Әлемге аты озған әншілер
Әлемге аты озған әншілер
2,986
оқылды
Музыка – адамның жан дүниесімен сезініп, жан қалауына айналуы. Оны жүрек тілі дейтіндер де бар. Тіпті, біреу­лер музыканы көңіл кілті деп санайды. Себебі оны тыңдаған адамның көңілі көтеріледі, жүрек түкпірінде әдемі бір әуен салтанат құрады. Музыканың ерекшелігі сондай, ол кез келген адамның жан дүниесін, ішкі сұлулығын, жүрегін сезінуге көмек­теседі. Біз музыканы құдіреттеу арқылы бойға жақсы қасиеттерді сіңіре аламыз. Оны біз орындаушы арқылы сезінеміз. Әлем неге Димаштың үніне тәнті бол­ды? Өйткені оның орындаушылық шеберлігі арқылы музыка жүректерге жетті. Көңіл кілтін тапты. Бұл әуеннің ұлт пен ұлысқа бөлінбейтінінің бір дәлелі.  

Әміре боп жеткен ән

Әлем демекші, әуелде қазақ музыкасы Әміренің дауысымен әлемге жетті. Париж төрінде Қашаубаев ән салғанда зал дүр сілкініп сала берді. 1925 жылы Парижде өткен Бүкіл дүниежүзі сән өнері көрмесінде «Ағаш аяқ», «Қанапия», «Үш дос», «Жалғыз арша» және т.б әндерді орындап, Әміре 2-орын алған еді. Қазақтың аса дарынды, талантты әншісінің дауысына париждіктер таңдай қаққан. Сол жолы Әміренің кеудесінде күміс медаль жарқырап, еліне абыроймен оралған. «Париж апталығы» газеті мен «Ле мюзикль» журналы Қашаубаевтың сирек кездесетін талант екенін жазып, таңдай қаққан. Сарбонна университетінің профессоры Перно фонографқа Әміренің орындауында бірнеше ән жазып алған. Осылайша, Әміре Қашаубаев шет елде өнер көрсетіп, қазақ елін танытқан тұңғыш әнші ретінде тарихта қалды. Әміренің орындауындағы әндер музыка зерттеушісі Жарқын Шәкәрім ағаның арқасында араға жылдар салып, елімен қайта қауышты.      width=  

«Алтын Орфейдің» иегері

Әміреден кейін ерекше дауы­сымен көпшілікті тәнті еткен әншінің бірі – Қазақстанның Еңбек Ері Роза Рымбаева. Қаршадай ғана қара қыз 1976 жылы «Алтын Орфей» бай­­қауында Сейдолла Бәйтереков­тің «Әлия» патриот­тық әнін айтып, көпті тамсант­қан еді. Ол кездері Роза халық­ара­лық байқауларда Кеңес Одағының аты­нан өнер көрсеткен жал­­ғыз қазақ әншісі бол­ды. Қазақстанда, жалпы ТМД елдерін­де Розаның ғажайып даусын естімеген жан кемде-кем. Оны көп­шілік «Орта Азия бұлбұлы» санаса, енді біреу­лер «Қазақстан­ның ал­тын дауысына» теңейді. 1979 жылы әнші Стамбұлдағы ха­лықаралық әншілер бай­қауында лауреат атанып, 1983 жылы Кубада өткен «Гала-83» халықаралық бай­қауын­­да бас жүлдені жеңіп алады.      width=  

Дүние дидарындағы Димаш

Араға ғасыр салып, әлем Әміре Қашаубаевтан кейін Димаштың әніне елтіді. Бүгінде Димаш Құдайберген есімі шарықтап кетті. «Таңғажайып» десіп, таңдай қағып жатқандар қаншама! Оның жалпақ жұртқа танылуы Қытайдағы әйгілі әлемдік байқаудан басталғаны белгілі. HunanTV телеарнасының Singer 2017 жобасында екінші орын алған Димаштың орындауындағы «Дайдидау» әні әлемнің ең таңдаулы әндерінің қатарына кірді. Әні де, сәні де келіскен қазақ дарынының әндері бірінші, екінші орындардан түскен жоқ. Әлемнің әйгілі әншісі Лара Фабианның өзі құттықтап, парақшасына жазды. Әлемге әйгілі киножұлдыз Джеки Чан Димашты өзі іздеп келіп, арнайы құрмет көрсетті. Сыпайы ұлға сый-сияпатын көрсетті. Димаш та ұлттық дәстүрмен Джекидің иығына шапан жапты. Димаштың анасы Света Айтбаева бір сөзінде «14 тур­дан тұратын байқаудың ортасына дейін жетсе, жақсы болар еді» деген ойда болғанын айтқан еді. Ал аламан бәйгенің қорытындысында Димаш миллиардтар елінде екінші орынға ие болды. Бұл байқау оның атын әлемге әйгілі етті. Елдің бәрі Ұлы даланың дарабоз ұлын асқақтатып әкетті. Әлемнің әр түкпірінде Димаш деп қол соғатын жандар жетерлік. Тіпті, Димаштың тілінде сөйлеп, ән айтқысы келетіндер қаншама! Оның әні жүректен- жүрекке жетіп жатыр.      width=  

Мәскеуде ән салған Назима кім?

Назиманың әуелде Ресейдегі ТНТ арнасы ұйымдастырған «Песни» жобасына қатысамын деген ойы болмаған секілді. Аяқ астынан ше­­шіліпті. Оның тіпті Мәскеуге бара­тын қаражаты да болмапты. Бір сұх­батында Назима: «Ән айтып, табыс тауып жүрген мейрамханадан мені шығарып жіберді. Ары қарай не істейтінім белгісіз болып жүр­ге­німде, Жаратушының өзі мені осы жобаға әкелген сияқты. Бір банкетке ән айтуға бар­ғаным­да, жақын досым Instagram желісі арқылы осы сайыс туралы ақпаратты көр­сетіп, «қатысып көр­гің кел­мей ме?» деп сұ­рады. Қарасам, өті­ніш жіберуге бір күн ғана қа­лыпты. Қатысуға ең соңғы бо­лып өті­ніш бергендердің бірі бол­дым. Қал­тамда қаржым да жоқ. Бірақ маған Гүлжан әпкем қолдау көрсетті. Ол кісі жол шығынымды өзі кө­теріп алатынын айтып, «байыған­да қайтарасың» деген еді», – дейді. Осы­лайша, «Песни» жобасы Назиманы Мәскеуге танытты. Ресейге танымал болған әнші қазір Мәскеуде тұрады. Ол үнемі «Қазақ болғанымды мақтан тұтамын. Менің Отаным – Қазақстан» деп жиі айтып отырады.      width=  

Данелия мен Максим

Данелия Тулешова да, Максим Ержан да дарынды жас таланттар. Данелияның жасы – 14-те. Оны танымал еткен – украиналық «Голос. Дети» музыкалық жобасы. Одан кейін балаларға арналған «Еуровидение» байқауына қатысты. 2019 жылы америкалық The World’s best таланттар шоуына қатысып, бақ сынады. Максимнің де есімі қазір елге белгілі.    width= 13 жастағы өрен «Еуро­видение» балалар бай­қауына қатысып, екін­ші орынды ием­денді. Талантты баланың дарынын әлем мойындап қойған. Максим мен Данелия бағындырар биіктері әлі алда. Олар әлі талай әлемдік додаларда бақ сынайтыны анық. Бастысы, талмай еңбек ете білсе болғаны.     P.S.

Әміре Қашаубаевтан басталған жол Роза, Димаш, Назималарға жалғасты. Оны Данелия мен Ержан жалғады. Қазақта та­лантты жастар өте көп.  Бұл – Құдай берген құбылыс! Димашы, Данелия мен Ержаны бар қазаққа Алла әлі талай дарынды бере­тініне сенейік! Әлемге аты озған әншілердің бағы жана берсін!

   

Гүлзина ТҰРҒАНБАЙҚЫЗЫ