«Бұл аймақтағы эпидемиологиялық ахуалға байланысты 31 мамырға жасалған пессимистік болжам» деп хабарлайды Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі шұғыл штаб өкілдері.
Атырау облысының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті аймақтағы эпидемиологиялық ахуалға байланысты бірнеше даму сценарийіне дайындық жоспарын жасақтаған.
Облыс халқы оқшаулау режимін сақтаған жағдайда, мамырдың аяғына дейін облыста коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 800 адамнан аспауы мүмкін.
«Карантиндік режим бұзылған жағдайда, қатерлі инфекцияға шалдыққандар саны 31 мамырға қарай 2 мың адамнан асуы мүмкін. Сол себепті, біздер шектеу шараларын біртіндеп, кезең-кезеңмен алып отыруға мәжбүрміз» деп нақтылады Атырау облысының бас мемлекеттік санитар дәрігері Темірбек Мусағалиев.
Атырау облысының Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің пікірінше, Атырауда қауіпті індеттің кеңінен таралып кетуінің алдын алу – тұрғындардың оқшаулану шараларын қатаң сақтауының және қызметіне рұқсат берілген мекемелердің санитарлық талаптарды бұлжытпай орындауының нәтижесінде мүмкін болып отыр. Осы жағдай сақталса, індет жұқтыру жағдайы бәсеңдеуі сөзсіз екенін тұрғындар ескеруі шартты.
Қазір Атырауда індет жұқтырғандар саны 541, ал 165 науқас емделіп шықты.
Облыста індеттің өршу ошағы болып Теңіз кеніші анықталып отыр.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
Атырау облысы.