмайды. Біз осындай қауіпсіздікпен қамтамасыз етеміз. Арнайы маманымыз Youtube-тан сабағымыздың көшірілген нұсқасын көрсе, арна әкімшілігіне хат жолдап, видеоны өшіртеді. – Сіз оффлайндағы тренингтерді онлайн режимге карантин енгізілмей жатып көшірдіңіз. Сонда болашақта оффлайнда тренинг өткізбейсіз бе? – Оффлайннан түбегейлі бас тартқан жоқпын. Иә, біз карантин енгізілмей жатып-ақ инфобизнесті онлайнға көшірдік. Оның өз себебі бар. Оффлайн тренинг өткізетіндердің басым бөлігі Алматыда шоғырланған. Ал Алматыдағы тренингке келуге бәрінің мүмкіндігі жоқ. Ауыл-аймаққа тренинг өткізу үшін баратындар жоқтың қасы. Ендеше біз неге оқырманымыздың санын шектеуіміз керек? Сондықтан оффлайнды уақытша жауып, онлайнға көшуге келістік. Америка мен Еуропадағы түрлі тренингтерде жиған білімді шалғай ауылдағы баланың үйіне апаруды көздедік. Әрине, клиенттер арасында оффлайн арқылы үйренгіміз келеді, тренингтің энергетикасын сезінген бөлек қой деп өтініш айтқан студенттеріміз үшін айына бір, кейде екі айда бір рет оффлайн тренинг өткізіп тұрамыз.Инфобизнес – ақпарат бизнесі. Өз біліміңіз бен тәжірибеңізді басқалармен бөлісу арқылы табыс табу. Онлайн курс, онлайн марафон, белгілі бір сала бойынша ақыл-кеңес беретін шағын кітаптар, коучинг, семинар, тренинг инфобизнес саналады.
Мақсатымыз – миллионер дайындау емес
– Бізде не көп, бизнес тренинг көп, сол тренингтер еліміздегі бизнестің дамуына қаншалықты үлес қосып жатыр? – Бірден айтайын, біз үйрететін маркетинг ірі бизнеске, зауыты барларға көмектеспейді. Курстарымыз шағын бизнес өкілдеріне арналған. Аз қаражатпен көп табыс табуды үйретеміз. Онлайн сауда арқылы табыс тауып отырған жастар өте көп. Олар ірі кәсіпкерлер сияқты көзге көрінбейді. Мақсатымыз – миллионер дайындау емес, күнделікті айлық табысы 500 мың – 1 млн теңгеден асатын кәсіпкерлер легін қалыптастыру. Олар жеке кәсіпкер ретінде тіркеледі, оның тәртібін, мемлекет тарапынан жасалатын жеңілдіктерді – бәрін үйретеміз. Осылай шағын бизнесмендерді дайындасақ, соның өзі – үлкен олжа. Білесіз бе, Қазақстанда бизнес жүргізу үшін керемет мүмкіндік берілген. Америкаға барғанда бизнеске салынатын 40 пайыздық салық туралы естіп таңғалдым. Ал бізде жеке кәсіпкерге салынатын салық 3 пайыз ғана, оның өзіне үш жылға мораторий жарияланды. Бизнес жасау үшін бұдан артық не жағдай керек? – Маркетингті үйрену үшін мұхит асып Америкаға, сосын Еуропаға бардыңыз. Олардың бизнес құрылымы бізге қаншалықты сай келеді? Олардағы маркетингке біздегі заң нормалары кедергі жасамай ма? – Сұрағыңыздың төркінін түсініп отырмын. Біз бірінші кезекте сатуды үйретеміз ғой. Шетелдегі тренингтерге барғанда түсінгеніміз, біздің елге Американың маркетинг жүйесі сай келеді екен. Мақсат – клиент тарту. Еуропаныкі басқаша. Американың Apple, Nike компаниялары ештеңе өндірмейді. Екеуі де маркетингтің арқасында сатушы компанияға айналған, әлемдегі ең қымбат Amazon компаниясы да ештеңе жасап шығармайды. Тек сатумен айналысады. Бізге де сатуды үйрену қажет. Себебі біз өндіру саласында бәрібір Қытай мен Түркияның деңгейіне жете алмаймыз.Инфобизнес арқылы айына 20 млн табатындар бар
