Қарағанды облысында Бұқар Жырау ауданының орталығы Ботақара кентінде 18 мамырдан бастап шектеу шаралары күшейтілді. Ауданда 10 адам COVID-19 дертін жұқтырған.
Кентте жеке көлік қозғалысына толықтай тыйым салынды, қоғамдық орындарда жұмыстар тоқтатылды.
– Қарағанды облысының Бұқар Жырау ауданында сырқаттану көрсеткіші артты, апта сайынғы өсім 66% құрайды. Эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып және КВИ таралуының алдын алу мақсатында Ботақара кентінде карантин режимін күшейту туралы шешім қабылданды, – деп хабарлады тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат Асқаров.
Ботақара тұрғындарына кент бойынша жүруге тыйым салынды. Арнайы және медициналық қызметтердің, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік ұйымдардың көлігінен басқа жеке көліктерге тыйым салынды. Қоғамдық көлік қозғалысы да тоқтатылды. Сондай-ақ Ботақара кентіне блок бекеттер орнатылды.
Қызметі рұқсат етілген кәсіпорындар санитарлық-дезинфекциялық шараларды күшейте отырып жұмыс істейді. Қызметкерлердің денсаулығына ұйымның басшысы жауапты. Ботақара кентінде КВИ 10 жағдайы тіркелген, олармен байланыста болған 205 адам анықталыпты. Оның ішінде 77 адам жұқтырғандармен жақын қарым-қатынаста болған.
Ләззат Қожахметова,
Қарағанды облысы