Атырауда бір тәулікте 92 адамнан коронавирус анықталды
Атырауда бір тәулікте 92 адамнан коронавирус анықталды
©А.Ахметқазы
5,227
оқылды
Мұнайлы өңір ел экономикасының доноры болып танылып еді, енді індет жұқтырудан да алға шығып аты шықты. Өзге аймақтардан бұрын бірінші болып 2 сәуірде барлық республика, облыс, аудандармен арадағы қақпаны тас бекітіп «Ешкімді шығармаймыз,ешкімді кіргізбейміз» деп тас түйін болған құзырлы органдардың қауқарсыздығы ма тап осындай жағдай болады деп тұрғындар ойламады. Статистика бойынша Атырау қаласында 333 801 тұрғын тұрады. Осы төрт жүз мыңға жетпейтін халықты індеттен сақтауда жоспарланған шаралардың шикілігі ме әйтеуір індет жұқтырудан екі бас қаланың соңынан Атырау шаһары құйындатып ілесіп келеді. Атырау облысындағы төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі Жедел штаб мәліметіне сүйенсек, бір тәулікте анықталған індет жұқтырғандардың арасында 90 адам – Теңіз кенішіндегі мердігер мекемелердің қызметкерлері. Атап айтқанда, 83 ер адам және 7 әйел. Басқа-басқа тап осы тәртібі мен талабы тастай «Теңізшевройл» компаниясына қарасты мердігер компания індет ошағы болады деп ешкім ойламады. Қазіргі уақытта науқастармен байланыста болған адамдар анықталуда, барлығы медициналық бақылауға алынған. Инфекция ошақтарына да дезинфекция жұмыстары жүргізіліп жатыр. – Ал, COVID-19 жұқтырған тағы екі жағдай Атырау қаласында тіркелді. Олар 52 жастағы әйел мен 27 жастағы ер адам. Олармен байланыста болған адамдардың тізімі жасалып, ауру ошағына дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде, – деп мәлімдеді Жедел штаб. 2020 жылғы 13 мамырдағы жағдай бойынша Атырау облысында COVID-19 індетін жұқтырғандар саны  432-ге жетті,  оның  ішінде 359 адам – Теңіз кенішінің жұмысшылары. Сайып келгенде Атырауда індетті жұқтырудан да,оны емдеуден де көш ілгері келеміз.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы.