Қазақстандағы түрлі этнос өкілдерінің татулығы мен береке-бірлігі жайлы жиі айтамыз. Этносаралық қатынастардың қазақстандық моделі ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясын атауға болады. Дегенмен этносаралық қатынастардың өзіндік ерекшеліктері, ұлыстар арасындағы татулықты сақтаудың тың тәсілдері, заманауи сын-тегеуріндер бар екенін жоққа шығармаймыз. Кейде этносаралық қайшылықтар болуы мүмкін екенін мойындамайтын тәріздіміз. Әрі «баршаның баласын» қазақтың төңірегіне топтастыруға бағытталған саясатымыз да тым сәтті еместей көрінеді. Бірақ қалай болғанда да, біздің елде ашық түрде этносаралық қақтығыс болған жоқ. Қордайдағы соңғы оқиғаның астарында қылмыс бар екенін мойындадық. Әйтпесе, қазақ өзгені тепкіге салу үшін аттанбағаны анық. Дегенмен этносаралық қатынастың қыр-сырын мамандардың айтып бергені орынды. Сол үшін біз Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының жетекшісі Айгүл Сәдуақасоваға бірнеше сауал қойдық. – Айгүл Кәкімбекқызы, этносаралық бірлік пен татулықтың қазақстандық моделі ретінде әдетте Қазақстан халқы Ассамблеясын атаймыз. Осы модель нақты қай тұрғыда өз-өзін ақтады? – Қазақстан этникалық тұрғыда ерекше құрылымы бар ел. Қазір елімізде 100-ден астам этнос өкілдері өмір сүріп жатыр. Ал біз сауалға жауап беру үшін алдымен этносаралық татулық мен бірліктің қазақстандық моделінің негізгі мақсатына тоқталғанымыз жөн шығар. Бұл біріншіден, діні, тілі, мәдениеті бөлек әр алуан этностарды біртұтас халық ретінде қалыптастыруды көздейді. Әрі осы халықтарды қазақтың төңірегіне шоғырландыруды, сөйтіп қазақ мәдениетіне, мемлекеттігіне ұйытып, бір ұлт, бір мемлекет құруды мақсат етеді. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы – осы саясаттың негізгі институты, іске асыру механизмі. Ассамблея шаңырағының астына барлық этнос өкілдері жиналып, толыққанды Қазақстан азаматы ретінде қазақпен интеграциялануы үшін жұмыс жүргізілді. Бұл саясаттың жетістігі ретінде тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстанда этникалық мәселелердің төңірегінде қандай да бір дау-жанжал немесе қақтығыстар болмағанын атап өтуге болады. Біз мұны сеніммен айта аламыз. Яғни, Қазақстанның тұрақтылық пен этносаралық татулық бағытындағы саясатының жемісі – осы. Егер 90-жылдарды алатын болсақ, жаңа мемлекеттер құрыла бастағанда мемлекет құру мәселесінің алдында екі таңдау болды. Біреуі – этникалық негізде мемлекет құру, екіншісі – азаматтық негізге басымдық беру. Этникалық негіз дегеніміз – «бір мемлекет – бір этнос» деген модель. Ал азаматтық негізде құрылған мемлекетте бір елдің ішінде бірнеше этнос өкілдерінің топтасып, бірге өмір сүруіне мүмкіндік беріледі, бәрі бір мемлекеттің азаматы саналады. Қазақстан осы екінші модельді қабылдады. Біздің Егемендік туралы декларациямызда да, Тәуелсіздік туралы конституциялық заңның ішінде де, кейін Конституцияның өзінде де осы негіз бекітілді. Айталық, қандай да бір тұлға Қазақстанның азаматтығын алғысы келсе, Конституция бойынша оның құқына қатысты ешқандай қайшылық пен шектеу болмайды. Өйткені біз этностық, нәсілдік тегіне қарамай Қазақстан азаматы ретінде қабылдаймыз. Мұны жетістік деп айта аламыз. Бірақ бұл жерде бірқатар мәселені ескеру керек. Біз модельді құрдық, ол енді өзгермейді, мінсіз, толықтырып, жетілдіріп отырудың қажеті жоқ деген ұғым болмауы керек. Өйткені этносаралық қатынастар өте нәзік дүние және әр адамның ішкі жады, ойы, мінез-құлқында белгілі бір ұғым болады. Сол ұғым негізінде оның мәдениеті қалыптасады. Кез келген тұлғаның өз ана тілі мен тәрбиесі негізінде ұстанатын діні болады. Яғни, әр этнос өкілінің өзіндік келбеті бар. Мұндайда бәрін бір мемлекет, біртұтас ұлт ретінде қалыптастыру үлкен, күрделі жұмыс. Әрине, бұл жерде мемлекеттік саясатқа көп дүние тікелей байланысты екенін жоққа шығармаймыз. Екіншіден, азаматтық қоғамның ұстанымына, соның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясына, этно-мәдени бірлестіктер мен басқа да үкіметтік емес ұйымдар қызметіне және жеке тұлғалардың ынтасына, азаматтық-патриоттық сезімдері мен ұстанымдарына да көп дүние байланысты болады. Сондықтан біз тек қана «қазақстандық модельді» әбден қалыптасқан, аяғына тұрған, өз бағыты айқындалған, кемшіліксіз саясат деп кесіп айта алмаймыз. Этносаралық бірлікті сақтау саясаты ұдайы жетіліп отырады. – Соңғы 10 жылда бірнеше мәрте тұрмыстық кикілжіңдердің немесе қылмыстың этникалық шиеленіс сипатын алып кете жаздағанын көрдік. Айталық, Қордай оқиғасы сондай жағдайдың айқын дәлелі. Мұндай жағдай не себепті қалыптасты? Татулық пен бірлікті насихаттауда аталған бағыттағы саясатта кемшіліктер кеткенін көрсетпей ме? – Егер әр онжылдықты қарап отырсақ, мұндай кезеңдерде белгілі бір қауіп-қатерлер болатыны көзге түседі. Қазақстан үшін 90-жылдардағы қауіп-қатерлер, әрине этникалық негізде болатын дау-жанжал еді. Біз ондай қатерден қатты сескендік. Өйткені посткеңестік елдердің бірқатары этносаралық мәмілені сақтай алмай қалды. Тіпті, көрші республикаларды алатын болсақ, олардың кейбіреуінде қоғамдағы бірлікті сақтай алмаудың соңы азаматтық соғысқа дейін жетті. Одан бөлек, этносаралық татулықтың бұзылуы экономикалық дағдарыс болған кезде де көрініс беруі мүмкін. Яғни, бәрі мүлдем күйреген 90-жылдарда ғана емес, кейін де береке-бірлікке сызат түсу қаупі болды. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың дұрыс жұмыс істемеуі де этносаралық қатынастарға өзінің кері әсерін тигізеді. Қазіргі таңда біз сондай қауіп-қатерді бастан кешіп отырмыз. Өйткені экономикалық дағдарыс кезінде, экономикалық даму төмендеген сәтте адамның этникалық сәйкестілігі өзін-өзі қорғау элементі ретінде алға шығады да, адамдар көбіне өзінің этникалық ортасынан өзіне қорған, түсіністік іздейді. Бұл – қалыпты құбылыс.
Қордай оқиғасы кезінде әлеуметтік желілер этникалық сипаттағы ұрандар, намысына тиетін сөздер арқылы адамдарды дүрліктіріп, азаматтарды мобилизациялап, жанжалды үлкен оқиғаға айналдырып жіберді. Эмоцияға ерік берілді. Өкінішке қарай, қоғамда этникалық лозунг өте тез тарайды.
Егер Қордай оқиғасын алатын болсақ, бұл жердегі мәселені тек бір бағытта, яғни этникалық қарым-қатынастардың немесе мемлекеттік саясаттың құлдырауы деп қарауға болмайды. Өйткені сол оқиғаларды сараптасақ, ол жерде қылмыстың ізі болғанын, әлеуметтік желілердің оқиғаны басқа бағытқа бұрып жібергенін байқаймыз. Әрине, бұл жер тығыз шоғырланған, топтанған этнотоптардың мекендеуімен ерекшеленеді. Мұның да тарихи себебі бар. Бірақ ол басқа мәселе. Дегенмен біз тарихқа зер салсақ, қазақтың басқа ұлт өкілдерімен қарым-қатынас орнатудың жолын білгенін және қазақ танымы мен көзқарасында басқа адамды ұлты негізінде жәбірлеп, намысына тиіп, қорлау сияқты жаман әдеттер жоқ екенін аңғарамыз. Сондықтан Қордай оқиғасында болған адам қазасы, үй-жайлардың өртелуі ұлтымыздың болмысы мен мінезіне қатысты емес. Онда тек қылмыс жатыр. Егер қылмыстық жағынан қарастырсақ, онда біраз мүдде қайшылығы болғанын аңғару қиын емес. Өйткені бұл жерде бизнес бар, іргесінде шекара тұр, коррупция да жоқ емес. Демек, осы мәселелерді ажырата білу керек. Қордай оқиғасы кезінде әлеуметтік желілер этникалық сипаттағы ұрандар, намысына тиетін сөздер арқылы адамдарды дүрліктіріп, азаматтарды мобилизациялап, жанжалды үлкен оқиғаға айналдырып жіберді. Эмоцияға ерік берілді. Өкінішке қарай, қоғамда этникалық лозунг өте тез тарайды. Әрі сөз басында айтқанымыздай, әлеуметтік-экономикалық жағдай нашарлай бастағанда әр азамат өз этносынан пана іздейді де, өз кезегінде бұл сол этностың мүддесін қорғауға мәжбүрлейтін қадамға итермелейді. Сол себепті мұндай кездерде этникалық сипаттағы ұрандар топты дүрліктіріп жіберуге қауқарлы болады. Қордайдағы оқиға соның айқын дәлелі. Әрі аталған жағдай әу баста этносаралық мәселені саясатқа айналдыруға жол бермеудің дұрыс қадам болғанын көрсетті. Яғни, елімізде сонау 90-жылдарда-ақ этникалық сипатта саяси партия құруға тыйым салынған. Меніңше, бұл – дұрыс тыйым. Өйткені әр саяси партияның билікке жету жолында қолданатын бірнеше механизмі болады. Егер біз соның ішінде этникалық факторды билікке жетудің жолы ретінде қарастырар болсақ, онда ол үлкен дағдарысқа алып келер еді. Дегенмен түрлі қауіп-қатерге назар аударып, оларды сараптай келе, мемлекеттік саясатқа да түрлі өзгерістер енгізу керек екені байқалды. Бұл жерде алдымен адамдармен қарым-қатынас құру, оларды тыңдай білу өзекті. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы Жолдауында-ақ «халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясын алға тартты. Кейде өкпе-наз мемлекеттік органдардың бұқарамен тілдесуге, олардың сөзін тыңдауға қауқарсыздығынан туындауы ғажап емес. Сондықтан мемлекеттік органдар жергілікті жердегі заңбұзушылыққа, жемқорлыққа тосқауыл қойып, жер телімдерінің жетіспеуі, білім саласындағы өзгерістер, қазақ тілін оқытудың сапасы және басқа мәселелерге айрықша мән беруі керек. – Этносаралық татулық, ынтымақ мәселесін жиі насихаттау арқылы бір ұлттың екіншісінен белгілі мөлшерде артықшылықтары бар дегенге саятын ой қалыптастырып алған жоқпыз ба? Бізге «Қазақстан азаматы» деген ұғым маңызды болып саналмай ма? – Этносаралық татулық, ынтымақ мәселесін насихаттаудың да өзіндік бір заңдылығы бар. Бір жағынан шектен шығып кетпеу керек, екінші жағынан әр құбылысты, нәрсені өзінің мәнімен, сапалы деңгейде түсіндіруге тырысу қажет. Әрине, кейде тым көп, біржақты айтылып кеткен мәселелер кейбір этнос өкілдеріне өзге этносқа қоғамда басымдық беріліп, оларға көптеген мүмкіндіктер жасалатыны турасында, сонымен қатар «біздің қолымыз бәрібір жетпейді» дегендей ой туғызып, этникалық дискриминацияға алып келетін түсінік қалыптастыруы мүмкін. Бірақ бұл жерде екі нәрсені ажыратып алу керек. Объективті және субъективті мәселелер. Субъективті көзқарас тұрғысынан «маған неге осындай көзқараста, неге менің мүмкіншілігім жоқ, өзгенікі басым» деген сипаттағы сұрақтарға жауап іздегенде адамның этникалық өзгешелігі бірден кесе-көлденеңдейді. Сөйтіп, ол «мен басқа этнос өкілімін, сондықтан маған көзқарас осындай» деген тұжырымға келуі мүмкін. Сондықтан мемлекеттік органдардың Қазақстанның әр азаматының конституциялық құқын сақтауы маңызды. Конституцияда әр азаматтың құқы тең. Демек, біз Конституция мен одан бастау алатын заңдарды бұлжытпай орындайтын болсақ, ондай мәселе болмайды. Әрине, бұл – идеалды жағдай. Шынайы өмірде 100 пайыз бұлай болып, жүзеге асады деу қиын. Бірақ біз соған тырысуымыз керек. Яғни, Қазақстан азаматы деген ұғым баршаға бірдей. Біз ешкімге артықшылық бермейміз және ешкімді кемсітпейміз. Алайда осы тұста ақпарат құралдарының қызметіне де көп нәрсе байланысты екенін ескеру қажет. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде тарайтын ақпараттарға да біраз дүние тікелей байланысты болып тұр. Әрі біздің ақпараттарды қабылдай білуіміз, сүзгіден өткізуіміз де өзекті. Егер біз қандай да бір дау-жанжал туралы ақпарат таратып, себебін сипаттаған кезде оған қандай да бір этникалық түсініктеме берсек, онда ол этносаралық қатынастардың шеңберіне кіріп кетеді. Біздің осыған көзіміз жетті. Сондықтан Қазақстан азаматы деген концепті кеңінен түсіндіріп, адамдар құқының тең екенін нақты көрсетуіміз керек.Сұхбаттасқан Амангелді ҚҰРМЕТ