Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Төлеби ауданында тасқын судан зардап шеккен тұрғындар орналасқан №8 колледжге барып, көпшіліктің жағдайымен танысты.
Қазіргі кезде селден эвакуацияланған 77 азамат Ленгер қаласындағы №8 колледж ғимаратына уақытша орналастырылған. Тұрғындарға қажетті заттар дер кезінде жеткізіліп, медицина мамандары тәулік бойы қызмет көрсетуде. Сондай-ақ олар оқу орнының асханасынан үш мезгіл тамақтануда.
– Партия тарапынан қандай да көмек болса, бірінші кезекте сіздерге көрсетіледі. Сондықтан табиғат апатынан зардап шеккен ағайындарды сабырға шақырамыз. Жетекші партияның облыстық филиалы аудан әкімдігі, жергілікті мәслихат депутаттарымен бірлесіп, бұл қиындықтан шығу үшін жұмыс істеп жатыр, – деді Б.Тәжібаев.
Сондай-ақ Бейсенбай Дәулетұлы Nur Otan партиясының Төлеби аудандық филиалының төтенше жағдай кезіндегі жұмысын бақылады. Бүгінде аудандық филиал өңірдегі кәсіпкер азаматтарды жұмылдырып, төлебиліктерге барынша көмектесіп жатыр. Атап айтқанда, аудандық спорт кешенінде партия бастамасымен апаттан зардап шеккен отбасыларға азық-түлік, тұрмыстық тұтыну бұйымдары үлестірілді.
Соңғы ақпарат бойынша, Төлеби ауданындағы өзендердің су деңгейінің көтерілуінен 6 елді мекендегі 260 тұрғын үйдің ауласына су кірген. Бүгінде тұрғындардың барлығы қауіпсіз аумаққа көшірілді.