Өзбекстанда «Мемлекеттік тіл туралы» заңды бұзған азаматтарды жауапқа тарту ұсынылды. Бұл бастама тек мемлекеттік қызметкерлерге қатысты, – деп жазады 24.kz.
Заңның талабын орындамағандар 50 мың теңгеге (Қазақстан валютасы – ред.) дейін айыппұл салынуы мүмкін.
Әділет министрлігі Әкімшілік жауапкершілік туралы кодекске өзгертулер енгізу жөніндегі заң жобасын көпшілік талқысына салды.
Ал бүгінде тәрбие мен білім алуда тіл таңдау, тілді қолдануға кедергі жасау, Өзбекстанда тұратын ұлттар мен халықтардың тілдерін кемсіту бойынша адам құқықтарын бұзғандарға жаза қарастырылған.
Енді ел билігі мемлекеттік орган басшыларының іс қағаздарын жүргізуде де жауапкершіліктерін арттыруды көздеп отыр.
Өзбекстан Әділет министрлігінің қызметкері Шахзод Абдулатипов: «Бұл заң жобасы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне байланысты. Яғни, жауапкершілікке осы ұйымдардың лауазымды тұлғалары ғана тартылады. Азаматтардың талқысына салынған құжат Өзбекстанда тұратын ұлттар мен халықтардың конституциялық құқықтарын бұзбайтынын айта кету керек», – деді.