Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысындағы жұмыс сапарын минералды тыңайтқыш өндіретін зауытты аралаудан бастады. Қазақстан Президентіне қысқа мерзімде жылдық қуаты 300 мың тоннадан 500 мың тоннаға дейін минералды тыңайтқыш шығаратын технологиялық жүйенің жұмысы туралы мәлімет берілді. Сонымен қатар өндіріс орнында жергілікті шикізат пайдаланылатыны, Қаратау қаласының фосфат шикізаттары өңделетіні жөнінде баяндалды.
– Бұл – химия өнеркәсібіндегі, соның ішінде сары фосфор өндіруге маманданған халықаралық деңгейдегі жетекші кәсіпорын. Халықаралық нарықтарға өз тауарларыңызбен шығуға осы артықшылықтарыңыз септігін тигізеді. Бәсекелестікке қабілеттілікті одан ары арттыру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
1951 жылы салынған бұл кәсіпорынның негізгі қызметі – химия өнеркәсібі. Кәсіпорынның өнімдері Еуропалық одақ елдеріне, АҚШ-қа, Қытайға, Жапонияға және Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортталады.
Өңірдің ардагерлері, зиялы қауым, азаматтық қоғам және жастар өкілдері қатысқан жиында Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының экономикалық мүмкіндіктерін атап өтіп, түйіні тарқатылмаған бірқатар мәселеге назар аударды.
– Облыстағы орташа жалақы мөлшері – 112 мың теңге. Бұл – елдегі ең төмен көрсеткіштің бірі. 1 маусымнан бастап табысы төмен бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы өсті. Өңір кәсіпорындары бұл бастамадан шет қалмауы тиіс. Барлық деңгейдегі әкімдердің басты міндеті жаңа жұмыс орындарын ашып, халықты қызметпен қамту екенін ескертемін. Жұмыс орындарын ашуда бизнестің рөлі жоғары. Сондықтан жергілікті кәсіпкерлерді қолдауды жалғастыру қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев өнеркәсіптің мүмкіндігін толық пайдаланып, индустрияландыру жобаларын іске асыруда заманауи технологиялық өндіріске баса мән беру керектігіне тоқталды.
– Өңдеу өнеркәсібіне, әсіресе, химия кластеріне ірі инвесторларды тарту қажет. Үкімет пен әкімдікке осы мәселені нақтылауды тапсырамын. Бұл – экономиканың орнықты дамуына ықпал етеді, еңбек өнімділігін арттырады. Өңірдегі өндірістің даму көзі «Тараз» химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы болуы қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Қазақстан Президенті өңірде туристерді қызықтыратын тарихи орындар баршылық екенін атап өтіп, туризмді дамыту қажеттігін айтты.
– Аймақтың туристік әлеуетін арттырып, инвестиция тарту үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Бұл бағытта шетелдік озық тәжірибелерді ескерген жөн. Үкімет туризмді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама дайындауда. Жамбыл облысы тарихи көрнекті орындарға өте бай. Өңірдегі Айша Бибі және Қарахан кесенелері, Жайсаң киелі жері, Көксай шатқалы және басқа да тарихи орындар – халқымыз үшін ортақ мәдени құндылықтар. Үкімет пен әкімдік бұл саланы бірлесе дамытуға күш салуы керек. Оған облыстың ресурстары жеткілікті, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың отбасымен кездесті. Қазақстан Президентіне қызмет барысында ерлікпен қаза тапқан Ғазиз Байтасовтың құрметіне қойылған ескерткіш тақта, оның фотосуреттері, медальдары мен жеке заттары көрсетілді. Қасым-Жомарт Тоқаев Халық қаһарманының жұбайымен және ұлдарымен әңгімелесу барысында Ғазиз Байтасовтың өте жауапты әрі қиын сәтте өз ісіне адал болғанын, оның ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті.
Сонымен қатар өткен жылы 145 мың турист келген «Шахристан – көне Тараз» кешенінің макеті көрсетіліп, алдағы жоспарлары туралы ақпарат берілді.
– Көне Тараздың тарихы әлі де зерттеле береді. Бұл жұмыстарға тұрақты қолдау көрсетіледі. Бұл салада халықаралық деңгейдегі мамандар көп. Бізге университеттерде туризм бизнесі бойынша мамандар әзірлеуді қолға алу керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Көне Тараз» саябағы келешекте халықаралық туристік орынға айналады деп күтілуде. Облысқа өткен жылы 145 мың турист келсе, биылғы жылдың алғашқы үш айында тарихи орынды 16 мың адам тамашалаған.
Мемлекет басшысы Жамбыл облысының орталығындағы халықаралық әуежайға да барды. Ол еліміздегі жаңа, қазіргі заманға сай әуе айлақтарының бірінде жаңадан халықаралық және аймақтық бағыттар ашу жоспарымен танысты. 250-ге жуық қызметкер жұмыс істейтін әуежай былтыр 63 мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсеткен.