TURAR Healthcarе не үшін құрылады?
TURAR Healthcarе не үшін құрылады?
176
оқылды
Өткен аптада  ақпарат құралдары елімізде  жаңадан мем­лекеттік медициналық компания құрылатыны туралы  хабар тарат­ты. Бұған Үкіметтің 27 сәуір күні Ашық үкімет порталына TURAR Healthcare ЖШС құру туралы қаулы жобасын жариялауы себеп болғаны айқын. Себебі қаулы жобасында құрылатын  компанияның жарғылық капиталына мемлекеттің 100 пайыз қатысатыны айтылған. Экономикалық дағдарыс ден­деп тұрғанда жаңа компания құру­дың қажеті бар ма? Мемлекет басшысы былтыр ғана ква­зи­мем­лекеттік компаниялар құруға мо­­раторий жариялады, ендеше «жаңа компания не үшін қажет бо­ла қалды?» деген сұрақтың жауа­­бын іздеуге тырыстық. Соны­мен...  

TURAR Healthcare – уақытша атау

Бізді ә дегеннен жаңа ком­па­нияның атауы елең еткізді. Себебі былтыр қазан айында Ашық үкі­мет порталында «Ұлттық ғылыми он­кология және транспланто­ло­гия орталығы» акционерлік қо­ға­мын TURAR Healthcare ак­цио­нер­лік қоғамы деп қайта атау ту­ралы қаулы жобасы жарияланған бо­латын. Олай болса, жаңадан ком­пания неге TURAR Healthcare деп аталады? Бұл сұрақты, әл­бет­те Денсаулық министрлігіне жолдадық. Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевтің айтуынша, TURAR Healthcare компаниясын Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығы негізінде қайта құру қарастырылғаны рас, бірақ кейі­нірек бұл нұсқа қабылданбапты. Биыл құрылатын компа­ния­ның TURAR Healthcare аталуы кездейсоқ көрінеді. Оның үстіне, жаңа­дан құрылатын компания атауы әзірге мемлекеттік ор­ган­дармен келісілмеген. Сондықтан алдағы уақытта компания атауы өзгеруі әбден мүмкін көрінеді. Екіншіден, әдетте Ашық үкі­мет порталына қаулы жобалары тал­қылау үшін, яғни қоғам пікірін зерт­теп-зерделеу үшін жария­лана­ды. Үкіметтің талқылаудағы сын-ескертпені қаншалықты ес­керетіні белгісіз, өйткені сала ми­нистрлігі бұл компанияның қа­лай­да құрылатынын айтып отыр. Ал жоба туралы талқылауда жа­зылған пікірлер өзекті емес дей ал­маймыз. Мысалы, Ашық үкімет пор­талына пікір жазғандардың бірі жаңа компанияның Жар­ғы­сын жариялауды талап етіпті. «Жарғы арқылы компанияның қыз­меті туралы толық ақпарат алар едік» дейді. Енді бірі бүгінгі дағ­дарыс кезінде компания құр­май-ақ, оның міндетін «Әлеу­мет­тік медициналық сақтандыру қоры», «СҚ Фармация» сияқты жұмыс істеп тұрған медициналық ком­панияларға беруді ұсынған. Жалпы, жаңа компания құруды 32 адам қолдаса, 33 адам қарсы бо­л­ған. Мемлекет басшысының был­тыр квазимемлекеттік компа­ния­лар құруға тыйым салғанын еске салғандар да жоқ емес. Бірақ олар Пре­зидент жариялаған мора­то­рий­дің әлеуметтік маңызы бар ком­панияларға қатысы жоғын біл­меген сияқты. Оның үстіне, Мем­лекет басшысы медициналық ком­пания құру туралы бастаманы сәуір айында мақұлдаған.  

Бағдарламадан бас тартпайды

Қысқасы, жаңа компанияны құруға еш кедергі жоқ, ал ол компания не үшін құ­рылады? Енді сол туралы айтсақ. Денсау­лық сақтауды дамытудың 2020-2025 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағдарлама­сында алдағы жылдары елімізде заманауи 16 аурухана салынатыны айтылған. «Алдағы 6 жылдың ішінде ауруханалық мемлекеттік-жекеше әріптестігі (МЖЭ) бағдарламасы шеңберінде Ақтөбе, Көкше­тау, Өскемен, Атырау, Тараз, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Ақтау, Павлодар, Пет­ропавл, Алматы, Түркістан, Нұр-Сұл­тан қалаларында кемінде 14 МЖӘ кон­цессия ірі жобасын, оның ішінде еліміздің жетекші медицина университеттерінің жанынан төрт университеттік клиниканы іске асыру бойынша шаралар қабылдау жоспарланып отыр» делінген бағдарламада. Сонымен қатар осы құжатта денсаулық сақтаудағы МЖӘ-ні, концессияны дамы­тудың ірі инвестициялық жобаларын тиімді іске асыру үшін денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту операторы тұлғасында жұмыс органы құрылатыны айтылған. TURAR Healthcare сол опера­тордың міндетін атқарады.    width= Егер 16 аурухана салу арқылы өңірлер­дегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңартуға, пациенттерді емдеуде сапалы және мультидисциплинарлық тәсілді қам­та­масыз етуге, пациенттердің шетелге ке­туін азайтуға және көшпелі медициналық туризмді қамтамасыз етуге, медициналық жоғары оқу орындары үшін клиникалық база құруға қол жеткізеді екенбіз. Бұл ғылымның, білімнің және клиникалық қыз­меттің үш тұғырлығының перспек­ти­валы моделін құруға, клиникалық зерттеу­лердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді деген үміт бар. Себебі 16 аурухана еліміздегі ескірген 40 нысанның орнына салынады. Министрлік осылайша 5-6 жылдың көлемінде Joint Commission International (JCI) халықаралық стандартына сай ке­летін 8 мыңнан астам төсек-орынға шақталған алдыңғы қатарлы жоғары технологиялық аурухана желісін құрамыз деп отыр. Бұл жобаға отандық, сонымен қатар халықаралық деңгейдегі ауруханалар құрылысында тәжірибесі бар шетелдік компаниялар мердігер болады.  

Бюджетке салмақ салмай ма?

Еліміздегі ірі медицина орталықтары­ның барлығы дерлік бүгіндері бюджеттен қаржы алады. Оған жаңа компания қосылса, бюджетке салмақ салмай ма? Бұл сұраққа министрліктен «Серіктестіктің жарғылық капиталын қалыптастыру үшін республикалық бюджеттен бір тиын бөлінбейді» деген жауап алдық. Онда компания қандай қаржыға «күн көреді»? «Бүгінгі күні оператор қызметкерлерінің қажетті штат санын анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ операторды ұстау нұсқалары пысықталады. Бұл ретте, жаңа көпбейінді ауруханалардың жұмыс істеуі кезеңінде операторды ұстауды қызметті жүзеге асырудан, оның ішінде бюджетке жүктемесіз медициналық көмек көрсетуден түскен табыстар есебінен жүзеге асыру жоспарланып отыр», – дейді министрліктің баспасөз қызметі. Солай болсын делік, бірақ үйлестіруші оператор – TURAR Healthcare 16 аурухана салынбай тұрып құрылады. Ал 16 аурухана пайдалануға беріліп, табыс тапқанша арада 4-5 жыл уақыт кетеді емес пе? Ал 16 аурухананың құрылысына қаржы мемлекеттік бағдарламада 2022 жылдан бастап бөліне бастайды. Мысалы, респуб­ликалық бюджеттен 2022 жылы – 12 млрд, 2023 жылы – 60 млрд, 2024 жылы – 103 млрд, 2025 жылы 161 млрд теңге қарас­ты­рылған. Бұл мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы, оған МЖӘ шеңберінде жеке сек­тордың да қаржысы қосылады. Аурухана құрылысын бастағанға дейін техникалық-экономикалық негіздеме сияқты маңызды құжаттарды дайындау басталады. Ол жұмыстың барлығын TURAR Healthcare атқарады. Сонда бұл компания қандай қаржымен өмір сүретіні бізге белгісіз күйі қалып тұр. Бастысы, коронавирус әбігерге салып жатқанда жаңа компания құруға не себеп болғанын анықтауға тырыстық. Яғни, тозығы жеткен 40 нысанның орнына заман талабына сай келетін 16 аурухана салу бүгінгі таңда өзекті болып тұр. Ол ауруханалардың құрылысы басталғанға дейін елдің есін алып тұрған коронавирус инфекциясы да ауыздықталар деген үміт бар. Тек бюджеттен бөлінетін қаржыны тиімді әрі мақсатты жұмсау назарға алынса дейсің. Себебі 2000 жылдардың басында қолға алынған «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасының нәтижесі көңілден шықпады. 2011 жылы аяқталуы тиіс жап-жақсы бағдарламаны жүзеге асырушылар ел қазынасына 1,5 млрд теңге шығын келтірді, кезінде осы бағдарламаға қатысты 30-дан астам қылмыстық іс қозғалды. Сон­дықтан алдағы жылдары салына бас­тайтын 16 аурухананың құрылысы 100 аурухана құрылысының аяғын құшпаса екен...  

 width=  Халима БҰҚАРҚЫЗЫ