Алдағы 3-6 айда кедей елдердің арасында коронавирусты жаппай жұқтырғандар саны артуы мүмкін. Бұл туралы БҰҰ бас хатшысының гуманитарлық мәселелер жөніндегі орынбасары Марк Лоукок мәлімдеді, деп хабарлайды РИА Новости.
"COVID-19 барлық елде тіркелді және әрбір адамға әсер етті. Бірақ дүниежүзіндегі кедей елдер індеттің салдарынан зардап шегеді", - деді Лоукок.
Оның айтуынша, мұндай елдер екі мәселеге тап болады. Біріншісі - денсаулық сақтау саласындағы қауіп. "Алдағы 3-6 айда көптеген елде ауруды жаппай жұқтырғандар саны артады", - деді БҰҰ өкілі.
"Екіншісі - жаһандық құлдырау және ел ішіндегі вирусты тоқтатуға қабылданған шаралардың әсері. Қазір біз кірістің төмендеп, жұмыс орындарының қысқарғанын, азық-түлік қорының азайып, бағаның қымбаттағанын, балалар вакцина қабылдамай, сабаққа бармай жатқанын көріп отырмыз", - деді ол.
Лоукоктың айтуынша, БҰҰ "дүние жүзіндегі санкция енгізген елдердің шектеу шаралары басқа елдерге коронавирус пандемиясымен күресуге кедергі келтірсе, санкциялар жеңілдетіледі" деп күтеді.
"Біз барлық мемлекетті пандемиямен күресте ынтымақтасуға және бір-бірін қолдауға шақырамыз. Барлық мемлекет өздері енгізген шектеу шараларын қайта қарап, шаралардың салдары болмауын қамтамасыз етеді деген үміттеміз", - деді БҰҰ бас хатшысының орынбасары.
Американың Джонс Хопкинс университетінің 8 мамыр таңертеңгі деректеріне сүйенсек, дүние жүзінде COVID-19 жұқтырғандар саны 3,8 миллионнан асты. Қайтыс болған адамдар саны 269 564-ке жетті, 1 282 930 аурудан айықты.