Биылғы 4 ай қорытындысында Қазақстан экономикасы 0,2% төмендеді. Яғни, дағдарыс белгілері байқалуда. Бұл мәлімет Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында хабарланды. Жиында Үкімет экономиканың жаңа құрылымын қалыптастыруды қарастыратын басым міндетті орындауға кірісетіні жарияланды.
Республиканың көрсеткіші әлдеқайда жақсы болатын еді, алайда оны бірер сала бүлдіріп отыр. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің айтуынша, осы жылдың қаңтар-сәуірінде ІЖӨ 2019 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 0,2%-ға төмендеді. Соның ішінде сауда және көлік секторы тиісінше 8,9% және 11%-ға құлдырап кеткен. Қызметтер көрсету көлемі 4%-ға азайды.
Ал өңдеу өнеркәсібі 7% өсімге қол жеткізді. Бұл ретте машина жасау саласының өсімі – 25,4%, жеңіл өнеркәсіпте – 13,9%, фармацевтикада – 24,2%, сондай-ақ тау-кен өнеркәсібінде – 6%, құрылыста – 5,5%, байланыс қызметтерінде – 9,6%, ауыл шаруашылығында 2,2% болды. Осылардың арқасында жалпы көрсеткіш біршама жақсарды. Әйтпесе, төмендеу деңгейі әлдеқайда жағымсыз болуы мүмкін еді.
Жылдық инфляция қазірдің өзінде 6,8%-ға дейін шығындады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 0,9%-ға өсті. Қазақстанның алтын-валюта қоры 30,5 миллиард долларды, ал Ұлттық қор активтері 58,5 миллиард долларды құрады.
Үкімет басшысы «алда жағдай жақсарып қала ма?» деген үміт білдірді. Өйткені елімізде төтенше жағдайдың аяқталуына және карантин шараларының жеңілдеуіне байланысты ең алдымен қызмет көрсету секторы қалпына келе бастауы тиіс. Бұған салықтық ынталандыру, жеңілдікті несиелендіру, отандық тауарларды өткізуге кепілдік беру тетігі арқылы ішкі өндірісті өрістетуге бағытталған әралуан мемлекеттік қолдау шаралары ықпал етеді деп күтілуде.
Сонымен қатар Үкімет «Атамекен» ҰКП және салалық қауымдастықтармен бірлесіп, іскерлік белсенділікке қозғау салу, жұмыспен қамту және халықтың табысын арттыру шараларын пысықтап жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай әзірленген шаралар негізінде «2020 жылдың соңына дейін Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар» қалыптастырылды. Ол жоспар Үкіметтің келесі отырысында қаралады.
Премьер-Министр әкімдер мен министрлерге қызмет көрсету секторын жандандыру бойынша нақты шаралар қабылдауды жүктеді.
– Жалпы, алдағы кезеңдегі басымдықты міндетіміз – экономиканың жаңа құрылымын түзу болады. Ол экономиканың өзін-өзі қамтамасыз етуі деңгейін арттыруға негізделеді, бәсекеге қабілетті шикізаттық емес секторға және тиімді инвестицияларға иек артады. Бұған қоса, жаңа экономика қосылған құны жоғары өнімдердің өңірлік және жаһандық тізбегіне кірігуі тиіс, – деп түйді Асқар Мамин.
Еліміздің бас экономисі төтенше жағдайдан көп зардап шеккен салаларды атады. Мысалы, қызметтер секторында такси, жүк тасымалының шектелуі кесірінен көлік қызметі 11%-ға, базарлардың, ірі сауда орталықтарының жабылуы салдарынан сауда секторы 8,9%-ға, әкімшілік қызметтерді көрсету 4%-ға, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар, яғни баспана сату саласы 2,7%-ға құлады.
Мектептер, ЖОО, мемлекеттік мекемелер және басқаларының қашықтан жұмыс істеуге көшуі арқасында қызмет секторында тек интернет-байланыс қызметінің көрсеткіштері қаңтар-сәуірде 9,6%-ға артқан.
– Егер сәуірді, яғни карантин айын жеке қарасақ, 2019 жылғы сәуірге қарағанда көрсетілген қызметтер секторы 17,5%-ға құлдырады. Атап айтқанда, өткен айда сауда және көлік қызметі үштен бірге, әкімшілік қызмет көрсету 22,5%-ға және жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар 9,9%-ға төмендеді. Бұл кері кетулер карантин және шектеу шарасымен тікелей байланысты, – деді Руслан Дәленов.
Бірінші вице-премьер – Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың мәліметінше, 4 ай қорытындысында мемлекеттік бюджетке 2,7 трлн теңге кіріс түсіп, жоспар 103,9%-ға орындалды. Алайда салықтар жоспардағыдан 61 млрд теңгеге аз түсіпті: халықаралық сауданың кедергіге ұшырауы салдарынан қосылған құн салығы және корпоративтік табыс салығы кеміді.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов баспана құрылысы да дағдарғанын жеткізді: 2020 жылдың қаңтар-сәуір айларында 3 млн 112,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті, бұл былтырғы сәйкес кезеңдегі көлемнің 89,9%-ы ғана. Министр елімізде санитарлық-эпидемиологиялық шаралардың енгізілуіне байланысты жеке және көппәтерлі тұрғын үйді іске қосу көлемі кемігенін мәлім етті: биылғы тиісті жылдық жоспар 22,1%-ға ғана орындалып отыр.