Сыннан көз ашпаған терминология
Сыннан көз ашпаған терминология
304
оқылды

Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырмасымен Ш.Шаяхме­тов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Салалық терминология­ның жаңа кезеңдегі мәселелері мен міндеттері» әдістемелік семинарын өткізді. Іс-шараның мақсаты – 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін салалық терминдерді біріздендіру және ұлттық терминқорымызды жетілдіру.

Іс-шараны Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты коми­тетінің төрағасы Ғалым­жан Мелдешов жүргізіп, мо­дера­тор болды. Кіріспе сөз сөй­леген соң, спикерлер кезек-кезек баяндама оқыды. Түрлі ұсыныстарын жеткізіп, пікір таласты. «Са­ла­лық терминдер жүйесі – ғылым тілінің негізі» та­қырыбында «Астана» халық­аралық қаржы орталығы Әкім­шілік депар­таменті директо­ры­ның орын­басары Шерубай Құрманбайұлы сөйледі. Одан кейінгі кезекте Ұлттық аударма бюросының бас редакторы Мұхтар Сеңгірбайұлы сөз алып, бюроның ғылыми ау­дарма тәжірибесі туралы әң­гімеледі.

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Терми­но­логия бөлімінің меңгерушісі Қарлығаш Айдарбек салалық терминологияның құрамы мен құрылымының мәселелеріне тоқталды. Спикердің айтуынша, терминдерді бір ізге түсіру ба­ры­сында ауызбіршілік болмай отыр. Соның салдарынан жұ­мыстың сапасына көңіл толмай, сынға ұшырау жиі кездеседі. «Әр жылдары шыққан сөздік­терде бәрі топтастырылып, б­і­різ­дендірілді деу қиын. Өйткені сала мамандарымен жұмыс істеу бізге қиын. Мысалы, әр термин­нің астарында оның формасы, мағынасында бірнеше сема бо­лады. Оның бәрін қамту мүмкін емес. Біз бастапқы семасын алып, соның негізінде форма­сы­на апарып тіркейміз. Осыдан кейін басқа семаларды айқын­дауы қажет. «Процесс – үдеріс, сигнал – дабыл» сынды сөздерге қатысты түрлі сын айтылады. Ондай кезде барынша дәлелдеп, ең ұтымды форма ретінде таңдалғанын жеткіземіз. Немесе математик ғалымдар «мына терминді аударуға болмайды. Орыстар осылай қолданған, мен де солай жазамын» деп шығуы мүмкін. Көрдіңіз бе, сала ма­ман­­дарымен бірлесіп іс атқару оңай емес. «Герб» сөзін алсақ, оны «елтаңба» деп жүрміз. Бірақ пошта, қала гербтері бар. Олар­ды не дейміз? Бұл жерде елтаң­баны сәтсіз термин деп тұрға­ным жоқ. Тек жағдайға қарай келмей қалатын тұстары бола­ты­нын айтып отырмын. Бәлкім, төлтаңба не таңбабелгі деу керек шығар. 2011 жылы сала ма­мандары тарапынан бізбен бірге жұмыс істеуге өтініш түскен соң, 2014 жылы бірлесіп сөздік шығардық. Енді латынға көшер тұста мамандарға біз ұсыныс тастап отырмыз. Тіл білімі ин­ститутының терминологиялық жұмыс тобы аясында секциялар жасақтап жатырмыз. Әр сала бойынша ғалымдармен жеке-жеке хабарласып, терми­но­ло­гияға қызығушылығы бар­ла­рымен жұмыс істейміз. Бір айта кететін жайт – латынша емле-ереже әлі бекітілмеді. Бірақ маң­дайшалар жазылып, ілініп тасталған. Күні ертең оны қай­тадан алып, екі жұмыс істеуге мәжбүр боламыз. 2020-2022 жылдары тоғыз сөздік жасау жоспарда бар. 2023-2025 жылы елу терминологиялық сала бойынша латын графикасы не­гі­зінде сөздіктер шығуы керек. Бұл жерде бір мәселе ғана бар. Ол – бекіту, классификациялау. Тіл тұрғысынан алғанда ол нор­маға түсіріледі. Дегенмен бізде лингвистикалық заңдастыру мә­селесі жетіспейді. Осы рет­телсе, екі-үш терминді қатар қол­данып шатаспайтын бола­мыз», – дейді Қарлығаш Айдарбек.

Семинарда мамандар өз са­ласында кездесетін олқылық­тарды тізіп, оны шешу жолда­рын ұсынды. Экономика сала­сындағы терминдерді қолдануға қатысты Ұлттық экономика министрлігі Ішкі әкімшілендіру департаменті Мемлекеттік тілді дамыту және редакциялау бас­қармасының басшысы Гүлнар Қисықова сөйледі. Ол мұндай семинарлардың жылда өткізіл­генімен, нәтижесі онша білін­бейтінін жеткізді. Сондықтан «былай істеу керек» деумен шек­телмей, нақты іске кірісуді ұсын­ды. Сондықтан келесі жы­лы семинар форматында емес, конкурстық бағытта ұйым­дастырса, алға жылжу болатын сияқты деп ойын жеткізді. Сон­дай-ақ банк, қаржы саласын­да­ғы терминдер жиі сыналып жатады. Айталық, «кредито­ва­ние – кредит беру, кредиттеу» деп айтылып жүр. Егер кредит беру болса, «выдача кредита» сөзі де солай аударылады. Міне, осындай мәселелердің салдары­нан түрлі түсініспеушіліктер орнап отыр. Ұлттық банктің Ұйымдастыру жұмысы және ба­қылау департаменті Мем­лекеттік тілді дамыту және ау­дар­ма басқармасы бастығының орынбасары Сайран Серім­бетова қаржы саласындағы терминдер бірізділігіне қатысты пікірін білдірді. География ғылымын қазақшаландыруға қатысты Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Қуат Сапаров, әскери салада терминдерді қолдану туралы Қорғаныс ми­нистрлігі Әкімшілік департа­менті Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының бастығы Айнұр Оразғалиева сөйледі. Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының бас сарапшысы Айжан Алдоң­ғарова салалық термино­ло­гиялық комиссияның жұ­мысы туралы талдау жүргізді.

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Қол­данбалы лингвистика басқар­масының жетекші ғылыми қызметкері Бақытгүл Ысқақ тіл білімі саласы терминдерін жаңа әліпбиде таңбалау мәселесін қозғады. БАҚ саласындағы жаңа терминдердің қолданысы хақында «Хабар» телеарнасы­ның Бағдарламалар өндірісі бөлімінің аға редакторы Жанна Алдабергенова талдады.

Әдістемелік семинар бойы салалық терминологияны жаңа кезеңге сәйкес жандандыру, терминдерді жүйелеу жөніндегі жаңа талаптарды әзірлеу және терминдерді қазақ тілінің жазу нормаларына сәйкес ретке келтіру мәселелері қозғалып, ұсыныстар тыңдалды. Енді қалғаны – іске кірісу. Жан-жақтан түрлі пікір естіп, аяусыз сыналатын терминдер мәселесі қалай біріздендірілетіні алда белгілі болады.