Қазақстандағы барлық жұмыс беруші қызметкермен келісімшарт бекітсе немесе оның күшін тоқтатса, дереу ол туралы ақпаратты еңбек кітапшалары мен келісімшартын есепке алудың бірыңғай жүйесіне енгізуге міндеттеледі. Осыны қарастыратын жаңа заң жобасы Сенатқа жетті. Бірақ қазақстандықтардың қағаз еңбек кітапшасынан құтылатын күні сол бойы белгісіз болып қалуда. Үкіметті Бақытжан Сағынтаев басқарып тұрған тұста, 2017 жылғы қарашада Министрлер кабинетінің отырысында сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова 2018 жылы еңбек кітапшасынан бас тарту көзделіп отырғанын мәлімдеген еді. Бұл жаңалық әлеуметтік желілерде дүмпу туғызды. Жұрт әлдебір құрсаудан құтылып, азаттық алғандай шаттанды, әзіл-қалжыңға бой ұрды. Өйткені біраз адамның еңбек кітапшасы толық емесі, оны жұмыс берушілердің барлығы бірдей толтырмайтыны жасырын емес. Бұл азаматтың жұмыс өтілінің қате есептелуіне соқтырып жатады. Мысалы, 90-жылдардан бері дәл осы проблема кесірінен қаншама адамның зейнетақысы оған лайықты сомадан төмен есептелді. Ендеше жаңа заманда жауапты ведомство ескіше адамдарды «еңбек өтіліңді дәлелде!» деп азапқа салмай, жұмыс берушімен өзара реттей салса, керемет. Алайда іле-шала халықтың қуанышы су сепкендей басылды. Журналистерді жедел жиған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова министрдің мәлімдемесіне түсініктеме беріп, еңбек кітапшасынан жаппай бас тарту көзделіп отырмағанын жеткізді. Яғни, кітапшаны лақтырып тастамай, зейнеткерлікке шыққанша жоғалтпай сақтаған жөн екен. Министр айтқан жаңалық негізінен электронды еңбек биржасы арқылы жұмысқа тұрғандарға қатысты болып шықты.
Жаңа министр не дейді?
Қазір Еңбек министрі атына электронды еңбек кітапшасына қатысты сұрақтар қайтадан тасқындап түсе бастады. Елордалық «Джи Эйч Глобал» компаниясының жетекшісі Назерке Ордағұлова кезінде көп сөз болған «Электрондық еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінің» кейінгі тағдыры не болғанына қызығушылық білдірді. «Жалпы, электронды келісімшарттарға және еңбек кітапшасына толығымен көшудің нақты мерзімі бар ма? Жұмыс берушілер осының бәрін электронды түрде жүргізуге қашан міндеттеледі? Электронды еңбек шарттары мен осы жүйені енгізу жоспары, ережелері туралы білгеніміз жөн», – дейді ол. Жұмыс берушілер мен HR (кадр бөлімі) мамандарының алаңдаушылығына орай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов өз блогы арқылы жауап қайырды. Ол «Кейбір заңнамалық актілерге еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталатын жаңа заң жобасы бүгінде Сенат қарауында жатқанын хабарлады. Жобаға сәйкес, жұмыс берушілер жұмыскермен еңбек шартын жасауға және тоқтатуға, сондай-ақ шартқа енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға қатысты барлық ақпаратты «еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне» (ЕШЕБЖ) енгізуге міндеттеледі. Министрдің нақтылауынша, бірыңғай жүйеге келесі мәліметтер ұсынылуы тиіс. Біріншіден, қол қоюшы тараптардың реквизиттері талап етіледі. Бұл ретте жұмыс беруші жеке тұлға болса, өз ЖСН-ын (ИИН), ал заңды тұлға болса, бизнес сәйкестендіру нөмірін (БИН) беруі қажет. Қызметкердің жеке сәйкестендіру нөмірі көрсетіледі. Екіншіден, қызметкердің еңбек функциясы – қандай мамандық, кәсіп, біліктілік немесе лауазымда еңбек ететіні жазылады. Үшіншіден, электронды жүйеге жұмыс орнының мекенжайы, төртіншіден, еңбек шартының мерзімі, бесіншіден, жұмысқа кіріскен күні, алтыншыдан, келісімшарт бекіткен күн және реттік нөмірі түсірілуі керек. Бұдан бөлек, қосымша мәліметтерді де ұсына алады: жұмыс уақыты мен демалыс режимі, шартты бұзудың негізі, әскери борыштылығы, арнайы дағды-машықтары, жалпы біліктіліктері туралы деректер. – Жаңа заң жобасында қарастырылғандай, алда еңбек шартын электронды құжат түрінде бекітуге мүмкіндік беріледі. Бұл үшін екі жақ төл электронды цифрлық қолтаңбасын пайдаланады. Қызметкердің ЭЦҚ-сы болмаса немесе оны алудан бас тартса, онда жұмыс беруші еңбек шартын қағаз түрінде бекітеді және барлық мәліметті еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне өзі енгізеді. Осылайша, аталған заң жобасын Парламент қабылдап, Президент қол қойғаннан кейін барлық жұмыс беруші еңбек шарты туралы мәліметтерді ЕШЕБ жүйесіне енгізуге міндетті болады. Сондай-ақ Қазақстанда еңбек келісімшарттарын электронды күйде бекітуге жол ашылады, – деді Біржан Нұрымбетов. Бұған дейін осы жүйеге кәсіпорындардың тіркелуі ерікті болып келген.Жүйенің «көші» жүре түзетілуде
Аты тым ұзақ бұл жүйенің қысқарған атауы да көзге қораш, құлаққа оғаш: мемлекеттік тілде – ЕШЕБЖ, ал орысша нұсқасы – ЕСУТД. Сондықтан таяуда оған «ребрендинг» жүргізіліп, мүлдем басқа тілдегі, ағылшын тіліндегі E-hr деген атау таңдап алынды. Жүйені пысықтап ендірумен министрліктің «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ айналысады. Орталық осы жүйе арқасында қазақстандықтар жұмысқа орналасу кезінде құжат жинап қиналмайтынына сендіреді. E-hr жұмыс беруші мен жұмыскердің шарттасуы кезінде еңбек кітапшасынан және қағаз құжаттардан бас тартуға мүмкіндік беретін көрінеді. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының (ЕРДО) Деректерді талдау және өңдеу департаментінің директоры Бахтияр Жазықбаевтың мәліметінше, осы бірыңғай жүйе кәсіпорындардың кадр бөлімдеріне қызметкерлерді ресімдеу уақытын қысқартуға көмектеседі. Себебі E-hr жүйесіне арнайы сервис қосылыпты, ол жұмысқа орналасу кезінде қағаз құжаттар топтамасын жинаудан құтқаруы тиіс. – Енді осыған қажетті барлық құжаттарды, мысалы жеке куәлігі деректерін, білімі, тұратын жері, денсаулық жағдайы, соттылығының болмауы және басқа да мағлұматтарды кадр қызметі өз бетінше және электронды түрде ала алады, – дейді Бахтияр Жазықбаев. Ол осы жүйе бірнеше мәселені шеше алатынына назар аудартты. Біріншіден, E-hr жүйесін енгізу азаматтардың еңбек өтілі туралы деректердің сақталуын қамтамасыз етеді. Әйтпесе, қағаз құжаттар жыртылып не жоғалып қалуы ықтимал. Екіншіден, әр қазақстандықтың еңбек тарихы туралы дұрыс әрі нақты дерек қоры қалыптастырады. Демек, мемлекет әр адамның нақты қайда жұмыс істегенін, қандай біліктілігі мен қарым-қабілеті, дағды-машығы барын егжей-тегжейлі біліп, қажет кезде талдай алады. Үшіншіден, жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы қарым-қатынастар ашық, айқын, жария бола түспек. Төртіншіден, құжаттарды қолдан жасау қаупін жояды. Бесіншіден, электронды шарт бекіту арқылы жұмысқа кірісу мерзімін жеделдетеді. ЕРДО-ның түсіндіруінше, жаңа сервисті пайдалануы үшін кәсіпорын E-hr жүйесіне тіркелуі керек. Кәсіпорын командасына қабылдаған жаңа қызметкердің «жеке ісіне» (личное дело) құжаттар жинау үшін кадр бөлімі оның келісімін ала отырып, жүйеге тиісті сұрау жолдауы қажет. Әрі қарай бағдарлама барлығын өзі автоматты түрде жасайды. HR (Human Resources) мамандары бұл жүйенің әзірше олқылығы барын айтады. Қызметкерлер бойынша менеджер О.Мезенцева еңбек шарттарын толығымен электронды форматқа көшіруге жұмыс берушілер де, тіпті мемжүйе де толыққанды дайын емес дейді. «Өткен жылдың соңында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сұрау жібергенімізде, одан электронды еңбек шарттарына ауысу бірте-бірте жүретіні туралы жауап алғанбыз. Ведомство осы мақсатта E-hr жүйесінен еңбек шарты және еңбек қызметі туралы мәлімет алу және ұсыну ережесі әзірленетінін айтты. Алайда дәл осы министрлік Мәжіліске енгізген заң жобасында ондай өтпелі кезеңдер қарастырылмапты», – дейді ол. Еңбек министрлігі заңның қабылдануы «Қазақстанның бірден әлгі жүйеге көшіп кететінін» білдірмейтінін еске салады. Заң биыл қабылданады деп жоспарлануда. Құжат күшіне енген соң оны іске асыруға арналған заңнамалық акт қабылдануы тиіс. Оған да уақыт кетеді. Мамандар керекті мәліметтерді, мысалы кандидаттың дипломына қатысты мәліметті табу күрделі екенін айтады. Өз кезегінде Еңбек ресурстарын дамыту орталығы қазіргі уақытта E-hr жүйесі Білім және ғылым министрлігінің ақпараттық жүйелерімен, сондай-ақ Әділет министрлігінің жеке тұлғалардың мемлекеттік базасымен интеграцияланғанын жеткізді. «2020 жылдың соңына дейін Денсаулық сақтау министрлігінің, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің ақпараттық жүйесімен кірігу жоспарлануда», – деді орталық мамандары. Әрине, жауапты шенділер өз өнімін асыра мақтауға бейім тұратынын да естен шығармаған жөн. 2018 жылы іске қосылған E-hr жүйесі күні бүгінге дейін пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр. Бүгінде ол жүйеге ерікті негізде 28 мыңнан астам қазақстандық компания ғана қосылған. Сондай-ақ онда 1,3 миллион электронды еңбек шарты тіркеліпті. Салыстыру үшін айтсақ, осыдан жарты жылдай бұрын, 2019 жылдың қазан айының соңында жүйеде 18 мыңнан астам кәсіпорын және 793 мың еңбек шарты болған. 2020 жылдың бірінші жартысында жүйеге тағы 25 мыңға жуық жұмыс берушіні қосу жоспарланып отыр. Ал елімізде 300 мыңға жуық кәсіпорын бар. Яғни, әзірге көшінің жүрісі – ілби жылжыған митың жүріс. Министрліктің заң арқылы жұмыс берушілердің E-hr жүйесіне тіркелуін міндетті етуге ұмтылуы да амал жоқтан туған амалға ұқсайды.