Сиқырлы шамды үйкелесең, ішінен Жын атып шығады. Оған үш тілегіңді айтсаң, демде орындайды. Тек өлгенді тірілту, тірі адамды өлтіру және біреудің жүрегін жаулау сияқты арманнан басқасы, әрине. Тоқсаныншы жылдары талайдың сүйікті мультфильміне айналған «Аладдинге» Disney студиясы ремейк жасады. Оқиғаның желісі сақталғанымен, жаңа көзқарас пен жеткізу тәсілі көзге ұрып тұр. Айталық, Жасмин ханшайым – бұрынғыдай махаббат нысаны ғана емес, әкесінің тағына отырып, халқына жанашыр болатын феминистік ұстанымы бар кейіпкер. Араб түнінен сыр шерткен шығыс ертегісінің тұсаукесеріне куә болдық. Қазақ тіліне тәржімаланған туынды жайлы толығырақ тарқатқанды жөн көрдік.
Әлқисса, фильм баршамызға таныс «Араб түні» әнімен басталады. Осының өзі «Аладдиннің» фанаттары үшін ғана емес, баласын ерте келген ата-анаға да ұнары хақ. Араб атмосферасына алғашқы минуттардан-ақ енуге мүмкіндік береді. Улап-шулап, азан-қазан қайнаған базардағы тіршілік. Қу жетім қалған Аладдин қарнын тойдыру үшін әр саудагерге бір ұрлыққа түседі. Оның бұл сұғанақтық қасиетін Агроба жұртының бәрі біледі. Қуса да, жете алмайтынына көндіккен. Әрі кетсе қарғайды да, қолды бір сілтейді. Иығына ыңғайлы жайғасқан маймылы Абу – сенімді серігі. Қаланы үтір-нүктесіне дейін білетін екеу расында серіктес секілді. Бір-біріне қол ұшын беруден тайынбайды. Әдеттегідей базар «аралап» жүрген сәтінде Аладдиннің жетім балаларға нан берген бір қызға көзі түседі. Саудагердің «ұрыны ұстаңдар» деген сәтінен қызық басталады. Екі жастың арасында сезім ұшқыны пайда болатын кез – осы. Жасмин ханшайым екенін жасырып, жай ғана қызметшісімін деумен шектеледі. Ел ішіне осылай жасырынып, сарайдан қашып шығатын ханшайым халқына өте жақын. Жүрегі осы еліне көмектессем деген ақ пейілге толы. Әйтсе де, мұрагер ұлы жоқ сұлтан қызына тағын табыстау туралы ойламайды. Бұл орынға көз тіккен адам да жоқ емес. Залым уәзір Жафардың патша орнын көздеп жүргеніне көп болды. Бұл тілегін орындау үшін шөл даладағы жартаста жасырынған сиқырлы шамға қол жеткізу керек. Оны алу әсте оңай емес. Үңгірге тек жүрегі ақ жан ғана кіре алады. Осылайша, Жафардың күні «бар болғаны екінші, сұлтанның уәзірісің» деп қайталайтын тотықұсымен өте береді. Жасминге ғашық болып қалған Аладдин сұлудың білезігін қайтару үшін қыруар күзеті бар сарайдан бірақ шығады. Аты шыққан ұры болғанымен, залымдығы жоқ, ниеті таза жан еді. Сарайдан шыға берісте Жафардың қолына түсіп, шамды алып беруге міндеттеледі. Дегенмен зұлым уәзірдің көздегені іске аспай, шамның иесі Аладдин болып шыға келеді. Оқиғаның әрмен қарай қалай өрбитінін айтпай-ақ қоялық. Мұны фильмнен көріп аларсыз. Туындыны көруге итермелейтін бірнеше факторды тізіп береміз.
Disney соңғы кездері ескі мультфильмдерді кино қылып жаңа амплуада ұсынып жүр. «Ғажайыптар еліндегі Алиса», «Малефисента», «Күлбикеш», «Дамбо» деп жалғауға болады. Бұл жолғы ремейктің жөні бөлек. Туынды бас кейіпкер арқылы емес, Жынның рөлі арқылы көбірек қызықтыратын сияқты. Уилл Смитті осыған дейін атыс-шабыстан көріп үйренген көрермен үшін жаңалық болды. Бізге ол нағыз балаларға арналған фильм үшін жаралған актер сияқты әсер етті. Тұнып тұрған харизма, актерлік шеберлігі тамсандырмай қоймайды. Оның үстіне рэп орындаушы Уилл мұнда да талантын жасырып қалған жоқ. Фильмге енген жаңалық та осы болды. Актердің ойыны жөнінен Смитті мақтағанымыздай, қазақша дубляжда да Дәурен Серғазинді ерекше атап өту керек. Жынның образын соншалық шебер дыбыстап шықты. Біле білсеңіз, «Дисней» дубляж жасаушыларды қатаң іріктеуден өткізеді.
Студиямен белсене жұмыс атқарып жүрген «Болашақ» корпоративтік қорындағылар кастингке 50 шақты адамның қатысқанын айтып отыр. Нәтижесінде, Жасминді Шахназ Қызыханова, Жынды Дәурен Серғазин, Жафарды Нұрлан Әлімжанов, сұлтанды Тілектес Мейрамов дыбыстаған. Disney дубляж барысында актерлердің сөйлеуі түпнұсқамен сәйкес келуіне баса мән береді. Сондықтан аударма тек мәтін жағынан үйлескенімен қоймай, актер аузының ашылып-жабылғанын да қамтиды. Тағы бір айта кетерлігі, атақты студия бас кейіпкер Аладдиннің рөлін танымал емес, жас актердің дыбыстауы керек деген шарт қойыпты. Осылайша, қазақша сайратудың жүгі Айсұлтан Жалиев есімді актерге жүктелді. Міндет орындалған сияқты.
Айтпақшы, Голливуд түсірген туынды шығар тұста трейлерін көріп сын айтқандар көп болды. Кейбірі қара нәсілді Уилл Смиттің рөлді қалай алып шығарын ойласа, енді бірі оның көкпеңбек реңді болғанына да уайымдап жатты. Одан қалса, Жасминді сомдаған ағылшын актрисасы Наоми Скотт арба аруларына әсте ұқсамайды десті. Есесіне, үлкен экранға бірінші рет шыққан Мена Массуд (Аладдин) – Египеттің тумасы. Нағыз шығыс жігіті екені келбетінен көрініп тұр. Фильмдегі танымал тұлғалардың қатарында Назим Педрад та бар. Ол ханшайымның қызметшісін сомдады. Фильмді баяндамаймыз деп уәде бергенімізбен, бір қызық деректі айтпай кетпесек болмас. Жын мен қызметші қыз отбасын құрады. Бірақ осы арада біршама оқиғаны бастан өткеру керек. Аладдиннің Әли ханзадаға айналуы, Жынмен екеуінің ажырамас дос болуы, Жафардың шамды иеленуі деген сыңайлы тұстарын ерекшелеп айтайық. Фильмнің ұзақтығы – 128 минут. Бірақ жалықтырмайды. Сюжет елітіп әкетеді. Экран алдында өткен екі сағат зулап өте шығады.
Аударма сәтті жасалған. Жасандылық жоқ. Әзілдері үйлесімді, тәржімасы сапалы. Қазақша дубляж режиссері – Шах-Мұрат Ордабаев, аударған – Әсел Мамырова. «Өзіңнен баста» жобасының аясында еліміздің жүзден астам актерінің дауысы Walt Disney Pictures қорына тіркелген. Белгілі шетелдік туындыларды қазақ көрерменге ұсынуды мақсат еткен жоба табысты жүзеге асып келеді. Биылдың өзінде Голливудтың алты фильмі қазақша дыбысталады деген жоспар бар. Наурызда жарық көрген «Дамбо», күні кеше тұсауы кесілген «Аладдин» – жарыққа шыққандары. Кезекте «Ойыншықтар хикаясы», «Малефисента», «Мұзды өлке-2», «Арыстан патша» тұр. Жай күнде «қазақ тілім қор болды» дейтін көрерменге тілдің дамуына үлес қосуға мүмкіндік туып отыр. Кинотеатрдан не көрсем десеңіз, қазақша дыбысталған «Аладдинге» барыңыз. Достық, махаббат, ынсап, билік жайлы ой түйіп, ішек-сілеңіз қатқанша күліп қайтасыз.