Соңғы екі аптада Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданы, Көктал ауылдық округінде белгісіз инфекциялық аурудан қолдағы ірі қараның жаппай қырылуына байланысты арнайы ветеринарлық комиссия жұмысқа кіріскенін, әзірге мамандар мұның себебін таба алмай жатқанын бұған дейін айтқан болатынбыз. Бұл ақпаратты еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі де растап отыр. Осыған байланысты Көктал аулының тұрғындарына аймақ басшысы Даниал Ахметовтің өзі әлеуметтік желіде байланысқа шығып, басу айтты. – Көкталда орын алған жағдайдан хабардармын. Менің тапсырмам бойынша облыстық ветеринария басқармасының басшысы бастаған арнайы комиссия оқиға орнына барып, жағдайдың себебін анықтауда. Қазіргі уақытта облыста карантин жарияланып, аудандар мен ауылдарда қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Ауыл тұрғындарының талдау қорытындыларын алаңдаумен тағатсыздана тосып отырғанын түсінемін. Біз, Сіздермен біргеміз! Еліміздегі төтенше жағдайды ескере отырып, талдау қорытындысының қандай да болғанына қарамастан, барлықтарыңызға қажетінше көмек береміз. Барлық шығын өтеледі, бәріміз біріге отырып, Сіздерді тығырыққа тіреген мәселені жеңетін боламыз, – деді аймақ әкімі. Айта кетсек, қазіргі сәтте Көктал ауылында 253 бас мал шығын болған. Оның 123-і бұзау, 77-сі сиыр, 53-і торпақ. Тұрғындардан бөлек төрт шаруа қожалығы да қорадағы малдарынан айырылған. Енді оған төленетін қаражат есептелу үстінде. Ал ауылда малдың аузынан ақ көбік ағып өлуі саябырлаған. Құрылған арнайы комиссия мүшелері әлі де тексеріс жүргізіп жатыр. – Менің шешімім бойынша өлген әр ірі қара малдың басына – 260 мың теңгеден, бір жасарларға (2019 жылғы төл) – 150 теңгеден, бұзауларға – 50 мың теңгеден төленеді, – деп нақтылады Даниал Ахметов. Әзірге белгісіз себептермен малы қырылған Көктал ауылдық округі Үржар ауданының таулы аймағында орналасқан. Ауылдық округте 3 мыңға жуық ірі қара, 3,6 мың ұсақ мал және 629 бас жылқы тіркелген. Ветеринариялық іс-шаралар жоспарына сәйкес 2019 жылдың күзінде және 2020 жылдың басында округте малдардың басым бөлігі қауіпті ауруларға қарсы егілген. Атап айтқанда, аусылға қарсы 3 235 бас ірі қара және 2 мың бас ұсақ мал, сібір жарасына қарсы 2 мыңнан астам ірі қара және 650 бас ұсақ мал, эмкарға қарсы 1,3 мың бас ірі қара малға екпе салынған. Естеріңізге салсақ, өткен аптада БАҚ беттерінде Шығыс Қазақстан облысында белгісіз аурудан ірі қара мал қырылып жатыр деген хабар тараған болатын.
Дәурен Аллабергенұлы, Шығыс Қазақстан облысы