Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданында браконьер 30 дана киік мүйізімен ұсталды. Бұл туралы аудандық полиция бөлімінен мәлім етті.
12 мамыр күні аудандық полиция бөлімінің бастығы Ренат Дегенбаевтың қатысуымен жүргізілген жедел іздестіру шарасы барысында Қазталов ауылына қарасты далалық жерден күдік тудырған «Toyota Land Cruiser» автокөлігі тоқтатылған.
Автокөлік жүргізушісі оқиға орнынан бой тасалап үлгерген. Жүргізушімен бірге болған азамат қолға түсіп, оның Қазталов ауданына қарасты Жалпақтал ауылының тұрғыны екені анықталды. Одан автокөлікпен қоса 30 дана киік мүйізі, бір аңшылық қару және оқ-дәрілер тәркіленді.
Оқиға орнында ұсталған күдіктіге қатысты ҚР ҚК 337-бабы 4-бөлігі 2-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын батысқазақстандық тұрғынның 366 дана киік мүйізімен қолға түскен болатын.