Әрине қазіргі заманғы агротехнологияларды жеңіл және жылдам енгізетін ірі және орта шаруашылықтардың өндірісін қарқынды дамыту да маңызды. Бірақ бізде бүгінгі таңдағы шынайы жағдай мынадай: мал шаруашылығы өнімінің 70 пайызы және өсімдік шаруашылығы өнімінің 30 пайызы жеке шаруашылықтарда өндіріледі. Сондықтан біз жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалана аламыз және пайдалануға тиіспіз.Айта кету керек, АӨК-дегі кооперативтік қозғалысты дамыту, әсіресе жеке қосалқы шаруашылықтардың кооперациясы мәселесі бұрыннан көтерілуде. Оларды нақты тәжірибеге енгізуге бірнеше рет әрекет жасалғанын да мойындау керек. Өкінішке қарай бұл қадамдардың барлығы осы уақытқа дейін қалағанымыздай нәтижелерге жеткізілмеді. Мұның себебі неде? С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ғалымдары жүргізген талдаулар көрсеткендей, үстірт, шалағай көзқарас, жергілікті жерлердегі нақты жағдайдан бейхабарлық, орын алған мәселелерді шешуге кешенді тәсілдің жоқтығы – олардың негізгі кемшіліктері болды. Нәтижесінде, мұндай олқылықтар кооперация идеясының беделін түсірді. Осыдан кейін ауылдықтардың бірлескен қызмет түріне деген сенімсіздігі қалыптасты. Мысалы, мал шаруашылығымен айналысатын жеке қосалқы шаруашылықтардың кооперациясын алайық. Барлығыңыздың есіңізде, бізде үлкен қаржы жұмсалып, сүт кооперативтерін құру есебінен және шағын сүт қабылдау пункттерімен қамтамасыз ете отырып, сүт өндіру көлемін бірден ұлғайтып, оның сапасын арттыру көзделген еді. Алайда бүгінде мұнда қордаланған мәселелер баршылық. Шағын сүт қабылдау пункттерінің және сүт блоктарының негізгі бөлігі тоқтап қалды немесе толық жұмыс істемейді. ЖҚШ-да сүт өндірудің көлемін күрт өсіруге қол жеткізе алмадық, ал сүт сапасы белгіленген стандарттарға сәйкес келмейтін деңгейде қалып қойды.
Бұл жерде бірінші кезекте жем-шөптік база проблемасын шешіп алмай, жұмысты сүтті суыту мен өткізу мәселесінен бастағаннан қателік орын алды. Халық даналығында: «Сүт – сиырдың тоқтығында» деп бекер айтылмаса керек.Бүгінгі таңда ЖҚШ жазғы кезеңде жайылымдардың жетіспеушілігінен зардап шегіп отыр. Қоғамдық табынды жаю үшін бөлінген ауылдық елді мекендердің жерлері, негізінен, шамадан тыс пайдалану салдарынан қалпына келтіруге келмейтіндей жағдайға жетіп, азып-тозған. Ал малды қорада ұстау кезеңінде жем-шөпті дайындау мәселесі әлі де қиын. Көптеген елді мекендерде шабындық алқаптарының болмауына байланысты мал иелері шөпті нарықтық бағамен сатып алуға мәжбүр болады. Әрине, бұл олардың қызметін тиімсіз етеді. Келесі мәселе – өнім сапасына ғана емес, оның өзіндік құнына тікелей әсер ететін заманауи технологияларды ЖҚШ-ға енгізу мүмкіндігінің жоқтығы. Сонымен қатар, өнімді өткізу мәселесі де бар. Сондықтан, ЖҚШ-ны кооперациялау аталған сұрақтарды кешенді шешуге бағытталуы тиіс. Тек сонда ғана ауыл тұрғындары кооперацияның артықшылығы мен тиімділігін сезінеді. Дәл осындай нақты жағдайларды ескере отырып, біздің университет ғалымдары «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қаржылай қолдауымен, «Ақмола облысы Ақкөл ауданы мен Степногорск қаласының жекелеген ауылдық округтері үлгісінде оларды кооперациялау негізінде жеке қосалқы шаруашылықтардың кірістілігін арттыру» атты пилоттық жоба әзірледі. Аталған жоба кооперация аясында ЖҚШ-ның қазіргі проблемаларын шешуді кешенді қарауымен маңызды. Алайда бұл міндетті жаңадан құрылған кооператив бірден іс жүзінде шеше алмайды. Біріншіден, барлық жерде жергілікті атқарушы органдардың жер қорларында тұтас жер алқаптары дайын болмады, сондай-ақ жаңадан құрылған кооператив өзінің шаруашылық қызметін ыңғайлы жүргізе алатындай елді мекендерге жақын жер жоқ. Екіншіден, кадрлар дайын емес. Үшіншіден, дайын өндірістік инфрақұрылым мен техникалық парк болмады, ал олардың жаңа құрылысы мен сатып алынуы елеулі қаражатты талап етті (олардың қайтарымдылығы да жаңа кооператив үшін қиын болар еді), ал үлкен мөлшерде несие алу, тиісінше оның мүшелеріне қиындық келтіреді. Сонымен қатар мұндай несиелендіру үшін қолайлы кепіл базасының болмауы қосымша сұрақтарды туғызар еді. Ал көрсетілген мәселелердің барлығы осы уақытқа дейін ауылда кооперацияны дамытудың тежеуші ықпалдары болып отыр. [caption id="attachment_44518" align="alignnone" width="1200"] ©livejournal.com[/caption] Сондықтан біздің ғалымдарымыздың тарапынан құрылатын кооперативке қызмет көрсететін мамандандырылған құрылым құру нұсқасы таңдап алынды. Мұндай құрылымға бизнес-серіктес ретінде жер алқаптары мен материалдық-техникалық базасы жағынан жеткілікті алаңдары бар, болашақта өзі кооперативке қызмет көрсету жөніндегі мамандандырылған құрылымға ауыса алатын не оның мүшелерінің сатып алуы есебінен кооператив меншігіне өтетін орнықты шаруашылық таңдалады. Басқаша айтқанда, жаңадан құрылған кооператив бірінші күннен бастап, ұйымдастыру кезеңінсіз өз миссиясын орындау үшін, барлық қажетті материалдық-техникалық базаға ие болуы керек. Бұл – жобаның басты ерекшеліктерінің бірі. Жобаның бірінші кезеңінде жаңадан құрылған кооперативке ірі қара малды бордақылауға, кооператив мүшелерін жем-шөппен қамтамасыз етуге, жазғы кезеңде мал жаюға, мал басын тұқымдық асылдандыруға көмек көрсету көзделген. Бұл ретте қызмет көрсету құны нарықтық бағадан едәуір төмен болды және ол кооперативтің жалпы жиналысында белгіленді. Аталған жобаны жүзеге асыру 2019 жылдың қыркүйегінен «Самұрық – Қазына» ҰӘҚ-ның қаржыландыруымен басталды. Қысқа мерзім ішінде серіктес-шаруашылықтың қолында бар мал шаруашылығы қора-жайлары аз шығынмен бір мезгілде 1000 бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңына қайта жасақталды. Мамандандырылған құрылыммен кооперативке қызмет көрсету міндеттерін орындау үшін, шаруашылық-әріптеспен бірлесіп жеткілікті қуаты бар бірыңғай техникалық паркті қалыптастыру мақсатында жем-шөп дайындау техникасы мен жабдықтарының бір бөлігі сатып алынды. Сонымен қатар осы жобамен қамтылған Ақмола облысы Ақкөл ауданының 13 елді мекені тұрғындарының арасында үлкен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл ретте түсіндірулер әрбір ЖҚШ-мен жеке жүргізілді. Нәтижесінде, жыл соңына қарамастан, ЖҚШ басы сатылып немесе бөлініп қойылса да, кооператив мүшелері бордақылау алаңына 150 бас бұқаларды, ал жайылымдық маусым басталғанда, 200 бас сиыр мен бұзауларды жазғы жайылымға шығара алды. Қысқы кезеңде кооператив мүшелеріне қызмет көрсететін құрылым және шаруашылық-серіктеспен ЖҚШ-ға 50 тоннаға жуық мал азығы және 150 тоннадан астам шөп нарықтық бағадан 2 есе төмен бағамен сатылды. Бордақылау технологиясын қолдану нәтижесінде бұқаларды бордақылаудан олардың иелері әрбір бастан 35-40%-ға таза пайда алғанын көрсетті. Нәтижесінде, ауыл тұрғындарының кооперацияның осындай түріне деген сенімі күрт өсті. Осындай бірлескен қызмет түрінің пайдалылығын көріп, олар бүгінгі күні жобаның екінші кезеңін бастау туралы өтініш білдіріп отыр. Келесі жобада сиырларды жыл бойы қорада