Биыл Шығыста көктем ерте шығып, Жер-ана да қар құрсауынан ерте арылды. Таулы өңірлер болмаса, тасқын қаупі жоқ жазық аймақтардың бәрінде жер құрғап, малдың өрісі де, адамның аяғы да ұзарды. Әдетте, бұл мезгілде ауылда да, қалада да тұрғындар ауласын қоқыстан тазалап, жаппай сенбілік науқаны басталатыны, жиналған қоқыстың өртелетіні белгілі. Өкінішке қарай, тиісті өрт қауіпсіздігін сақтамаудың кесірінен биыл Шығыс өңірінде өрт өте жиілеп кетті. Сала мамандарының айтуынша, тек сәуір айының басынан бері 41 дала өрті тіркелген. Мәселен, соңғы бірнеше тәулік ішінде облыс аумағында 27 дала өрті тіркелген. ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің ақпараты бойынша, дала өрті Үржар, Бесқарағай, Күршім, Жарма, Қатонқарағай, Глубокое, Көкпекті, Ұлан ауданында тіркелген. Өрттің жалпы аумағы 98 гектардан асады. Жалынның тұтануына қоқыстарды өртеу мен өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау себеп болған. Жасыл алқап пен жасыл орманды жалмаған мұндай жағдай жыл сайын қайталанатыны, өкінішті. Биыл облыстағы ең үлкен өрт Бесқарағай ауданында тіркелді. Оның аумағы 2 мың гектардан асқаны барлық республикалық БАҚ-та айтылып, жазылды. ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Қанат Әбділовтің айтуынша, 90% жағдайда орман өртінің негізгі себебі – найзағайдан келеді екен. – Сәуір айында ғана 41 рет дала өртенді. Тілсіз жауды 2 рет жергілікті атқарушы органдар өз күштерімен өшірсе, қалғанын өрт сөндірушілер ауыздықтады. Бүгінгі таңда облыс бойынша өрт сөндіру қызметінде жеке құрамда 2 211 құтқарушы мен 452 техника жұмыс істеуде. Сондай-ақ 23 ерікті өрт сөндіру жасағы құрылған. Олардың құрамында 2 мыңға жуық адам, 214 трактор мен 213 бірлік техника бар, – деді Қанат Әбділов Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифинг барысында. Оның айтуынша, тұрғын үйлерде және далада шыққан өртті жылдам сөндіру үшін өрт бекетін құрудың маңызы зор. Осы жылы Шығыс Қазақстанда мұндай 15 бекет ашу жоспарланып отырған көрінеді.
Өскеменнің маңында өрт күшейіп тұр
Өңірдің далалық аймақтарын айтпағанда, облыс орталығы Өскемен маңында да биыл өрт күшейіп тұр. Таяуда құтқарушылар қаладан шыға берістегі Шешек асуында шыққан өртпен 6 сағат бойы арпалысты. Құрғақ шөпке тиген жалын желдің әсерінен кенет күшейе берген. Өрт сөндіруге 89 құтқарушы мен 13 техника жұмылдырылды. Тілсіз жау шамамен 280 гектардай аумақты шарпып кетті. – Өрттің өршіп, басқа аумақтарға тиюіне жол бермеу керек болды. Осыған бар күшті жұмсадық. Қазір құтқарушылар учаскені бақылауда ұстап отыр. Ал мемлекеттік инспектор өрттің шыққан жерін анықтауда, – деп мәлімдеді қалалық ТЖБ баспасөз қызметіндегілер. Сондай-ақ Өскеменге іргелес Ұлан ауданы Асубұлақ кенті маңынан 5-6 шақырым жерде де құрғақ шөптің жануынан даланың өртенгені тіркелген. «Жағдай бақылауда. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша әуе күзеті өрт сөндіру үшін тікұшақты іске қосты. Дәл қазір оқиға орнындамын» деп жазды аудан әкімі Нұрымбет Сақтағанов өзінің Facebook парақшасына. Аудан әкімі хабарлағандай, өрт сөндіруге 70 адам, 4 өрт сөндіру автоцистернасы, 3 «Уаз», 3 «Нива», 1 «Газель» автокөліктері жұмылдырылған.Бесқарағайдағы өртті сөндіруге әлемдегі ең ірі тікұшақ қатысты
