Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты қазір біздің қалыпты өмір сүру қағидаларымызға бірнеше шектеулер қойылды. Соның ең үлкені әрі қоғам үшін, өзіміз үшін аса маңыздысы – үйде болу және қолдау көрсету.
Осы тұрғыда Түркістан облысының Қоғамдық даму басқармасы #BALALARMEN_BIRGE және #Үйдебол челленджі аясында #Ауылымалтынтұғырым атты қос бірдей байқау жариялап отыр. Байқаудың басты мақсаты, төтенше жағдай кезінде үйдегі төрт қабырғадан шыға алмай отырған кішкентай ұл-қыздарымыздың қабілетін арттыру болса, екіншісі туған жерге деген патриоттық сезімді ояту және өңіріміздің табиғатын насихаттау болып отыр.
Байқауға еліміздің кез-келген азаматы қатыса алады және ең үздік видео иелері Қоғамдық даму басқармасының тарапынан естелік дипломдар мен қаржылай сыйлықпен марапатталатын болады.
Қоғамдық даму басқармасының (бұрынғы облыстық ішкі саясат басқармасы) онлайн байқауға қатысушыларға қояр талабы еш қиындығы жоқ. Айталық, үйлеріңізде түсірілген отбасы туралы бейнежазбаларды әлеуметтік желілердегі өз парақшаларыңызда басқарма тарапы көрсеткен хэштегпен жарияласаңыз болғаны.
«Әрине, тіршілігін қоршаған ортамен байланыстырған біз үшін бұл оңайға соғып жатқан жоқ. Әсіресе, үйдегі кішкентай ұл-қыздарымызға қиын соғуда. Алайда бұл біздің болашағымыз бен жақындарымыздың қауіпсіздігі үшін жасалып отырған жағдай. Осындай кезеңде үй ішінде, ұл-қыздарымыздың ортасында отырып, өзіміздің және перзенттеріміздің қабілеттерін дамытып, оны көпшілікке үлгі ретінде көрсетуге үлкен мүмкіндік туып отыр» деген Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы үйде отырған ата-аналар арасында ерекше байқау жарияламақ.
Талап мынадай, ол үшін сіз өз үйіңізде ұл-қыздарыңызбен бірге бос уақытты тиімді пайдалану үшін көпшілікке үй жағдайында жасауға болатын лайфхактар ұсынуыңыз қажет. Яғни, отбасыңызбен бірге жаттығулар жасап немесе бірге өнер көрсетіп оны 1-3 минуттық видеоға түсіріп, өз әлеуметтік желі парақшаларыңызға #Balalarmen_birge, #Түркістаноблысықоғамдықдамубасқармасы, #Biz_birgemiz хэштегі арқылы жариялауыңыз керек.
Видеоның мазмұнын өзіңіздің және ұл-қыздарыңыздың қабілеттеріне қарай қалаған форматтарыңызда түсіруге болады.
Ең бастысы, осы кезеңде үйде отырған ұл-қыздарымыздың уақытын тиімді пайдаланып, салауатты өмір салтын ұстануға үндеуге, олардың тәрбиесіне көп көңіл бөлуге шақырса болғаны.
Ал екінші байқау туралы басқарманың мәліметінде былай делінген:
«Дәл қазіргі сәт – баршамыздың бірлігіміз сыналатын кезең. Әлем бойынша ауыр індетпен ел болып бірге күресіп келеміз. Елімізде жарияланған төтенше жағдай режиміне байланысты барлығымыз үйден шықпауға тиіспіз. Көрінбейтін вирусты көрінбей ғана жеңе алатынымызды түсіндік. Барлығымыз ауылда туып, шаңына аунап өстік. Бүгінде #Үйдебол челленджі аясында туған жерге деген патриоттық сезімді ояту мен өңіріміздің табиғатын насихаттау мақсатында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы тарапынан #Ауылымалтынтұғырым атты байқау ұйымдастырылып отыр», – дейді.
Байқауға еліміздің кез-келген азаматы қатыса алады. Ол үшін өз ауылының әсем табиғаты мен тамаша көрінісін суретке немесе видеоға түсіріп, ауылы туралы суреттеме жазба жазуы тиіс. Жазбаның мазмұнында ауыл табиғаты, тіршілігі мен өмірін суреттеуге басымдық болуы керек.
Материал әлеуметтік желіде (фейсбук, инстаграм) #Ауылымалтынтұғырым, #ТүркістаноблысыҚоғамдықдаму_басқармасы, #Biz_birgemiz хэштегтерімен жариялануы тиіс.
Қазылар алқасы арнайы мамандар мен әлеуметтік желі белсенділерінен құралады.
Айта кету керек, қос байқау ағымдағы жылдың 24 сәуір мен 14 мамыр аралағында өтеді.
Ең үздік видеолар мен тамаша түсірілген суретердің иелері Қоғамдық даму басқармасының тарапынан естелік дипломдар мен қаржылай сыйлықпен марапатталатын болады.