– Shonbay Online University бір жылдық онлайн-курс кезінде стрестен, уайым мен шаршаудан арылу, армандау, тіпті медитация жасауға дейін оқытады екен. Бұл не үшін қажет және одан нәтиже бар ма? – Курсқа келгендердің 95 пайызы бизнес ашады, бірақ 3-4 айдан соң хабарлассаң бизнесін тастап кеткен болып шығады. Оларды оқытуға қаншама энергия жұмсайсың, бірақ нәтиже жоқ. Сондықтан осы мәселені зерттей келе курсқа психологияны қосу керек екенін түсіндік. Адам стресте жүрсе, ұялшақ болса, бизнес ашуы қиын болады. Тіпті, жақсы бизнес ашып, табысқа кенеліп жүрсе де, мына бизнес маған ұнамай қалды деп келетіндер бар. Дәл сол адам кезінде алғаш курсқа келгенде көп ақша табатын бизнес тауып берсеңіздер болды деген. Нәтижеге қол жеткізсе де, ойы басқа бизнеске ауа бастайды. Зерттей келе олардың өз бизнесінен статус іздейтінін түсіндік. Мысалы, ол шар сату бизнесінен айына 1-2 млн теңге тауып отыр. Бірақ бренд киім сататын, сұлулық салоны бар адамдарды көрген соң, сондай бизнес ашқысы келеді. Яғни, ол өзіне табыс әкелетін бизнесінен ұялады, бұл комплекс. Сондықтан біз бір жылдық курстың алғашқы үш айында тыңдаушы психологиясымен жұмыс істейміз. Сол үшін Ресейдің ғылыми-зерттеу орталығынан арнайы бағдарлама сатып алып, сынақтан өткіздік. Нәтиже жаман емес. – Отбасын сақтап қалу, тәлім-тәрбие беру мақсатында өткізілетін тренингтер инфобизнеске жата ма? Мысалы, Құралай ханым, Айнұр Тұрсынбаева өткізетін тренингтерді инфобизнес деп атауға бола ма? – Болады. – Бірақ оларды сынаушылар тренинг кезінде жалған дерек айтады дейді. Мысалы, «байтал шауып бәйге алмас деген, осы уақытқа дейін Нобель сыйлығын алған әйел жоқ» деген әңгіме айту инфобизнестің беделін түсірмей ме? – Бес саусақ бірдей емес. Инфобизнестің деңгейін түсіретіндер де бар, көтеретіндер де бар. Мысалы, ақпаратты тексермей жариялап жіберетін журналистер де бар емес пе? Қаншама жыл жұмыс істеген тәжірибесі бола тұра, ақпаратты тексермей айтып жіберіп, сүрініп жатады. Ондай олқылық кез келген салада бар. Бұл қалыпты нәрсе, адам осындай қатеден сабақ алады. Қайталамауға тырысады. Оның үстіне, қазір өз көзқарасына сай келетін тренерді табу оңай. Құралай ханым мен Айнұр жүргізетін тренингтер депрессияда жүргендерге көмектеседі, бұл да керек. Күйзелістен шыққан адам табыс табуды ойлай бастайды. Міне, сол кезде олар бізге келеді. Менің туысқан апам бар, менің немен айналысып жүргенімді түсінбейтін, түсінгісі де келмейтін. Бір күні «дүкен ашып едім, ары қарай қалай дамытсам болады, сен біледі екенсің ғой» деп хабарласып тұр. «Сізге аяқ астынан не боп қалды?» десем, «Айнұрды тыңдаймын ғой, бизнес ашатындар Мейірбектің курсына жазылуға болады деді» деп тұр. – Қазақстандағы инфобизнесмендер айына, кемінде, 5-6 миллион теңге табыс табады дейді. Рас па? – Рас, онлайн-бизнестің бір артықшылығы, дәстүрлі бизнестегідей кеңсе мен қойманы жалға алмайсың. Қытай мен Түркиядан тауар әкелмейсің. Біліміңді басқаларға тарату арқылы ғана табыс табасың. Мысалы, 1 млн теңге табу үшін 5 000 теңгеден 200 адамға марафон өткізсеңіз жетіп жатыр. Белгілі бір тақырыпта білім беретін болсаңыз, 200 адамдық аудитория жинаңыз да, курсыңызды 5 мың теңге деп бағалаңыз, 1 млн теңге қалтаңызда. Сонымен бірге, кітабыңызды 1 мың теңгеден мың адамға сатыңыз, 1 млн теңге тауып тұрсыз. Қазіргі таңда бизнес жүргізуден емес, заманға бейімделе алмаудан қорқу керек. Себебі кезінде танымал болған кәсіпкерлер қазір қиналып қалды, себебі олар әлемде болып жатқан трендтерге мән бермеді, санаспады. Сосын мамандық таңдауда қателессеңіз еш өкінбеңіз, мамандық ауыстырудан да қорықпаңыз. Ұнамайтын іспен айналысып, өз-өзіңізді қинаудың қажеті жоқ. Сіз инфобизнестегі танымал тұлғалар қанша табады деп сұрадыңыз, мен танитын тренерлер айына 5-6 млн емес, кемінде 20 млн теңге табады. – Әңгімеңізге рақмет!Сұхбаттасқан Халима БҰҚАРҚЫЗЫ