Мыңнан аса ауыл интернетсіз қалады

Мыңнан аса ауыл интернетсіз қалады

Жауапты министрлік ауылдықтар интернетке қол жеткізгісі келсе, урбанизациялануы, яғни қалаға көшуі керегін айтты. Мұндай байламдар бұрыннан сын ту­ды­рып жүр: «сонда шағын ауылдар ақпараттық технология заманының игілігін көруге лайықсыз ба?», –  дейді сарапшылар. Бірақ ведомство ұстанымын қатайтпаса, жұмсартпапты. Премьер-Министр Асқар Ма­миннің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында кеңжолақты интернетке қосылу түйткілдері қаралды. Цифрлық даму, иннова­циялар және аэроғарыш өнер­кәсібі министрі Асқар Жұма­ғалиев биыл кеңжолақты ин­тернетке қол жеткізген ауыл саны 5 163-ті құ­райтынын мәлімдеді. Тиісті тен­дерді санаулы компания жеңіп алған. Интер­нетті тара­ту­мен «Қазақ­те­леком» АҚ, «Транс­телеком» АҚ және «Кар-Тел» ЖШС айна­лысуда. Министрге сенсек, әзірге 118 қала мен 4 235 ауыл 3G не 4G байланыс желілерін қолдану мүм­кіндігіне ие. 2018 жылдан бері «Ауылдық елді мекендерді тал­шықты-оптикалық байланыс технологиясы арқылы интер­нет­пен қамтамасыз ету» жобасы іске асырылып жатыр. Бұл жоба 2020 жылдың соңына дейін 1 250 ауыл­ды интернетпен қамтуды көз­дейді. 20 сәуірдегі жағдай бойын­ша, 637 ауылға интернет жеткі­зілген, тағы 613 ауылда интернет қосу жұмысы жалғасуда. Жоба аяқталғанда Қазақстандағы 6 341 ауылдың 5 163-і интернетке шыға алуы тиіс. – 2020 жылдың соңына қарай Қазақстанда 1 178 ауыл интер­нетпен қамтамасыз етілмеген күйде қалады. Бірақ айта кеткім келеді, оларда тұрып жатқан тұрғындардың жалпы саны 130 мыңнан аспайды. Біз қалған ауыл­дарды кеңжолақты интер­нетпен қамтуды тек урбанизация­лау және аумақтарды өңірлік да­мыту есебінен жүргізген орынды деп санаймыз, – деді А.Жұма­ғалиев. Жиында «Цифрлы Қа­зақ­стан» мембағдарламасын іске асыру аясында жаһандық желі­ні пай­даланушылардың үлесі 88%-ға, ал цифрлы сауаттылық деңгейі 83%-ға жетеді деп мә­лімделді. – Төтенше жағдай кезінде елді интернетпен тұрақты түрде қам­ту мәселесі Мемлекет басшы­сы­ның ерекше бақылауында. Қа­зіргі жағдайда интернет халық­тың негізгі байланыс арнасына ай­налды. Ол сондай-ақ электрон­ды сауда, онлайн-оқу, электронды мемлекеттік қызметтер, денсау­лық сақтау жүйесі, қаржы және экономиканың басқа да сала­ларында маңызды құрал болып отыр, – деді Асқар Мамин. Үкімет басшысы Цифрлық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрлігіне байланыс операторларымен бірге, жоспарға кірген елді мекендерді интернетке қосу жобаларын уа­қытылы іске асыру үшін қажетті барлық шараны қабылдауды тапсырды. Ал әкімдіктерге антенналы бағаналар тұрғызу үшін оператор­ларға жер бөлу және ол нысандарға электр сымын жеткізіп беру мә­селелерін жедел шешу жүктелді. Өйткені 384 ірі ауылда ұялы байланыс операторларының еш­қайсысы жұмыс істемейді екен. Сондықтан оларға байланыс ба­ғанадағы антенна арқылы ұсы­нылмақ.  

Айхан ШӘРІП