Агросектор «гигантоманияға» ұрынды
Агросектор «гигантоманияға» ұрынды
258
оқылды
Ауыл шаруашылығы министрлігі ірі өндірушілерге «бәс тігем» деп ұтылды. Пандемия және дағдарыс жағ­дайындағы сала ахуалын осылай бірауыз сөзбен түюге болады. Мысалы, өңірлерде 8-9 мың сиырға арналған бордақылау алаңдары жабылып қалған. Әлемді қандай нәубет жайласа да, адамзат ет жеуін қоймайды. Алайда шектеу қысқанда, күйзеліс құрсаулағанда, адамдар оқшауланғанда көп маман қызмет көрсететін кешендер тоқырауға ұшырайтыны анықталуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мем­комиссияның қорытынды оты­рысында ауыл шаруашылығына  жаңа көзқараспен қарауды және оның келешектегі рөлін айқын­дауды тапсырды. Ол министрге саланы өркендету бойынша жөн-жоба көрсетті. Қазақстанда 1 мил­лион 700 мыңдай жеке қо­салқы шаруашылық бар. Осы ірі ресурс, зор әлеует, мол мүмкіндік пайда­ланылмайды: Мемлекет басшысы олардың өнімі сауда орындары арқылы ресми сатылмайтынын және өңдеу кәсіпорындарына жеткізілмейтінін айтты. Бұдан салық та түсіп жатқан жоқ. Оның жұмыскерлері әлеуметтік тұрғы­дан қорғалмаған.  

Бұл вирусқа карантин бола ма?

Ауыл шаруашылығы министр­лігінің тірлігі ұзақ жылдардан бері үздіксіз сынға ұшырап келеді. Енді оның міндетін өзге ведом­стволар қоса атқаруға кірісті. Ба­қыт Сұл­танов басқаратын Сауда және интеграция министр­лігі ауыл шаруашылығы өндіруші­лерінің ісін ілгерілетіп берем деп, көтерме-тарату орталықтарын (КТО) салу идеясын Үкіметке мақұлдатты. Осы бастаманы ­қор­ғау мақсатында Министрлер ка­бинетінің оты­рысында ауыл ­ша­руашылығына жауаптылардың тірлігі аяусыз сыналды. Елде азық-түлік өнім­дерінің бағасы шығандап бара жатқаны, оның қым­батшылығы Қазақстанның инфляция бо­йынша көрсеткішін бүлдіргені еске салынды. Агро­өнер­кәсіп кешені өндірушілерінің шетел түгіл, отандық нарыққа еркін кіре алмайтыны, делдал­дардың қаптап жүргені ауызға алын­ды. Салада ет, сүт, жеміс-кө­көніс және басқа­ла­рының ба­ға­лары қалай қалыпта­сатыны, қай буынның көп үсте­ме­ақы қо­са­ты­ны белгісіз екені тілге тиек етіл­ді. Қазақстандағы ауыл ша­руа­­шы­лығы салаларының өнім­­­ділігі дамыған елдер тұрмақ, Ре­сей мен Беларусьтан төмен бо­лып шықты. Нарықты ауыл өнім­де­рімен жыл он екі ай тұрақты қам­­тамасыз ету жолға қойылмаған. Байырғы заманнан келе жат­қан, ата-баба мирас еткен басты саланың перспективасы да бей­мәлім көрінеді: 2030 не 2050 жылы Қазақстанның ауыл шаруа­шы­лығы қандай деңгейге жететінін, төрт түліктің саны қаншаға өсіп, экспорт нендей асуларды бағын­дыруы керегін ел білмейді. Ми­нистрлік сонша алыс келешектің көкжиегіне көз жүгіртуге қауқар­сыз секілді. 15 жылдай мұнай-газ сала­сын­да еңбек етіп, ақыры болашақтың саласы ауыл шаруашылығы еке­нін түсініп, осы кәсіпке бет бұрған Руслан Ибатов өз шаруа қожалы­ғын ұйымдастырған жаңа ауыл шаруашылығы өндірушілерінің бірі. Оның үстіне, ол осы саланың маманы: жоғарғы ауыл шаруа­шы­лығы білімі бар. Ол Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі «ви­рус­қа шалдыққанын» айтады. – Бүкіл әлем коронавирус жұқ­тырса, біздің аграрлық ве­домство «гигантомания» виру­сы­на ұшырады. Ең үздік ғалымдар COVID-19 вакцинасын таба ал­май жатса, ал мына вирустың ши­пасы белгілі, одан жеңіл ары­луға бо­лады. Ниет болса жеткі­лік­ті. Сөзім жалаң болмауы үшін мынадай дерек келтірейін: 2009 жылдан бері мемлекеттік қолдау түрінде 26 ет комбинатын салу үшін 21 мил­лиард теңге, ал 56 ірі бордақылау алаңының құрылы­сына 43 мил­лиард теңге бюджет­тен бөлініпті. Яғни, әрбір ет ком­бинатын тұр­ғызуға ел қаржы­сын – 807 миллион теңгеден, ал әрбір бордақылау алаңына – 767 миллион теңгеден төленген. Ұсақ, шағын және ор­таша фермерлерге, ірі қара немесе қой мен ешкі өсіретін мини­фермаларға қуат­ты қолдау көрсе­тілмейді, – дейді Р.Ибатов. Себебі ұсақ шаруашылықтар «агроөнеркәсіп кешенінің басым­дығы», ал олардың нысаны – «стратегиялық маңызды» болып саналмайды. Әйткенмен, ірі кешендерге қарағанда шағын фермаларды құру және ісін жолға қою жеңіл екені мәлім. Сарапшының ай­туын­ша, бұл үшін қора, жас төлді жылыда ұстайтын панажай, қыста шөп сақтайтын орын, дәнді да­қылдар мен жемазық сақтайтын шағын қойма ғана керек. Айтқандай, 2017 жылы инвес­тициялық субсидиялау ереже­леріне сәйкес, министрлік мини­фермаларды АӨК басым бағыт­тары тізіміне қосты. Бірақ оның тиімсіздігі байқалып, сұранысқа ие болмапты: 12-15 миллион тең­геге миниферма салу үшін 5 мил­лион теңгеге жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) жасату қажет көрінеді. Осыдан кейін фермерге 25% инвестсубсидия берілетінін ескерсек, оны алудың еш мәні қал­майды. Нәтижесінде, ірі қара және ұсақ мал өсіруге арналған шағын фермалар құрылысы 2018 жылы әлгі тізімнен алып тасталды. – Бұдан басқа да қайшы­лық­тары жетерлік. Мәселен, «Инвес­тициялық салымдар кезінде АӨК субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субси­диялау қағидаларын» қарайық. Онда ет бағытындағы мал өсіру үшін сыйымдылығы кемінде 5 текше метр болатын жемтарат­қыш-ұсақтағыш сатып алу талабы бекітілді. Оның құны 6 миллион теңгеге дейін барады. Иелігінде небәрі 50-100 сиыры немесе 300-дей қойы ғана болатын ұсақ фер­мерге мұндай алып жемтарат­қыш­тың керегі не?! Нарықта 3 текше метрлік түрі де жетеді. Соған қарамастан қағиданы әзірлеушілер 5 текше метр кем болмасын деп табандайды. 2019 жылы мен Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігіне үлкен емес ферма­лар құрылысы мемқолдау көруі керегін айтып жүгіндім. Бұл мә­селеге артынша Республикалық фермерлер съезінде де жеке тоқ­талдым. Оған қатысқан министр­лік өкілдері үнсіз ғана тыңдап қайтты, – дейді Руслан Ибатов.  

Жылқыға – жеңіл несие

Сарапшылар кез келген елдің ауыл шаруашылығы индустрия­сының негізін ұсақ және орташа шаруа-фермер қожалықтары құрайтынына екпін түсіреді. Мем­лекет басшысының өзі қуа­ты­ның жартысы көлемінде ғана жұмыс істеп тұрған отандық ірі ет комбинаттарын және басқа да кәсіпорындарды 70 пайызға дейін жүктеу үшін ауылдағы жеке қо­сал­қы шаруашылықтарды кеңі­нен тарту қажет деп отыр. Алпа­уыттарға жақ министрлік бұл райынан енді қайтар ма екен? «Министрлік үміт артқан ірі кешендер дәрменсіздікке ұшы­рау­да. Мысалы, сауатсыз страте­гия және біліксіз менеджмент үлгісіндей, 8-9 мың басқа арнал­ған «Crown Батыс» бордақылау алаңы, «Батыс Марка Ламб» ет ком­бинаты бірнеше жылдан бері қаңтарылып тұр. Мемлекет оған жаңа инвестор тартуға мәжбүр. Небәрі 30-35% ғана жүктелген шы­ғынды ет комбинаты жетерлік. Рас, кейінгі кезде ілгерілеушілік те барын айта кеткен жөн. Ми­нистр­лік қой шаруашылығына мән бере бастады. Ұрғашы тоқты­ларды сатып алуға субсидия берілмек, – дейді ауыл кәсіпкері Р.Ибатов. Ауыл шаруа­шы­лығы министр­лігі 2020 жылға арналған инвест­субсидиялау жобасын әзір­леді. Онда да 5 мың бастан көп мал бордақылайтын алаңдарға ба­рынша мемқолдау көрсету көз­делген. Президент тапсырысына орай ведомство басымдықтарын қайта қарайды деген үміт бар. Бүгінде ауыл шаруашылығы­мен айналысқысы келетін қа­зақстандықтар саны жетерлік. «Ауылдан кіндігіміз үзілмеген қазақпыз ғой, бұл кәсіпке тез бе­йімделіп кетемін деген ойдамын. Жылқы өсірейін деп едім. Әрине, бірден үйір-үйір жылқы айдай алмаймын ғой. Алдымен 50-60 шақты бастан бастап, өсіріп-бағайын деген жоспарым бар. Бұл іске мемлекет тарапынан субси­дия болса, жақсы болар еді», – дейді кәсіпкер Қайрат Асқаров министрге хатында. Шағын мал өсіру шаруашы­лықтарының өркен жаюы ет ком­бинаттарын және базар-дүкен сө­релерін отандық өніммен жүк­теп қана қоймай, бизнесті нақты өндіріске бейімдеуге, елде өнді­рістік қуаттың өрістеуіне, инвес­тиция ағынының артуына, ауыл инфрақұрылымының дамуына, адамдардың баюына жол ашары сөзсіз. Ауыл шаруа­шы­лығы министр­лігі Мал шаруашылығы өнім­дерін өндіру және қайта өң­деу депар­таментінің директоры Еркебұлан Ахметов бүгінде жыл­қы сатып алу үшін субсидия бе­ріл­мейтінін, тек несие ұсыны­латынын жеткізді. – Осы мақсатта пайыздық став­касы шағын, қайтару мерзімі ұзақ, сондай-ақ оны алу кезінде кепіл саясатын оңтайландыру мүм­кіндігі бар жеңілдетілген кре­дит бөлуді қарастыратын бағдар­ламалар әзірленіп, күшіне енді. Несиені «Мал шаруашылығын да­­мыту», «Қарапайым заттар эко­но­микасы», «Агробизнес» және «Іскер» бағдарламалары арқылы иеленіп, ауыл шаруашылығы мал­дарын, соның ішінде жылқы­ны да сатып алуға болады. АӨК-пен айналысқысы келетін аза­мат­тарды қызықтырған жайылым жер­дің болуы, база құрылысы, ке­­пілзат, бизнес-жоспар және не­сиелеудің шарттары бойынша бар­лық ақ­парат бағдарламаларда көр­се­тіл­ген, – деді Еркебұлан Ахметов. Жеңілдетілген бұл несиелер­ді беруді жүзеге асыратын опера­тор – «ҚазАгроның» еншілес ұйымдары, яғни «Аграрлық несие корпорациясы», «Ауыл шаруа­шы­лығын қаржылай қолдау қоры». Департамент басшысы субси­дияның да барын хабарлады: «Мемлекет мал шаруа­шылы­ғымен шұғылданатын өнді­ру­шілер жұм­саған шығындардың бір бөлігін өтеп береді. Яғни, суб­сидияны шаруа жұмыс нә­тижесі бойынша алады. Суб­си­дия төлеу бойынша опера­тор – жер­гілікті облыстық ауыл ­ша­руашы­лығы басқарма­­сы», – деді Е.Ахметов. Кезінде гигантомания Кеңес Одағында мал-мүлкі ортақ кол­хоз-совхоздардың жаппай құ­рылуына соқтырды. Ақыр со­ңын­да ел өзінің азық-түлік қауіп­сіз­дігін сақтай алмай, дүкен сөрелері бос қалды. Сол кезде 212 миллион халқы болған АҚШ-ты 4 миллион фермер азық-түлікпен қамтып шықты. «Бір фермер елу адамды асырайды» деген америкалық нақыл содан туған. Мұндай тәжі­рибе барлық дамыған елдерде кең таралды. Оларда ауыл-деревняда негізінен ауыл шаруашылығымен айналысатын адамдар тұрады. Қазақ елі атакәсіп бағын аша­тынын түсінді. Енді тек пәрменді қимыл мен қуатты қолдау керек.  

 width=  Айхан ШӘРІП