бағу арқылы кооперативтік сүт-тауар фермасын құру көзделген. Кооперативтің мұндай үлгісі Израильде кең таралған, онда мүлік кооперативтік меншікте, ал мал кооперативтің әрбір мүшесінің меншігінде болады. Қазіргі уақытта аталған екінші жобаның техника-экономикалық негіздемесі және бизнес-жоспары әзірленуде. Оны жүзеге асыру бірқатар экономикалық, әлеуметтік және экологиялық мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, жем-шөп базасы мәселесі толығымен шешіледі және сауын малының сүт өндірісі қазіргі заманғы технологиялармен қамтылатын болады, бұл оның сапасын күрт арттыруға мүмкіндік береді. Екіншіден, еркін шағылыстырудан жасанды ұрықтандыруға көшу мал басын тұқымдық асылдандыру бағытындағы жұмыс сапасын бірнеше рет жақсартады. Үшіншіден, мал иелері малды күтіп-бағудағы күнделікті тынымсыз еңбекті қажет ететін жұмыстардан құтылады және бұл ауылда қалыптасқан өмір салтын түбегейлі өзгертуге ғана емес, сондай-ақ, ауылдардың санитарлық жағдайын жақсартуға да жол ашады. Бұл өз кезегінде ауылдық жерлерде өмір сүрудің тартымдылығын арттырады. Төртіншіден, малды елді мекендерден тыс жерге кезең-кезеңмен шығаруға, ауылдық жерлерде тұру үшін қолайлы жағдай жасауға және қазақстандық ауылдардың келбетін жақсартуға мүмкіндік ашылады, ауылдық елді мекендердің айналасындағы жерлерге түсетін күш күрт төмендейді және бұл жалпы экологиялық жағдайдың жақсаруына алып келеді. Ең бастысы, ЖҚШ-ның табыстылығы және тиісінше ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейі артады. Және бұған қазіргідей ауыл тұрғындарының тынымсыз қара жұмысы есебінен емес, жеке қосалқы шаруашылықтарға заманауи ғылыми-технологияларды енгізу арқылы қол жеткізіледі.
Кооперацияның бұл тәжірибесі Мемлекет басшысының ауылдық кооперацияны дамыту және ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыру бойынша қойған міндеттерін іске асыру кезінде пайдалы болуы және пайдаланылуы мүмкін деп ойлаймыз. Әсіресе, бұл ауылдардағы кооперацияны дамыту бойынша ел Президенті айтқан «фермадан сөреге дейін» пилоттық жобасына қатысты.Өйткені, жергілікті жерлердегі нақты жағдайды ескере отырып құрылған өміршең кооперативтерсіз «фермадан сөреге дейінгі» тізбекті құру мүмкін емес. Егер қазіргі уақытта ішкі нарықтағы мал шаруашылығы өнімінің 67% ЖҚШ үлесіне тиетінін ескерсек, онда біз жоғарыда аталған кооперативтер түріндегі осы тізбектің мықты бастапқы буынын қалыптастыруға тиіспіз. Онсыз соңғы уақытта құрылысы көп айтылып жатқан көтерме азық-түлік базарлары мен көтерме-тарату орталықтары импорттық өнімдерге толады. Сондықтан, ауылдық кооперацияны дамыту жедел қарқынмен және осындай базарлар желісін құрудың алдында болуы тиіс. Кооперацияны дамыту мемлекеттік қолдау шараларын қажет ететіні түсінікті. Бүкіл әлемде кооперативтік қозғалыс көптеген жеңілдіктер мен тікелей мемлекеттік қолдауды пайдаланады. Ал бізде осы уақытқа дейін кооперативтерге мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуге мүмкіндік беретін заңнамалық база жоқ екенін мойындау керек. Тіпті, ЖҚШ қызметін реттейтін заңнамалық база да жоқ. Сондықтан дамыған елдердің тәжірибесін пайдалана отырып және табысты отандық тәжірибеге сүйеніп, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, бізге ЖҚШ қызметіндегі әлеуетті барынша ашу қажет. Бұл ауыл шаруашылығын дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ғана емес, бұл – уақыт талабы.
Ақылбек Күрішбаев, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры.