Ол өзге ұлттың өкілі болғанымен, қазақ тілін бала кезінен біледі және қазақтардан асып түспесе, кем сөйлемейді. Оның бала жасынан өнерге, музыкаға жаны құмар. «Елім менің», «Атамекен», «Отан ана», «Қазақстан» секілді ұлттық рухқа бай патриоттық әндерді жан-тәнімен беріле шырқағанда еріксіз көзіңе жас келеді. Бұл әндерді республикалық сахнадан бүкіл қазақтың алдында шырқады. Ол деп отырғанымыз, «Х-фактор» байқауының бесінші маусымының жеңімпазы, қазақ тілінің жанашыры, өскемендік өрен Евгений Выблов.
Женя Алтай ауданының Серебрянка қаласында 1990 жылы 16 қазанда дүниеге келді. Кейін Өскеменге, сүйікті әжесінің тәрбиесіне ауысты. Себебі әкесі болмады, ал анасының денсаулық жағдайына байланысты оны тәрбиелеуге шамасы келмеді.
– 2000 жылы облыс орталығындағы «Үміт» балалар үйіне келдім. Өнерге қызығушылығым осында басталды, мұнда қызықты үйірмелер өте көп болды, оның ішінде қазақ тілінде де. Қазақ тіліне қызығушылығым артты. Менің өнерге қабілетімді байқаған ұстаздар музыка үйірмесіне жазды, алғашқы музыкалық жетекшім Дәметкен Әшімқызы болды. Кейінгі ұстазым Ерболат Матабаев деген аса дарынды өнер иесі. Шынымды айтсам, ер адамға тән барлық қасиетті, мінез-құлықты, тәрбиені сол кісіден алдым десем болады. Үнемі үйіне алып кететін, отбасында балаларымен бірге қазақша сөйлесіп өстім. Ерболат Зәкиұлымен байланысым әлі үзілген емес, тіпті әріптес ретінде қазір бірге жұмыс істеп жүрміз, – дейді Евгений балалық шағын еске алып.
Оның бағын ашқан, есімін республикаға танытқан талантты өнер иесі Нағима Есқалиеваның «Х-фактор» жобасы болды. Бұрын да бір рет бұл байқауда бағын сынап көрген оның бірден жолы бола қоймаған.
– Студент кезімде қатысуға шешім қабылдап, байқаудың екінші маусымында біршама жақсы өнер көрсеттім. Алайда менде репертуар таңдау, тәжірибе жағы жеткіліксіз еді. Сондықтан финалға жете алмадым. Құлазыған көңілімді жанашырларым мен достарым көтере біліп, сол кезде мүлдем өнерден кетіп қалмауыма көмектесе білді, – дейді ол.
Араға жылдар салып, университет бітіріп, тәжірибесі толыққан ол тағы да өнер жолында бағын сынауға аттанады. Тек бесінші маусымда ғана бағы жанып, жолы болып, жеңімпаз атанды. Бұл оның өміріндегі ең бір естен кетпес қызықты сәт болды, себебі ол сонау балалық шағынан қандай да бір музыкалық байқауға қатысуды армандайтын. Бесінші маусымдағы жеңіс оның алдынан өнердегі көптеген есіктерді ашып, продюсерлер тарапынан түрлі келісімшарт болғанымен, ол карьерадан бұрын отбасылық жағдайды бірінші кезекке қойды, Өскеменге оралды. Өңірдегі ірі өндірістік алпауыт «Қазцинктің» демеушілігімен осыдан 2 жыл бұрын өзінің сүйікті тыңдармандарының құрметіне «Сен үшін» атты алғашқы альбомын жарыққа шығарды.
Қазіргі уақытта «Үміт» балалар үйінде музыкадан дәріс беруде. Евгений Выблов балалар үйіндегі дарынды жеткіншіктердің көзін ашып, өзін үлгі ету арқылы балалар үйінде де қандай да бір жетістікке жетуге болатынын, олардың артында мемлекеттей қамқоршы тұрғанын көрсеткісі келеді. Бұл ретте өзінің бала жастан дарынын ашқан, барлық жағынан қолдау білдіріп, аналық махаббатты сездіріп келген «Үміт» балалар үйінің директоры Майра Бейсеқановаға, оның балалар үшін барын салатын еңбекқор ұжымына алғысы шексіз екенін айтады.
– Менің репертуарымның 90 пайызы – қазақ тілінде. Қазақ тілін ерекше жақсы көремін, құрметтеймін. Басқаларға үлгі етемін. Өйткені жетістіктерімнің бәріне де қазақ тілін білгендіктен, еркін сөйлегендіктен жеттім, – дейді ол.
Евгений республикалық ірі жобадан жеңімпаз болып келген сәтте қуанышы еселене түсіп, балалар үйінің түлегі ретінде мемлекеттен баспана алған. Бүгінде отбасын құрған өнерлі жігіт өзін бұл өмірде бақыттымын деп санайды. Ал отбасы жайлы жеке мәліметтің әлі құпия болып қалғанын қалайды. Қазір ол Өскемен қаласында эстрадалық-вокалдық мектептің негізін қалап, өнерін сол арқылы дамытуда, сол арқылы көптеген дарынды жастарды тәрбиелеуде.
– Дегенмен біржола өнерден кетпедім, ел ішінде кішігірім гастрольге шығып тұрамын. Алайда тағдырдың сынағымен жастай ата-ана махаббатын, отбасы жылуын сезінбегендіктен, бар уақытымды өнерден гөрі өзімнің отбасыма арнағым келеді. Ал отбасы көп көңіл бөлуді қажет етеді. Осы орайда, «Айқынның» барлық оқырмандарын, барша қазақстандықтарды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын! Төтенше жағдай кезінде әр отбасыға амандық, қуаныш, бейбітшілік пен береке-бірлік тілеймін, – дейді Евгений Выблов.