Петропавлда жоғалған екі бала аман-есен табылып, ата-анасына тапсырылды.
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 13 мамыр күні кешқұрым полицияға 17 жастағы жасөспірім мен оның бастауыш сыныпта оқитын жиен інісінің жоғалғаны туралы хабар түскен. Бұл туралы хабарлама бірден әлеуметтік желілерде жарияланып, бағыт-бағдар Петропавл қалалық Полиция басқармасының барлық жеке құрамына таратылды. Іздестіру іс-шараларына 14 автопатрульмен 90 астам полиция қызметкері, 20 астам ерікті, қалалық білім беру бөлімінің, мектеп әкімшілігінің, әлеуметтік-психологиялық қызметтің өкілдері қатысты. Балалар жүруі мүмкін «Береке» ықшам ауданы мен Жұмысшы кенті, вокзал маңы, мәдениет және демалыс саябағы, Жеңіс саябағы, орман алқаптары, саяжай қоғамдастықтары тексерілді.
14 мамыр күні таңертең саяжай қоғамдастықтарының бірінің күзетшісі қараусыз қалған учаскеде кәмелетке толмағандарды көргені жайлы айтып, полиция қызметкеріне хабарласты. Таңғы сағат 6.00-да іздестіру тобы шығып, қараусыз қалған үйлердің бірінен екі баланы тапты.
Балалардың айтуынша, олар суға шомылмақ болып үйден шыққан. Бірақ найзағай ойнап, жауын жауып кеткендіктен бос тұрған үйге түнемек болыпты. Полицейлер табылған балаларды ата-аналарына табыс етті. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.
«Ата-аналар жасөспірімдердің жауапсыздығынан балаларының жоғалғаны туралы өтінішпен полицияға жүгініп жатады. Көп жағдайда балаларды кезекші тәулікте іздеп табамыз. Көбіне олар таныс-достарымен уақыт өткізіп, ол жайлы жақындарына хабарласпайды», - дейді Петропавл қалалық ПБ ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы Эльмира Абушева.