Марат Омаровтың анасы өмірден өтті
Марат Омаровтың анасы өмірден өтті
Фото: Интернеттен алынды
487
оқылды
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші, композитор Марат Омаровтың анасы өмірден өтті. «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деп ән шырқаған әншінің анасы бүгін 95 жасында бақилық болды. Марат Омаровтың анасы Сұлухан Сұлтанова 1925 жылы сәуірде Түркістан облысы Соқтас елді мекенінде туған. Композитор Tengrinews.kz тілшісіне сұхбат беріп, анасы және ана туралы әні жайлы сыр шертті. «Ол кісі Ұлы Отан соғысы басталғанда пошта қызметкері болып жұмыс істеген. Сол пошта арқылы әр шаңыраққа қайғылы да, қуанышты да хабарды анам жеткізіп отырған. Ол кезде жазу танымайтын адамдарға мектепте оқитын анам барлық хабарды оқып береді екен. Қайғылы хабарды жеткізу үшін де қайсарлық керек. Анам кішкентай кезінен сондай қиыншылық көрген», – дейді әнші. Оның сөзінше, анасы өнерді өте жақсы көретін. Оны актриса ретінде театрға да шақырған екен. «Анам бала кезінен мандолинада ойнайтын. Қызылордада тұңғыш театр ашылған кезде оны актриса ретінде шақырған екен. Сонда Сұлтан атам жалғыз қызымды жібере алмаймын депті. Әйтпесе, бүгінде ол Бибігүл апаларымыздың қатарында жүрер ме еді?», – дейді Омаров.  Марат Омаров – бес ағайынды, үйдің кенжесі екен.    «Анам кейін тұрмысқа шығып, әкем Әбдімен отбасы құрған. Олардың бес баласы болды, мен – кенжесімін. Әкем мен бір жаста болғанымда дүниеден озды, оны көрген жоқпын. Бірақ жұрттың айтуынша, әкем домбыра шертіп, анам мандолинада ойнап, кез келген кештің көркі болған екен. Анам әке орнына әке де бола алды», – дейді әнші. Оның сөзінше, Сұлухан Сұлтанова бұған дейін инсульт алған екен, сол сырқатынан көз жұмған. Марат Омаровтың репертуарындағы ең танымал әндердің бірі – «Анашым». Әндегі «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деген тіркес ел аузында. Бұл ән 1988 жылы жарық көріпті. Әнші сол кездері Алматыға оқуға түскен. «Бір күні анам мені екі сөмкемен Алматыға іздеп барған. Ал мен жоқпын. Қапшағайда «Жаушы» дейтін фильмге түсуге кеткенмін. Мен жатақханада болмаған соң, басқа балалар анамды қарсы алған. Анам «Сендер де менің балаларымсыңдар ғой» деп, екі сөмкесін ашып, дастарханды жайып жіберген. Жатақханада аш жүрген студенттер ауылдың қазы-қартасын, бауырсағын жеп, қымызын ішіп, мәз-мейрам болған. Мен  бір аптадан кейін оралғанымда, анам кетіп қалыпты. Жатақханадағы балалар алдымнан шығып, «Марат, анаңды көрдік. Өз анамызды көргендей қуанып қалдық" деді», – деп еске алды ол. [caption id="attachment_42387" align="aligncenter" width="740"]Марат Омаров анасы, "Анашым" әні Фото: Интернеттен алынды[/caption]                                                                   Сағыныштан туған ән «Іштей қызғанышпен өз бөлмеме кірсем, кішкентай сөмке тұр екен. Оның ішінде киім-кешек пен әкемнің суреті жатыр. Түннің бір уағы болды, ұйқым келмеді. Жастықтың астын қарасам, хат жатыр. Онда «Әкеңнің басыңнан сипағанын көре алмадың-ау, балам. Сағынып келгенімде, сені таба алмай кеттім» деп жазылған. Оқып отырып, көзімнен қалай жас шыққанын байқамай қалдым. Сөйтіп, бөлмемдегі күйсандыққа отырғанмын, сол кезде «Анашым» әні жарық көрді», – дейді М.Омаров. Ол бұл әннің өз анасына ғана емес, барша анаға арналғанын айтады. «Қазақтың даласы қандай кең болса, анамның таза жүрегі, пейілі ақ, сезімі сондай кең деп жырладым. Сол әнім менің анама ғана емес, бүкіл ақ жаулықты анаға арналды. Анам – осы әннің афоризмі. Жақында АҚШ-қа сапарымда сондағы адамдар да менің осы әнімді айтып, анам туралы сұрады. Мен бұл әнді көп елде орындадым. Бүгінде ол әлемдегі барша анаға арналған әнге айналды деп айта аламын», – дейді композитор.