Ал республикаға әйгіленген, 23 сәуірде басталған Бесқарағай ауданындағы өртті сөндіруге облыстық ТЖД-ның 400-ден аса қызметкері мен 100-ден аса техникасы және дүниежүзіндегі ең үлкен тікұшақ – МИ-26Т жұмылдырылғанын бұған дейін жазған едік. – Бүгін (24 сәуір) сағат 7.40-тағы мәлімет бойынша, өртті сөндіруге 88 техника мен 293 адам жұмылдырылды. Оның ішінде «ҚазАвиаОрманҚорғау» мекемесінің екі тікұшағы – МИ-2 және МИ-8 бар. Сонымен қатар сағат 7.30-да көмекке Көкшетаудан тағы бір тікұшақ шықты,– деп хабарлаған болатын Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет сол кезде. Аталған комитеттің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахмет Көкшетаудан аттанған тікұшақ – әлем бойынша ең ірі тікұшақ екенін, МИ-26Т «Семей орманы» резерватындағы өртті сөндіруге жіберілгенін, борт бір сәтте 10 тонна су төге алатынын, одан бөлек, бортта өртті сөндіруге атсалысатын Көкшетау гарнизонының 30 мүшесі көмекке келгенін айтқан болатын. Еліміздегі өртке қарсы қызметтің ерен еңбегі мен жұдырықтай жұмылғанының арқасында бұл ірі өрт те ұзаққа созылмай ауыздықталды. Бұл жөнінде Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі арнайы мәлімдеді. – Өрт сөндірушілер 25 сәуір күні сағат 19.00-де өртті толық өшірді. Жалын 3 948 гектар аумақты шарпыды. Өртті сөндіруге Шығыс Қазақстан облысы мен Ақмола облысындағы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жұмылдырылған болатын. Құтқарушылар тұрақты қызмет орындарына қайтып жатыр, – делінген комитеттің хабарламасында. Тілсіз жауды ауыздықтау тәулік бойы жүргізіліп, өртті сөндіруге облыстық ТЖД, «Семей орманы» МОТР, «Ертіс орманы» МОТР, Ұлттық ұланнан 400-ден астам қызметкер мен 100-ден астам техника жұмылдырылғанын, ІІМ ТЖК «Қазавиақұтқару» АҚ МИ-26Т тікұшағымен және су шашу құрылғылары бар «Қазавиаорманкүзетінің» МИ-8 тікұшағымен жану ошақтарына су төгу жұмысы жүргізілгенін еске салайық. Ал Шығыс Қазақстан облысы әкімінің салалық орынбасары Ержан Нұрбаев та оқиға орнында болып, өртті ауыздықтау шараларын ұйымдастыруға қатысты. Дегенмен бұл «осымен бәрі бітті» деген сөз емес. Енді жергілікті орманшылар «Семей орманы» мемлекеттік табиғи-орман резерватында ондаған жылдар бойы жайқалып өсіп, өңірдің көркін келтірген, бір-ақ сәтте күл болып, тақырға айналған аумақтың орнын тазалап, қайтадан жасыл алқапқа айналдыру үшін тағы да ұзақ жыл тер төгетін болады. Тек енді қайталанбасын деп тілейік.Босаңсуға болмайды
Өртке қарсы қызмет өкілдері Шығыс Қазақстанда алда ауа температурасының әлі де жоғарылауына байланысты өрт саны артуы мүмкін екенін, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережесін мейлінше қатаң сақтауы керегін ескертеді. – Біздің мамандар Өскеменде рейд жүргізіп, өрт қауіпсіздігі ережесін бұзған 6 бағбанға ескерту жасады. Енді бір рет ескерту алған азаматтар тәртіпке бағынбайтын болса, оларға 3 АЕК көлемінде айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылады, – деді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімі басшысының міндетін атқарушы Алексей Штыкель.Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы