Жұлдыздар азық-түлік себетін таратты
Жұлдыздар азық-түлік себетін таратты
5,286
оқылды
Jas Otan Жастар қана­тының ерікті жастары жал­ғызбасты қарттарға, көп­балалы және аз қамтылған отбасыларға, жетім бала­ларға, ардагерлерге, ерекше қажеттіліктері бар адам­дарға және тағы басқа да азамат­тарға атаулы көмек көрсетіп жатыр. Аталмыш акцияның II ке­зеңінде волонтерлар қатарына қа­­зақстандық эстрада өкілдері, тележүргізушілер, актерлер және басқа да өнер майталмандары қосылды. Осы жолғы іс-шараға Тұрсынбек Қабатов, Жеңіс Сейдоллаұлы, Маржан Арапбаева және Әділ Ахметов қатысып, ерікті жастарға қолдау білдірді. – Жастардың осындай қиын кезеңде бірігіп, тұрғындарға кө­мектесіп жатқаны қуантады. Біз де науқанға волонтер ретінде қатысып, өз үлесімізді қосайық деп шештік. Пандемия тезірек аяқталып, халқымыз қайта бұрын­ғы қалыпты өміріне тезірек оралса деп тілейміз. Осы ретте індеттен аман-есен өту үшін азаматтарды карантин кезінде сақтық шара­ларды сақтауға шақырғым келеді. Біз әрқашан халықпен біргеміз! – дейді еріктілер қатарына қосылған Тұрсынбек Қабатов. Бүгінгі таңда Jas Otan-ның 3 000-нан астам еріктілері ел бо­йынша 65 мыңнан астам отбасын бірінші қажеттіліктегі тауарлармен қамтамасыз етті. Волонтерлар үлес­тіретін әр қорапта 30 келіден астам азық-түлік бар. Оған бірінші қажеттіліктегі азық-түлік өнімдері, жарма, макарон, күнбағыс майы және шай секілді тауар кіреді. Сонымен қатар азық-түлікпен бірге әр отбасына 50 бетперде үлестіріледі. Айта кетейік, Елбасы – Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тап­сырмасымен құрылған Birgemiz қоры бүгінгі таңда 152 000 аз қам­тылған отбасыларға 50 000 тең­геден қаржылай көмек көрсетті. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Ал­маты қа­лаларындағы 2 000-нан астам дәрігерді 50 000 теңге көле­мін­де ақшалай қолдады.  

Әбілмансұр ЖАСАН