Коронавирус індетіне байланысты халықаралық теннис турнирлері шілде айында да өтпейтін болды.
Кәсіпқой теннисшілер қауымдастығы (ATP) 31 шілдеге дейін ешқандай жарыстың болмайтынын мәлімдеді.
Бұл – ерлер арасында ATP ғана емес, ITF өткізетін челленджер және басқа турнирлер болмайды деген сөз.
Былайша айтқанда, Гамбург, Бастад, Ньюпорт, Лос-Кабос, Гштаад, Умаг, Атланта және Китцбюэл додалары бұрын жоспарланған мерзімінде өтпейді.
АТР басшысы Андреа Гауденци теннисшілер мен көрермендердің денсаулығы ең басты басымдық екенін айта отырып, індеттің беті қайтқан жағдайда жарыстарды өткізудің барлық мүмкіндіктерін қарастыратынын жеткізді.
Ал 1 тамыздан бастап көзделген турнирлердің тағдыры маусым айының ортасында шешіледі.
Сонымен қатар Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) да шілде айында жоспарланған Бостад (Швеция), Лозанна (Швейцария), Бухарест (Румыния) және Юрмала (Латвия) жарыстарының өтпейтіндігін жариялады.
Өткен жылы дәл осы Бухарест турнирінде қазақстандық, қазір әлемдік рейтингте 17-орында тұрған Елена Рыбакина жеңімпаз атанып, өз спорттық жолындағы алғашқы ірі табысына қол жеткізген еді.
Биыл сондай-ақ Карлсруэ (Германия) мен Палермо (Италия) додаларын өткізу мерзімі туралы шешім маусым айында қабылданады. Жарыстар күнтізбесіне басқа да өзгерістер енгізілуі ықтимал.
Бұдан бұрын наурыз айында жарыстар маусымға дейін шегерілген еді. Содан кейін ATP мен WTA барлық турнирлерді 13 шілдеге дейін тоқтату туралы бірлескен шешім қабылдаған болатын.