Түркістан облысындағы Төлеби, Қазығұрт, Бәйдібек аудандарында жалпы саны 522 үйдің ауласын су шайып, 258 адам эвакуацияланған. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов өңірлік коммуникация қызметінің алаңында мәлімдеді.
Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, апат болған ауданда таулы аудандарда нөсер жауынның салдарынан сел тасқыны орын алған. Салдарынан 4 үйді су басып, тұрғын үйлерден 1077 м3 су шығарылған.
«Төлеби ауданындағы Қасқасу өзенінде су деңгейінің көтерілуінен 4 үй, 376 аула аумағын су басты. Жергілікті маңызы бар төрт көпірді су шайып кетті. 8 бас ірі қара және ұсақ мал шығыны болды. Аудан орталығы Ленгір қаласындағы 20 аула су астында қалды. №5 кәсіби техникалық колледж базасында зардап шеккен Сұлтанрабат ауылының 150 тұрғынына эвакуациялық пункт ұйымдастырылды. Ол жерге 70 адам жайғастырылды. Оның 32-сі балалар. Тағы 80 адам жақын маңдағы туыстарының үйіне орналасты. Қосымша Көксәйек елді мекенінде орналасқан №9 көпсалалы колледжінде 150 адамға арналған эвакуациялық пункт дайындалды»,- деді Сәкен Қалқаманов.
Облыстық ТЖД мәліметінше, Қазығұрт ауданында 6 үйдің ауласы мен Қаржан ауылындағы «Семби» емханасының аумағын су басқан. С. Рахымов ауылдық округінің тұрындарын эвакуациялауға төтенше жағдай қызметкерлері жұмылдырылып, Көкібел ауылынан 133 адам эвакуацияланған. Ауыл тұрғындары туыстарының үйлеріне жайғастырылған. Қазіргі таңда су басқан аймақтардағы арықтарды тазалау жұмыстарды жүргізілуде.
«Бәйдібек ауданындағы Ақбастау ауылдық округіне қарасты Тұрақты каналынан тасыған су 3 елді мекендегі 13 үйдің ауласын басып қалды. Су деңгейі 20 см-ге дейін көтерілген. Төтенше жадай қызметкерлерінің көмегімен Тұрақты ауылынан 55 адам Ақбастау ауылындағы Ш.Уәлиханов орта мектебіндегі эвакуациялық пунктке орналастырылды. Оның ішінде 18-і жас балалар. Облыстық ТЖД жанынан жергілікті атқарушы органдар мен полиция қызметкерлерінен құралған жедел штаб құрылды. Су тасқыны зардабын жоюға 612 маман мен 84 техника 47 мотопомпа тартылды»,- деді Сәкен Қалқаманов.